«Бұрқасында» буырқанып, бұрсанып…

0 233

Өткен жексенбі күні Есіл өзенінде қысқы спорт түрінен өткізілетін жылдың соңғы жарысы – «Бұрқасын-2013» шаңғы фестивалі өтті. 2000 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан спорт сайысына 1900-дей салауатты өмір салтын ұстанушы қала тұрғыны қатысып, 2400-ге тарта көрермен жиналды.

Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйым­дастыратын дәстүрлі шара аясында шаңғы жарысынан, хоккейден, шағын футболдан, мұз- асты балық аулаудан, кір тасын кө­теруден, армреслингтен, белбеу күресінен, арқан тартысынан жа­рыстар өтті. Бұл жарыстарға спорт­шы балалар, ересектер, күш құ­рылымдары, арда­гер­лер, жұ­мыс ұжымдары санаттарына бө­лініп қатысты.

Шаңғы жарысы бойынша ардагер ерлер арасындағы (5км) жарыста Оперсал Аллан, әйелдер арасындағы жарыста (3км) Қази­­ха­нова Сауле 1-інші орынды ие­ленді. ҚР Ұлттық гвардия сарбаз­дары ішінен осы сында (5 км) Керімбаев Қуат бірінші кел­се, күш құрылымдары тобынан Руслан Қожаев қарсыластарын қапы қалдырды. Осы күш құры­лым­дары тобындағы қыздар арасын­да бол­ған сайыста Иманғажина Света есімді Төтен­ше жағдайлар депар­­­та­мен­тінің қыз­мет­кері топ бастады.

Сонымен қатар, 3 шақырымға созылған бұқаралық шаңғы жарысында ерлер арасынан Бекебаев Андрей және қыздар ішінен Абдуахитова Әлия озып келді. Осындай жарыс оқушылар арасында болып, 1999-2000 жылы туылған ұлдардан Зинекешов Решат, қыздардан Зуева Виолета бірінші орынға ие болды.

Шағын футболдан «Асу» командасы – 1-ші, №61 мектеп командасы – 2-ші, №58 мектеп командасы 3-ші орынды еншіледі. Ал, 16 кг кір тасын көтерген жігіттердің ішінен Асанов Ғалымжан білекті шықса, 24 кг кірді көтеріп жарысқандар ор­тасынан Чирнык Роман бас жүл­деге лайық деп табылды.

Армреслинг сайысынан 60 келі салмаққа дейінгілерден Қат­жа­нов Рауан, 60 келіден жоғарғы салмақ иелері арасынан Кәрі­баев Абзал басқаларынан басым түсті. Сондай-ақ, «Белбеу күресінен» де тартысты бәсеке болып, жастар арасынан Аяпбергенов Серікболсын және жасөс­пірімдерден Әкімжан Жасұлан ең белді палуан атанды.

Мұзасты балық аулау жарысына қатысушылар басқа спорт түрлеріне қарағанда аз болды. Бұл сыннан ең жақсы көрсеткіш көрсеткен – Фролов Сергей. Ал, хок­кейден «Столичные бойцы» командасы ешкімді шақ кел­тірмеді. Жарыстың соңғы түрі арқан тартысы бойынша «Арлан» командасы да ешбір командаға дес бермеді.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + eighteen =