Бұрынғыдан өзгеше ҰБТ

0 39

Биыл 145 мыңнан астам талапкер сынақ тапсырды. ҰБТ алғаш рет электрондық форматта өтті. Осы жаңашылдықтың және балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету бо­йынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аймақтарда індеттің өршуіне жол берілмеді.Тестілеу қорытындысы бойынша 88 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 60 пайызын құрайды. Тестіленушілердің 57187-сі немесе 39,4 пайызы шекті балл ала алмады. Ең жоғары ұпайды (140 балл) павлодарлық талапкер жинады. 1923 талапкер 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Тестілеуді 109693 немесе 75,5 пайыз түлек қазақ тілінде, 35245 немесе 24,3 пайызы орыс тілінде тапсырды. ҰБТ орташа балы 69,08 балды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5 балға жоғары.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңашылдығы – түлектер өз нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуі. Жиналған ұпай саны экранда көрсетілді. Сонымен қатар талапкер дұрыс жауап берген сұрақтарын көрді. Тестілеу қорытындыларымен келіспеген жағдайда бұрынғыдай келесі күнді күтпей-ақ, дереу апелляцияға электрондық форматта өтініш берді.
«Электрондық форматтағы тестілеудің бірқатар артықшылығы бар. Ол тестілеуді тапсырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Түлектер ҰБТ-ны бұрынғыдай бір аптаның көлемінде емес, екі айдан астам уақыттың ішінде тапсыра алады. ҰБТ-ның жаңа форматында апелляцияға өтініш беру өте ыңғайлы. Яғни түлектердің тестілеу аяқталғаннан кейін жарты сағат ішінде жауаптармен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға беру мүмкіндігі болды. Сондай-ақ биыл калькуляторлар компьютерлерде қолжетімді. Балалар сұрақтан-сұраққа ауысып, бұрынғыдай дұрыс жауаптар шеңберлерін бояуға уақыт жоғалтпады» деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Сондай-ақ білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалды. ҰБТ-ға ерекше қажеттілігі бар 90 бала қатысты. Олар үшін аудиториялар мен жеке көмекшілер ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + nine =