«Бұрқасында» буырқанды, бусанды

0 34

Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайынғы дәстүрлі «Бұрқасын-2021» қысқы фестивалі өтті. Қала тұрғындарының көңілін көтерген спорт мерекесінде жүзден жүйріктер жеңімпаз атанды. Шаңғы жарысына 4 жасар бүлдіршін де қатысып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Жарысқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Биылғы қыстың соңғы күнінде ұйым­дастырылған фестиваль бағдарламасында спорттың 8 түрінен жарыстар өтті. Атап айтқанда, астаналықтар шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, пималы хоккей, қармен нысананы дәлдеп ату, автоспорт, мотоспорт және қысқы футбол сайыстарында бақ сынады.
«Құрметті қала тұрғындары мен спортсүйер қауым, бұл «Бұрқасын-2021» қысқы фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Көріп отыр­ғанымыздай, сайысқа кішкентай баладан аға буынға дейін қатысып жатыр. Қысқы ойындарға қатысып, белсенділік танытып жатқан спортшыларға үлкен алғыс айтамыз. Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын және спортты насихаттау. Баршаңызға тілектеспіз, сәттілік тілеймін!» деді Б.Мәкен спорт мерекесінің ашылу салтанатында.
Сонымен қатар, қысқы фестивальге қатысқан елорда тұрғындары мен спортсүйер қауымды Мәдениет және спорт министрлігінің атынан даңқты спортшы Серік Сәпиев құттықтап, шараны ұйымдастырған Нұр-­Сұлтан қаласының әкімдігіне алғыс білдірді.
Шаңғы жарысына 4 жастағы бүлдіршіннен 50 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанған жас сарбаздар мен әскери қызметшілер спорт сайыстарына түсіп, көпшілікке үлгі көрсетті.
Жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болғандар Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдары мен медальдарына ие болды. Үздік спортшыларға сыйлықтар да берілді.
Есіл өзені үстінде өткен сайыстар қала тұрғындары үшін шын мәнінде спорт мерекесіне айналғанын аңғардық.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 11 =