Бүркітбай АЯҒАН: ҚАЗАҚТЫҢ ҚОРҒАНЫШЫ – ТЕКТІЛІГІ

0 226
BUR_8314dd
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры

Үлкен сұхбаттың Ұлытауда жасалғаны кездейсоқтық емес

– Баршаға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев толғағы жеткен біраз мәселе бойынша өз ойын Ұлытаудағы сұхбатында айтты. Бұл жолғы әңгіме қасаң қағидаттар аясында болған жоқ. Елбасы кең отырып, кең толғанып, біраздан бері ой сарасынан өткізіп, өзінің түйгендерін жариялады. Осы әңгіме неге дәл Ұлытаудағы сұхбатта айтылды? Сұхбаттың Ұлытауда өтуінде қандай да бір мән бар ма?

– Кез келген халықтың өзінің бір қастерлі мекені болады. Әрине, мынау кең-байтақ жеріміздің барлық нүктесі, ондағы әр тамшы су, әр түп ағаш, әр тау мен қырат, тіпті, әрбір түйіршік тасқа дейін әр қазақ үшін қастерлі, солай болуға тиіс. Десек те, әлдебір жағдайлардың символына айналған қасиетті нәрселер болады. Сол секілді Ұлытау да – қазақтың бірлігіне ұйытқы болған, талай ірі қадамдарының бастауына айналған, талай тарихи уақиғаларға куә болған, тарихи сана жаңғырып, сақталған жері деп есептеймін. Расында да, Ұлытаудың қазақ тарихында алар орны ерекше. Жау жағаға қол салғанда табан тіреген тұсымыз – осы мекен. Ел басына күн туғанда арқа сүйеп, қонақтап, ұлы мұрат жолында қомданғандағы қонысымыз да осы жер.

Ұлытау қойнауы қазынаға толы. Бұл еліміздің дәл орталығы деуге болады. Бұл жер ежелгі заманнан бүгінге дейінгі қызу тіршілік, өнегелі өнері мен өрелі өркениеттің орталығы болып табылады.

Ұлытау – көшпелі халықтың тарихи Отаны болып қалыптасқан мекен. Қазақ этносын құраған, кейіннен Жошы ұлысының, Алтын Орданың, Қазақ хандығының негізін қалаған ежелгі ру-тайпалардың қасиеттісі, тарихи уақиғалардың орталығы. Осы тауларда Алаша хан мен Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханға арналған кесенелер бой түзейді. Тарихтың қысылтаяң сәттерінде қазақтың игі жақсылары өздерінің стратегиялық жоспарларын айқындау үшін осы қасиетті өңірге жиналып, кеңесіп отырғаны мәлім. Сондықтан, осы өңірдегі Әулиеатаның Әулиебұлағы басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі әлемді алаңдатып отырған мәселелер жөнінде сұхбат беруі кездейсоқ емес.

– Елбасы сол Ұлытаудағы әңгімесінде «Бабаларымыздың сан ғасырларға созылған күресінің ұлы жемісі ретінде Алла тағала бізге тәуелсіздігімізді нәсіп етті. Бар тарихымызды түгендеп, оны жастарымыздың санасына сіңіре білгенде ғана іргесі мығым, мақсат-мүддесі айқын, қуатты елге айналамыз» деді. Ендеше, осы қуатты, іргелі елге айналу жолында қазірге дейін не істедік? Тарихымызды жастардың санасына  қаншалықты сіңіре алдық?

– Біз ең алдымен өзімізді іздедік. Былайша айтқанда, барымызды түгендеп, жоғымызды іздеуге кірістік. Әуелі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Елбасымыз үлкен көрегендік танытып, Тарих жылын жариялады. Тарихқа қатысты ауызша және жазба деректерді жинақтау, жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткерлерінің есімін ұлықтау сынды шаруалар жаппай қолға алынды.

Осы жерде сәл шегініс жасағым келіп отыр. Біз мына жағдайды түсінуіміз керек. Кезінде Түркі қағанаты, Алтын орда, Қазақ хандығы секілді ұлы мемлекеттерді құрған халық, өкінішке қарай, осыдан үш жүз жыл бұрын Ресей империясының отары болды да, біз алдыңғы жолдан, алдыңғы рухымыздан, алдыңғы өмір сүру дәстүрімізден айырылып қалдық. Оның себебі түсінікті. Көп жағдайда отар елдер тарих сахнасынан жойылып кетеді. Мысалды өз төңірегімізден алсақ, Ресей империясы құрамына кірген ноғай мемлекеті қазір жоқ. Халықтың аты бар, бірақ, өкінішке қарай, мемлекеті жоқ. Кезінде Мәскеуге салық төлетіп, төрлеп отырған Қазан хандығы да сол секілді. Ол да қазір Ресейдің бір  губерниясы ғана болып келе жатыр. Бірақ біздің бағымызға қарай, қазақ халқы кеңестік дәуірде қаншама теперіш көріп, қанша рет қолдан жасалған саясаттың салдарынан қырғынға ұшыраса да, өзінің ұлттық болмысын, ұлттық санасын сақтап қалды. Қазақ ел, мемлекет ретіндегі өзіне тән қасиеттерінен айырылмай келді. Жалпы, отар болудың ең қиын жері азаттық алғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы отаршылдардың қол астында болған ел бірден тәуелсіз санаға қол жеткізе алмайды. Отарлық санадан біраз уақытқа дейін арыла алмайды. «Колониялық комплекс» дейді оны.

– Бізде де соның көрінісі бар ғой?

– Иә. Мысалы, өз тілімізді менсінбеу, кейбір ұлттық қасиеттерімізді бағаламай, кемсіту, тіпті, ұлтымызға тән артықшылықтардың өзін кемшілікке, дертке балау сияқты мінез байқалып қалатыны жасырын емес. Сол әдет біздің тарихымызға да тән. Осы уақытқа дейін біздің тарихымызды, мысалы, шетелдік ғалымдар жазып келді. Арасында, әрине, Ключевский, Карамзин, Соловьев сынды орыс тарихшылары болды… Кейінірек Анна Панкратова деген тамаша ресейлік ғалым бой көрсетті. Соның көмегімен Ілияс Омаров, Ермұхан Бекмаханов секілді қазақ ғалымдары шықты. 1949 жылы-ақ олар Қазақстан тарихын шығарып қойған. Бірақ, ол өртелді. Ал тарихты жазған Ермұхан Бекмаханов сотталды. Айтайын дегенім, басқа елдің концепциясымен, басқа елдің көзқарасымен жазылған тарих шын тарих бола бермейді. Сол себепті тарихымызды қайта жаңғыртып, жүйелеп жазу үшін қазір ғалымдар жақсы жұмыс істеуде. Тарих және этнология институтының көмегімен Қазақстан тарихының он томдығы жазылып жатыр. Бұған қоса, біздің Мемлекет тарихы институты маңайында да көп жұмыс  атқарылуда. Көптеген кітаптар шығып жатыр. Бұл – бір бағыты ғана. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының ұсынысымен іске асқан «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан тарихына арналған қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде веб-порталы ашылды.  «Мәңгілік ел» журналы мен электрондық журнал жарық көрді.

 

Әуесқой тарихшыларға үрке қарамауымыз керек

– Қазақ тарихына қатысты  құнды деректердің сырт елдерден табылып жатқаны мәлім. Бұл мақсатты жұмыстардың нәтижесі ме?

– Ұзақ жылдар бойы халықтың интеллектуалдық байлығына тыйым салынбаса да, ол цензураға байланып келгенін айттық қой. Тәуелсіздік алғаннан соң ғана тарихшы-ғалымдар толыққанды жұмыс істеуге, ізденуге мүмкіндік алды. Өзіңіз айтқандай, шет елдердің мұрағаттарын ақтарып, іздеу, зерттеу жұмыстары жүргізілді.

– Атап айтқанда, қай елдердің?

–  Мен соңғы бір-екі жылды ғана айтатын болсам, мысалы, «Халық – тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарлама аясында 2013 жылдың өзінде 23 ғалым шетел мұрағаттарына барды. Атап айтсақ: Қытай, Иран, Египет, Моңғолия, Ресей елдерінің. Сонымен қатар, Ұлыбританияның, Франция мен Голландияның ең ірі мұрағаттарында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ғалымдардың ізденіс жұмыстары 2014 жылы да жүргізілді және келесі жылдары да жалғасын тапқалы отыр.

– Ғалым, антрополог Оразақ Смағұл қазақтың төрт мың жылдан аса тарихы барын ғылыми тұрғыда дәлелдеп үлгерді. Алайда, бұл тарих әлі тізбектеліп, өз жүйесімен жазылған жоқ.

– Өте дұрыс айтып отырсыз. Оразақ Смағұл – қазақ тарихының әріден басталатынын ғылыми негізде дәлелдеп, тарих ғылымына көп еңбек сіңіріп келе жатқан кісі. Ол өзі кеңестік дәуірде қуғыншылық көрген, одан кейін Колбиннің тұсында, яғни, қайта құру кезінде де қысым көрген адам. Себебі, антропологиялық тұрғыдан ұлт тарихын зерттеуге кірісті. Сол еңбегінің арқасында қазақтың Х-ХІ ғасырдың өзінде ұлт болып қалыптасып қалғанын дәлелдеп шықты. Яғни, қазақ халық, ұлт ретінде моңғол шапқыншылығына дейін, Алтын ордаға дейін қалыптасып үлгерген. Қазақтың сұлбасы бір, монотипті ұлт. Тіпті, түркі халықтарының ішінде де қазақ өзінің бет-әлпетімен өзгешеленеді. Одан кейін тілі де бір. Жалпы, қазақ – бір типті халық. Тілі де, түрі де бір. Міне, осы жағын Оразақ Смағұл мен оның ізін қуған ғалымдар антропологияның арқасында мойындатып келе жатыр.

– Жалпы, ұлт тарихын зерттегені үшін Оразақ Смағұлдың қуғындалғанын айтып отырсыз. «Өткені жоқ, санасыз, айдағанға жүріп, шақырғанға ере беретін» елді билеу отаршыл билік үшін қашан да тиімді. Десек те, қазір тарихты білуге ұмтылыс басым. Сондықтан, қазақ тарихын жазуға әуесқой тарихшылар да бас қойып жатыр. Олардан зиян бар ма? Тарихты кім жазуы керек? Тарихшылар алдында қандай принцип болуы қажет?

– Бұл сұрақ та бүгінде өзекті болып отырғаны рас. Айтылып жүрген пікірлер де әртүрлі.

– Сіздің ойыңыз қалай?

– Менің ойымша, біз әуесқой тарихшыларға үрке қарамауымыз керек. Олардың тауып отырған жаңалықтары маманданған тарихшылардыкінен кем болған емес. Мысалы, қараңыз, Шоқан Уәлиханов маманданған тарихшы болды ма? Болған жоқ. Бірақ оның тарихқа сіңірген еңбегін кім жоққа шығара алады? Әлкей Марғұлан маманданған тарихшы ма еді? Ол әдебиет, филология жағын оқыды емес пе?! Алайда, археология саласынан көп жаңалық ашып, мол еңбек сіңіріп кетті. Сол секілді Лев Гумилев те мамандығы бойынша тарихшы емес еді. Демек, маманданған тарихшы болмаса да, тарихи тың деректерді ашуға, осы саланы дамытуға өз үлесін қосатын азаматтар болады. Ондайлар қазір де бар. Мысалы, Болатбек Нәсенов деген ақсақал өз қаражатымен Омбы, Орынбор мұрағаттарына барып, еліміздің тарих ғылымына құнды материалдар әкеліп, қосып жатыр. Анатолий Оловинцов деген азамат бар, ол да тарих саласына белсене араласып, кітаптарын шығарып жүр. Мен, мысалы, сол кісінің еңбектерін бағалаймын. Айталық, бұрынғы Алтын орданың тілі түрік тілі екенін, қыпшақ тілі болғанын дәлелдеп отыр. Демек, кәсіпқой тарихшы, әуесқой тарихшы деп бөлмей, жүйелі зерттей білгендерді іріктеп алуымыз керек.

Бұл тұста маған ұнамайтын бір ғана нәрсе бар: өз аталарынан батыр сомдап, би жасап, тар аядағы ойларымен тарихқа қиянат жасауға ұмтылатындар болады. Оларға біз қарсы тұруымыз керек.

– Ал осындай жалған ақпарды тарих деп таңатын қаламгерлердің кітаптарына қалай тосқауыл қоюға болады?

– Өкініштісі, тосқауыл қоя алмаймыз. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша, бізде цензура жоқ. Десек те, тарихи шындық жазылған кітап пен жалған тарих жазылған кітапты оқырман, қоғам болып өзіміз саралай білуіміз қажет. Біртіндеп сондай жағдайға да жетеміз деп ойлаймын. Әзірге бұл мәселе тек қана баспагерлер мен кітап авторының, сондай-ақ, кітапқа алғысөз, пікір жазып беріп жүрген ғалымдардың ар-ұятына қалдырамыз.

Ал жақсы ғалымдар батасын берген  кітаптардан, мейлі ол әуесқой тарихшының шығармасы болса да, біз қорықпауымыз керек. Оның ішінде де назар аударуға тұрарлық бір құнды дерек жүруі мүмкін.

 

Жоңғарларды жау қылып көрсете беруді доғару керек

– Қойшығара Салғарин ағамыздың «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс» атты кітабы жарық көрген. Бірақ, осы кітап туралы ешкім  рецензия жазып, пікір білдірмегені жазушы-ғалымды алаңдатқан еді… Расында, осындай дүниелер жарық көріп жатқанда біз неге үнсіз қаламыз?

– Қойшығара ағамыз – білікті тарихшы, тиянақты еңбектері нәтижесінде өз бағасын алып қойған тұлға. Ол кісінің жазған кітаптарын өте жоғары бағалаймын. Оларды оқуымыз керек. Қажет кезде айта жүру – парыз. Бірақ дәрігерлердің стамотолог, хирург, кардиолог болып бөлінетіні секілді, тарихшылар да сала-сала бойынша бөлінеді. Әрбір топтың өз саласы, өз тақырыбы бар. Мысалы, біз қызмет ететін Мемлекет тарихы институты ХІХ-ХХ ғасырлар тарихымен айналысады. Сондықтан орта ғасырлар тарихын жазып жүрген Қойшығара Салғариннің еңбектерін жиі талқылап, баға беруге біздің біліміміз жетіспеуі мүмкін. Ал, Алматыдағы шығыстану, археология институттарының Қойшекең еңбегін талдауға хақысы бар. Жалпы, мойындайтын бір нәрсе: бізде Қойшығара Салғариннің деңгейіндегі мамандар аз.

– Десек те, біздегі тарихшылардың бас қосып тұратын ұйымдары бар ма?

– Бар. «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» мен «Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі» бар. Бұл екі ұйым бірігіп жиындар өткізіп тұрады. Ол жиындардан әуесқой тарихшылар да тысқары қалған емес.

– Елбасы тарихи фильмдер түсірудің патриоттық тәрбиеге ықпалдылығы жөнінде жиі айтып жүр. Алайда, біздің тарихи фильм түсіру қажет болса, жоңғарлармен арадағы қырғынды төңіректей беретініміз рас. Қазақтың жоңғарлардан өзге жауы болмаған тәрізді. Немесе қазақ тарихы тек қана қазақ-жоңғар соғысынан тұратын секілді. Тарихшы ретінде ендігі тарихи фильмдер қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Жоңғарлар мен қазақтар арасында жаугершілік заманның болғаны рас. Жайылым жерге талас, малға талас, басқа да қырғи қабақ жағдайлар өткен. Екі жақтан – Шығыстан Жоңғар (сол жақ) ұлысының негізін құраған ойрат-қалмақтар, Батыстан Еділ қалмақтары (торғауыттар) үздіксіз шабуылдап, өкпеден қысқан заманда қазақтың үлкен шығынға ұшырағаны мәлім. Бірақ жоңғар мемлекеті ХVІІІ ғасырда жойылып кеткен. Нақтылап айтсақ, 1757 жылы қытай әскері шабуылдап, сол жылдың қараша айында жоңғар мемлекетін қатты күйретеді. Ал 1758 жылғы  сәуірде айында жоңғарларды түгел қырып, тарих сахнасынан мүлдем жойып жібереді. Осы тұста айта кетейін, мен «Көшпенділер» фильмінің де, «Жаужүрек мың бала» фильмінің де ғылыми кеңесшісі болғанмын. Әсіресе, соңғы «Жаужүрек мыңбала» түсірілгенде: «Болды. Қырылған, жер бетінде жоқ  жоңғарларды жау етіп көрсете бергенді тоқтату керек» дедім. Сөйтіп,  шын мәнінде, қытай әскері 1758 жылы бір миллионға жуық жоңғарды ішіндегі қаусаған қарияларымен қоса қырып тастап, біржола күйреткенін айттым. Ал біздің әлі де болса дүниеде жоқ жоңғармен соғысып жататынымыз қисынсыздық екенін жеткіздім. Шын мәнінде, біз жоңғарды ылғи ата жауымыз ретінде көрсетпей, жанашырлық танытуымыз қажет еді. Олардан Қытайдың шығысында санаулы топ қана қалды. Ал қазақтың Ресей империясына қосылуына жоңғар шапқыншылығының кесірі тиді деп жүргеніміз жалған. Тіпті, біздің Абылай ханды тұтқындап, қолында ұстағанда да жоңғарлар ханымызды өлтірмеген. Қайта босатқан кезде қалмақ қызын беріп жіберген. Бұл халық кәдімгі бірде тату, бірде қату көршіміз болған. Бір-біріне тұтқындарын беріп отырған. Қажет кезде ымыраласу үшін қыз алысып, қыз беріскен. Ал біз… өзімізді отарлап алып, соны ақтау үшін жоңғарларды жау қылып көрсетіп, жалған тарих жаздырған Ресей империясының ықпалынан әлі шыға алмай келе жатырмыз. Әлі баяғы «ойрат пен қалмақтың қыспағынан құтылу үшін Ресейдің қол астына келіп кірді» делінетін жалған тарихқа иланып, сол инерциямен келеміз. Осыны түсіндіріп, бұдан былай жоңғарлармен соғысып жататын тарихи фильмдер болса, шақырмауларын өтіндім. Осы тұста, ойлап қараңыз, қазақ елі 1850 жылы Ресей империясының отарына айналды. Ол тұста, әлемдегі алпауыт елдер отарлау саясатын жүргізіп, әлі жеткен елдерді басып алып отырған еді. Ал осы кезде бір ғасыр бұрын мемлекеті талқандалып, өздері қырылып қалған жоңғарлардың қазаққа қысым жасауы мүмкін бе еді?.. Әрине, жоқ. Отарлауды ақтау үшін бізге таңылған жалған тарих еді ол. Қытай мен Ресей өзара келісіп, 1860 жылы шекара жасасты. Сөйтіп, қазақтың жерін бөліске салды. Шығыс Түркістан солай Қытайдың құрамында қалып, бүгінгі қазақ жері орыстың отарына айналды… Қысқасы, сұрақты орынды қойып отырсыз. Тарихи фильм­дер тақырыбын өзгертуіміз керек. Неге біз кешегі Амангелді Иманов бастаған көтеріліс туралы фильм түсірмейміз? Неге Сырым Датұлын түсірмейміз? Кенесары көтерілісін неге көрсетпейміз? Неге 1916 жылды фильм қылып  шығармаймыз?.. Біз, тарихшылар, қазір осындай пікірдеміз.

– Ұлытаудағы сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау жерінің әсемдігін, қасиеттілігін айта келіп: «Осындай әулилелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік елдің жолы» деді. Мәңгі ел болу аңсарын ортақ мұратқа айналдырып, сол арқылы, Абай айтқандай, ақыл бірлігіне жету үшін, болашаққа сену үшін қандай болуымыз керек? Жастарымыз қандай болғаны жөн?

– Елдің мықты, қуатты елге айналуы үшін тарихты жүйелі жазып, санаға сіңіру қажет. Ол, әсіресе, арғы ата-бабалары ұлы мемлекеттер құрып, кейін үш ғасыр бодандыққа түсіп, біршама рухы басылған қазақ жастары үшін қажет. Өткенді білу арқылы жастар өзінің мойнында қандай жауапкершілік барын, қандай күш-қуат дарығанын, өзінің қандай текті елдің ұрпағы екенін сезініп, түсінуі керек. Әйтсе де, мықты мемлекеттің мұраты тарихпен ғана шектелмейді. Қоғам түрлі керітартқыш, адамды азғындататын дерттерден аман болса екен деймін. Одан кейін жастар техника мен технология тілін жете меңгеріп, жаңа, заманауи мамандықтарға ұмтылуы қажет. Спортқа ден қойып, денсаулық сақтау мәдениетін өсіруі керек. Білімі терең, дені сау ұлт қашан да алға басады. Сол секілді, Елбасымыз өз сұхбатында айтқандай, өз мәдениетімізді, тілімізді арымыздай таза сақтап, насихаттай білгеніміз жақсы. Президентіміз арнайы тоқталып өткен дін мәселесіне де сергек көзқараспен қараған дұрыс. Ой, ақыл, сана қалауымен таңдалған, өзімізге тән дәстүрлі мұсылманшылықтан айнымауымыз керек. Сондай-ақ, біз өзіміздің неге лайықты екенімізді түйсінсек, ішкі рухани иммунитетті көтерсек, шамшыл ұлт болмасақ екен деймін. 

Әңгімелескен:

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + eight =