Бұрынғыдан өзгерек сенбілік

0 120

Елордада биылғы сенбілік былтырғыдан өзгерек болды. Ауа райы да мамыражай мамыр айының күндерін еске салып, сенбілікке шыққан халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, Есіл ауданында «Мәңгілік ел» монументі маңынан басталған сенбіліктің шырайын сан түрлі мамандық иелері келтіре түсті. Бұл жерге ҚР Премьер-министрі кеңсесінен 100 адам, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратынан, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сенатынан, ҚР Жоғары Сотынан әрқайсысынан 100-150 адам жиналды. Бұған қоса, Конституциялық кеңестің жиырма шақты заңгері, Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кіріс басқармасы мен ҚР Заңдар институты мамандары қатарын 50 шақты мектеп оқушысы толықтырғанда әртүрлі жастағы адамдардың ортақ істегі ынтымағы жарасым тапқандай еді. Әңгіме де айтылды, әзіл-қалжыңнан да тартынбады, жұмыс та жақсы жүрді.

????????????????????????????????????

Есіл ауданы әкімдігі мен жалпы жұртшылығы сенбілікті таңертеңгі сағат тоғызда осындай ерекше ырғақпен бастады.  Аудан әкімі Сәбила Мұстафина бастаған бірқатар әкімдік қызметкерлері де сол жерден табылды. Бірден жұмысқа кіріскен осындай топ алдымен Орынбордағы «Мәңгілік ел» монументінен бастап Хусейн Бен Талал көшесіне дейін 800 түп ағаш отырғызу ісіне кірісіп кетті. Орайы келген бір сәтте аудан әкімі Сәбила Мұстафинаны сөзге тартып, сенбілік барысын әңгімелеп беруін өтінгенбіз.
– Бүгінгі сенбілікке 400-ден астам құзырлы мекеме мен ұлттық компаниялардан 20 мыңға жуық адам қатысып жатыр. Бұлардың арасында шағын және орта бизнес өкілдері мен арнаулы орта білім беретін мекемелердің оқушылары, жалпы аудан тұрғындары да бар. Осынша адам бүгін сегіз учаскеге бөлінген аудан аумағында қоқыстарды тазалау, абаттандыру, көшеттер мен ағаш отырғызу жұмыстарын атқарады. Сенбіліктегі жұмыс­тарға 120 арнайы техника, соның ішінде 90-ға жуық жүк көлігі, 30 шақты тиеуіш техника жұмылдырылды. Осы сенбілік аясында аудан көлеміне 6 мыңға жуық көшет пен ағаш отырғызу жоспарланған. Оның 1 мыңға жуығы Орынбор көшесіне, 200 түп ағаш ботаникалық баққа, 50-ге жуық ағаш Қорғалжын тас жолы бойындағы «Кастыл хаус» ТК аумағына, 30 түп «Арай» саябағына отырғызылмақ. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігі  Шығыс  Ильинкадағы әскери қалашық орналасқан тұрғын үй алабына 1200 түп ағаш  отырғызуды  жоспарлап  қойған. Бүгін аудан  көлеміндегі  балабақша, мектептерде де сенбілік жүріп жатқаны белгілі. Оларға 1400 жаңа көшет алдын ала таратылған болатын. Балабақшалар мен мектептердің айналасы, бұйыртса, бүгін жас талдармен толыға түседі. Жалпы алғанда, аудан бойынша 5 мыңға  жуық ағаш отырғызылады. Бір айта кетер жайт, аудан көлеміндегі барлық мекемелерге, шағын және орта бизнес  нысандарына, ұлттық компаниялар мен түрлі акционерлік қоғамдарға арнайы учаскелер бөлініп берілген. Олар тек сенбілік кезінде ғана емес, басқа уақыттарда да өздеріне бөлінген  аумақтарды  күтіп  ұстау,  абаттандыру, тазалығын сақтау міндеттерін одан әрі жалғастыра береді, – деді С.Сапарқызы.

????????????????????????????????????

Сол  күні  Қорғалжын  тас жолы бойындағы «Кастыл Хаус» тұрғын үй кешені аумағына актерлер, әншілер, музыканттар мен блогшылар, тележүргізушілер, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкерлері жиналған болатын. Сондықтан бұл аумақтағы сенбілікте ән мен жыр, күй мен би қатар өріліп, айналаны ғажап әсерге бөледі. Сенбілік кезінде күн шуағы да ерекше мейірімін төгіп, қызу жұмыс  үстіндегі  халыққа шапағатын молынан сыйлады.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + four =