БҰҚАРАНЫ БЕТ БҰРҒЫЗҒАН ОЛИМПИАДА

0 128

Астана спорт қаласына айналып келеді. Шаһар тұрғындарының бұқаралық спортқа бетбұрысы ерекше. Саламатты өмір салтын насихаттайтын шаралар – денсаулықты күтумен қатар тұрғындар тұтастығын арттырудың кепілі. Соның бір айғағы – өткен сенбіде аталып өткен Олимпиада күні.

Астаналық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған Олимпиада күніне 8000-ға жуық қала тұрғыны жиналды. Бұл атаулы күн бүкіл әлем елдерінде белсенді тойланады. Шара мақсатының бірі – олимпиадалық құндылықтарды құнттау, олар: достық, бірлік, жетістік.

Аталмыш шараны Халықаралық Олимпиада комитетінің қолдауымен ҚР Ұлттық олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастырды. Тарихта алғашқы Бүкіл әлемдік Олимпиада күні 1948 жылы 23 мамырда өткізілген екен. Бастапқыда марафон ретінде өткен шара кейін ауқымын кеңейтіп, бірнеше спорт ойындарын қамтыған.

Олимпиада күнін салтанатты түрде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді. Ол шараға қатысушыларды құттықтап, ілтипатын білдірді. Өз сөзінде «Елімізде бұқаралық спорт түрлері жан-жақты жанданып келеді. Мемлекет мәртебесін, ұлт намысын айқындайтын көрсеткіш ол – спорт. Спорттағы жетістіктер әлем алдындағы беделімізді арттыра түсті. Спортқа ден қойған адамдардың көбеюі бізді қуантады» деді.

«Бүкіл әлем Олимпиада күнін атап өтіп жатыр. Біз сіздермен бірге Олимпиада тарихын жасаудамыз. Бұл шараға қатысуға достарыңызды шақырыңыздар. Қозғал, зертте, жаңалық аш! Спортпен өмір – жарқын» деген ХОК президенті Томас Бахтың сөзін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Виктор Абаимов жеткізді.
Олимпиада күні дәстүр бойынша жүгіруден жарыс өтті. 800 метр қашықтықта 8-11-сынып оқушылары мен колледж студенттері жүгірді. Қатысушылардың көптігінен әрбір оқу орнының оқушылары өзара сайысқа түсті. Орта есеппен шараға бір мектептен 30-40 шақты бала қатысты. Жеке жүгіру екі кезеңде, ұлдар және қыздар арасында ұйымдастырылды.

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар 100 метр аралықта қоларбаға отырып жарысты. Осы сайыста озық болған Құрбанәлі Әбуов мұндай шаралар мүгедек жандардың өмірге деген құлшынысын арттыратынын айтты.

Ал, депутаттар, чемпиондар, журналистер және студенттер 1200 метрге жүгірді.

Жарыс жеңімпаздарына олимпиада символикасы басылған футболка мен демеушілер сыйлықтары табысталды және ХОК Президенті Томас Бахтың қолтаңбасы бар сертификаттармен марапатталды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + two =