«Бұтақтарым – биікте, тамырларым – тереңде…»

0 219

Ақын өлеңге айналса, онда өлең мәңгіліктің сөзіне айналады. Мәңгілік сөздің «жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай». Мәңгіліктің сөзі – түсінбегенге – жұмбақ, түсінгенге – асыл. Бәз біреулердің Жұмекенді жұмбақтай беретіні содан болса керек… Жұмекенді «жұмбақ» деп өзімізді ақтаған түріміз. Әйтпесе…

 «Кейде шыңның  асқақтығын жасырдық…»

Жазушы Ғаббас Қабышұлы «Арамыздан асығыс аттанғандар» атты эссесінде ақынды былай су­рет­тейді: «…Жұмекен өлеңін алды­ңа тастап қойып, папирусін дембіл-дембіл терең сорып, қою көк түтін­нің арасынан көзін сығырайта, жү­зінде болмашы күлкінің, әлде мыс­қыл­дың ұшқыны сезіліп, үнсіз, ұзақ қа­рай­тын еді. Ақын бақиға аттан­ғалы ара­мыз­да ор­наған сол тұман әлі сейілмеген тәріз­ді бола­ды да тұрады». Расымен, бұл – кө­­кей­­­дегі сауал. Жұмекенді «қазақ поэзия­­сына тереңдік әкелді» деп, қан­­­ша дә­ріп­­тесек те, ақын­дық һәм ада­ми болмысын буалдыр ойлардан аршып ап, терең түсіне алдық па?.. Ауыр болса да, жоқ. Түсіне алмаудамыз. Дең­гей төмен­деу. Оқыр­ман сана­сының кеңдігі керек. Ол әзір уақытқа тәуелді…

Француз жазушысы Ромен Рол­лан­ның «Өнердің бірінші заңы: егер айтатының болмаса, аузыңды ашпа. Егер айтатының болса, ада­лын айт, алдама» дегені бар. Нәжіме­денов – жиырмасыншы ғасырдағы Мағжан мен Сұлтанмахмұттан кейінгі интеллектуалды ақын. «Әр сөздің тасасында асылым бар» деп жыр­лады да, ақиқатын ақтарды, әділін айшықтады.

Өйтпесе,
Төбелердің көңілі үшін,
Ғасырлық,
Кейде шыңның
асқақтығын жасырдық.
Жапалақтың шыққаны үшін
тасқа ырғып,
Таққа сүйеп отырғыздық
«тақсыр» ғып.
Ал, кей күні қыран құстың қанатын
Қиып алып бір байғызға жапсырдық, –
дейді ме, жарықтық?!

Топыраққа біткен тағдыр

«Жұмекен – тереңдіктен нәр алған, биіктіктен нұр емген ақын» деген Әбіш Кекілбаев ақын жайында көп жазды, көп толғанды. Солардың бірінде «Нәжімеденов – жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық жылындағы өз мойнына алған суреткерлік міндеттемесін толық орындап, қазақ әдеби кеңістігіндегі поэзия сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты аяқ-қолы түгел, басы-көзі бүтін, қапысыз сомдалып, мұқият мүсінделген кесек еңбек тастап кеткен адам» деп ақтарылады.

«…Жұмекен Нәжімеденов деген есім – өзен, көл, таулардың географиялық, тарихи атаулары секілді рухани атауға айналып кеткен есім» (Темірхан Медетбек). Адамзаттың кіндігі әлмисақтан топыраққа байланған. Жаратқан Адам атаны сомдарда періштелеріне жер бетінен бір тамшы су мен бір уыс топырақ алдырыпты-мыс. Бұл – Құрани әпсана. Ал, өмірге Алланың өсиетін арқалап пайғамбарлардан соң, ақындар келгенін ескерсек, Жұмекен қысқа ғұмырында өзін танып үлгерді, өз жаратылысын ұғынды. Тіршілік философиясын қара өлеңге сыйдырып, табиғат бойына сіңірген тұнықтық пен мөлдірлікті ғажайып жырларымен өрді, өрнектеді.

Саған да керек топырақ,
Маған да керек топырақ,
Топырақ керек басқаға,
Тікен боп көктеу үшін де
Топырақ керек, масқара!..

Жыр жолдарының жалғасында мына тармақтар өрбиді:

…Бұтақтарым – биікте,
Тамырларым – тереңде,

Бұл – ақынның өзін-өзі тануы. Өзін-өзі тану – жалғандық пен мәңгілікті тану. Жұмырбастының фәнидегі миссиясы да сол. Ақынның миссиясы да. «Бұйырмыс» пен «жазмыш» әр кәллада бар түсінік. Сорымызды да, бағымызды да сондағы жазулардан көреміз. Айтылғанның өңін айналдыру ақында жоқ ғадет. Әйтпесе, Жұмекен «топыраққа біткен тағдырдың мықтырақ» болатынын қалай айтпақ?..

Қадыр Мырза Әлі замандасы жайында: «Өзін өмір бақи мойындап өттім. Қазір де мен үшін ең мықты ақындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов.Тіпті, лирикалық өлең жаза бастаған жастау шағымда «бұған Жұмекен қалай қарайды екен» деп ойлайтынмын» деп сыр бөліпті. Қадыр қалт айтпайды.

Теріскейге «түйе жүн шапан кигізген»

Жұмекен қара домбыраның шанағынан да ой сауды, жыр түлетті, күй қалықтатты. Құрманғазы мен Динаның рухы ақынға бала шағында-ақ қонған. Алайда, бұла талант, тұма дарыны берерін қаламына құйыпты ғой… Көңіл түкпірінде сайрап тұрған бір дүние, ақын әлем жауһарларына қазақтың «түйе жүн шапанын кигізді». Күнгей мен теріскейді ана тілінде сөйлетті. Сағди, Файыз, Ахмад, Незвал, Шевченко, Айбек, Бабажан, Хикметтерді оқытты бізге. Түріктің он төрт ақынынан бір жинақ берді. Орыс ақындарынан (Ю.Кузнецов, В.Саянов, М.Цветаева, И.Эренбург) жасаған аудармаларын 1980 жылғы «Орыс совет поэзиясының антологиясынан» табуға болады.

«Зауал» – А.Блоктың белгілі «Возмездие» поэмасының тәржімасы. Осы шығарманы аудару барысындағы өзінің психологиялық ахуалын ақын былай сипаттаған: «Мен осы күні Блоктың ішіне тереңдеп еніп кеткенім сондай, енді қайтадан өзімнің Жұмекен Нәжімеденов қалпыма келе алмай қиналып жүрген жайым бар»… Блокқа екінің бірі тісі бата бермейтінін ескеріңіз.

Ақын жарының құпиясы немесе жарияланбаған бір кітап

Томаға тұйық, момақан, ойлы күйде өмірден озған ақынның кешеге дейін үш томдық мұрасымен ғана таныс едік. Асқақ бейне үш томдықтан бәрібір бұлыңғырланып тұрғандай еді… Ағымдағы апта ішінде Астана оқырмандары Жұмекеннің жеті (!) томдығымен қауышты. «Қазығұрт» бас­па­сынан жарық көрген жинақтың шы­ғуына баспа директоры Темірғали Көп­баев, Сенат депутаттары Сәрсенбай Еңсегенов, Ғарифолла Есім сынды азаматтар жанашыр­лық танытқанын ауыз толтыра айтқан жөн.

Жұмекеннің толық шығармаларының таныстырылымы жемісті ойларға себепкер болды. «Абай», «Жамбыл», «Мұқағали» журналдары әдебиетсүйер жұрттың көз алдында. «Қасым» журналы да дауылпаз ақынның мұрасын тереңнен тартуда. Жұмекен ше? «Жұмекен» журналы неге жоқ? Ақын туған өлкеден аққан мұнай күллі қазақтың жыртығын жамап отыр. Соның бір-екі тамшысы қазақ руханиятын бір қарық қылуға артылмай қалып па?.. Немесе, Жұмекен Нәжімеденов атындағы сыйлықтың жүгін көтере алмайды ма?
Жеті томдықты қарсылаған зиялы қауым, ақынның замандастары көңілдегі салиқа­лы сөздері мен естеліктерін аямады. Жазу­шы-жур­на­лист Қуаныш Сұлтанов сол Жұме­кен­нің жиырма бір жасында жазған, кейін әнұра­ны­мызға айналған «Менің Қазақ­ста­ным­ның» тарихын әңгімеледі. Бұры­ныр­ақ­та, «Жұмекен – ешқандай сыйлыққа сый­май­тын ақын» деп, ақиқатына жүгінген «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов бұл жолы да көңілін­дегі көркем ойларын ағытты: «Мұқағалиға еліктеп шыққан ақын бар, Жұматайға, Төле­генге еліктеп, топ жарған ақын бар. Бірақ, Жұмекенге еліктеп шыққан ақын әзір жоқ. Өйткені, оның жаратылысы басқа, структурасы, жазуы, бітімі бөлек.
«…Ойым үшін сот бар ма, жаза бар ма?
Жаза болса, тап мені жазалаңдар!» дейді. Оның не ойлап отырғанын кім біліпті?.. Бұл – данышпандық!

Жұмекеннің «Күй кітабын» екінші курсымда оқыдым. «Күй кітабын» әлемдегі сирек кітаптардың қатарына жатқызуға әбден болады…» деді.

Жұмекенмен дос болған жазушылар Әкім Тарази мен Дүкенбай Досжан бірге жүрген кездерінен сыр тартты. Өмірінің әр тұсынан әңгімелер шертті. Олардың сөзі «ақынның ғұмыры енді басталдыға» саяды. Ақынның ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп отырған жары Нәсіп Мұстаққызы сөйледі. Кітапты шығарудағы қиындықтарды сөз етті. Қолғабыс еткен азаматтарға алғысын жаудырды. «Бұл жеті томмен Жұмекеннің мұрасы түгесілген жоқ. Екі-үш жылдан кейін сексен жылдығы Жұмекеннің. Мерейтойға құрқол бармайын деп, әлі еш жерге шықпаған, басылмаған, бір кітапқа сиятын біршама өлеңі мен күнделік беттерін сақтап қалдым» деп, ақынның жары бір құпиясын ашты.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 15 =