БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА СЕРПІНДІ БЕТБҰРЫС

0 80

erm_3721-1-asli

Елорда әкімі Әсет Исекешев Астананың 20 жылдығына арналған «20 нақты бастама» бағдарламасының ең бірінші қадамын салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту деп белгілеп берді. Бұрыннан халықтың спортқа бейімделуіне баса көңіл бөлінетін бас қалада енді белсенді тұрғындардың саны одан сайын арта түспек.

Спортпен шұғылданатындар көбейіп келеді

Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатын елордалықтардың үлесін 30%-ға дейін көтеруді тапсырды. Бұл қаланы дамыту бағдарламасында бекітілді.
Астанада бұқаралық спортқа бейілді тұрғындардың саны жыл сайын тұрақты түрде үдеп келеді. Мәселен, қазіргі таңда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,8%-ға өскен. Мұндай үдеріске, әрине, бұқаралық спорт шараларының көптеп ұйымдастырылуы да мол ықпалын тигізді.
Былтыр шаһарда халықты белсенді өмір сүруге шақырған жалпы саны 567 спорт шарасы өтті. Оның ішінде ең есте қаларлығы деп 4 қыркүйекте өткен «Астана Марафонын» атауға болады. Бұған 4,5 мыңға жуық адам қатысты.
Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­­­дығына арнайылап қашықтығы 25 шақырымға созылған дуатлон ұйым­дастырылды. Бұл белгіленген меженің 10 шақырымын қатысушылар жүгіріп өтсе, 15 шақырымын велосипедпен бағындырды.
Елордалықтардың бұқаралық спортқа бет бұруына септескен шаралардың бірі «Астана – спорт қаласы» акциясы болды. Осы бастаманың аясында 15 жалпы қалалық спорт шаралары ұйым­дастырылды. Акция 7 мыңға жуық халықты қамтыды.
Мұнымен қоса, қаланың түкпір-түкпірінде әр жексенбі сайын көңілді старттар, жаттығулар, шеберлік сабақтары, спортшылардың өнер көрсетуі секілді
түрлі шаралар тұрақты түрде ұйым­дастырылып келеді.
Қала жұртының қарасы қалыңдаған сайын дене шынықтыруды дағдыға айналдырғандардың үлесі де артып жатыр. Осыдан сегіз жыл бұрын бұқаралық спортқа бейім халықтың үлесі бар болғаны 10,8%-ды құраған. Ал араға бір жыл салып бұл көрсеткіш бірден 18%-ға өсіпті. Яғни, 2009 жылы – 74 217 адам, 2010 жылы – 122 784 адам. Ал 2016 жылы спортты серік еткен астаналықтардың үлесі 24%-ды құрады, дәлірек айтқанда, 240 340 адам.

Спортқа икемді инфрақұрылым

Астана әкімі белгілеген «20 нақты бастаманың» алғашқысында жылдың кез келген мезгілінде спортпен күнде­лікті шұғылдану үшін қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз ету атап көрсе­тілген. Сондықтан спорттық нысан­дар­дың қолжетімділігін арттыруға және жастардың, мектеп оқушыларының спортпен айналысуына барынша жағдай жасауға айрықша мән беріліп отыр.
Қазіргі таңда қалада 136 спорт түріне бағытталған жалпы саны 438 ұйым жұмыс істейді. Оның 43-і олимпиадалық, 22-сі ұлттық, 7-еуі техникалық, 28-і паралим­пиадалық, 45-і басқа спорт түрлеріне және 9-ы Спешиал Олимпикс бағытына бейімделген.
Ал Астананың спорттық инфрақұ­рылымын 649 нысан құрайды. Оның басым бөлігі – аула алаңдары мен білім ошақтарындағы спорт залдары. Ауладағы нысандардың саны 281 болса, оқу орындарында – 118. Осының бәрі қала халқын түгел қамтуға жеткіліксіз. Қазір спорт алаңдары мен бассейндердің тапшылығы 63%-ды құрап отыр.
Спортты дамытудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру шеңберінде қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы 7055 адамды қамтитын балалар мен жасөс­пірімдерге арналған 10 спорт мекте­біне және 47 мекемеге үлкен қолдау көрсетуде.
Өткен жылы Астанада 182 спорт шебері, халықаралық дәрежедегі 56 спорт шебері, 569 спорт шеберіне үміткер және 380 бірінші разрядты спортшы шықты. 2016 жылы елордалық спортшылар жалпы саны 4367 медаль жеңіп алды. Оның 1553-і – алтын, 1307-сі – күміс және 1507-сі – қола жүлде.

info-sport

Қыс қызығы –сырғанақ

Аязды күндері де астаналықтардың спорттан қол үзіп қалмауы үшін қысқы спорт түрлерін дамыту қолға алынып жатыр. Осы мақсатта бұқаралық шаралар да жиілеп ұйымдастырылуда.
Тұрғындардың бос уақытын қызықты өткізу үшін аудандарда бірнеше мұз айдындары салынды. Онда жұрттар конькимен сырғанауды үйреніп қана қоймай, балалар сабақтан тыс уақытта хоккей ойнауға әуестеніп жатыр. Сондай-ақ, қаланың іргесіндегі жасыл аймақта орналасқан велотрасса қыста шаңшылардың «даңғыл жолына» айналды. Сол маңға апта сайын шаңғысын сүйретіп баратын жұрттар да көбейіп келеді. Оған түрлі жарыстардың өткізілуі септігін тигізуде.
– Елордада спортқа бет бұрған жұрттың қатары жылдан жылға артып келеді. Қысқы маусымда өткен бұқаралық спорт жарыстарына 300 мыңнан аса адам қа­тысты. Өкінішке қарай, Астанада қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің дамуында қиындықтар бары рас. Мысалы, сноуборд, фристайл, тау шаңғысы сынды спорт түрлерін қолға алуда көптеген кедергілер кездеседі. Оған қоса, бұл саладағы білікті бапкерлер құрамы жоқтың қасы. Сондай-ақ, инфрақұрылымды әлдеқайда жетілдіре түсу қажет, – дейді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.
Осы сенбіде «Қыс өрнегі» атты шаңғы фестивалі 17-нші рет өткізіледі. Сол күні Есіл өзенінің маңынан табылғандар спорттың ондаған түрі бойынша сынға түседі. Бұл шараның ерекшелігі, қысқы спорт түрлеріне қоса, мини-футбол, белдесу, армрестлинг, кір көтеру, арқан тарту және мотокросс секілді сайыстар ұйымдастырылады.

Жарыс көрігі жазда қызады

Күн жылына бастағанда Астанада бұқаралық спорт шаралары көбейе бас­тайды. Жоспарланған шаралардың дені жылдың жылы мезгілінде ұйымдас­тырылады. Жаймашуақ күндері қаланың тұс-тұсында: аулаларда, халық жиі жиналатын спорт алаңдарында, триатлон паркте, жасыл белдеудегі велотрассада, өзен жағалауларында түрлі ойынның көрігі қыза түседі.
Жазда өтетін ірі шаралардың басы халықаралық жеңіл атлетикалық жарыс­тан басталмақ. Бұған мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Одан кейін «Астана» велопаркінде спорттық жүрістен халықаралық турнирде Қазақстан Кубогы сарапқа салынады.
Түрлі спорттық шараларға қоса, әр айда көптеген қатысушыларды қамтитын кем дегенде бір жарыс ұйымдастырылады. Айталық, маусым айында дәстүрге айналған дуатлон өтсе, шілдеде триатлон спортсүйер қауымның басын біріктірмек. Ал бұқаралық веложарыс тамыз айына жоспарланған. Бұған 3 мыңға жуық адам қатыспақ. Әдет­тегідей ең көп адам Астана марафонына жиналмақ. Бұл жарысқа 7 мыңға жуық қатысушыны тарту ойластырылып жатыр.
Осы жылдың басты уақиғасы – ЭКСПО көрмесі кезінде қала халқы мен мей­мандардың уақытын тиімді өткізу үшін ондаған спорт шараларын ұйымдастыру жоспарланған. Ең белгілі спорт түрлеріне қоса, ұлттық ойындарға да маңыз беріліп отыр. Мысалы, көкпар, бәйге, тоғыз­құмалақ сынды ойындарымыз көптің көңілін ауламақ.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − two =