©2020 Астана Ақшамы
БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – БАРШАҒА
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда, елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыру, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек» деп нақты міндеттер мен тапсырмаларды айқындап көрсеткен болатын.
Осы орайда Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы қала тұрғындарын дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тарту, спорт резервін және халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау ісінде жоспарлы әрі жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Бүгінгі таңда қалада түрлі денсаулық топтары, ақылы секциялар, спорт федерациялары мен клубтарды біріктіретін жеке және коммерциялық емес 383 спорт ұйымы жұмыс істейді. Онда 159 318 астаналық жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысады. Бұл қала халқының 20,6 пайызын құрайды.
Жыл ішінде спорт ғимараттарының саны 508-ден 525-ке дейін өсті. Қала тұрғындарының жыл сайын арта түсуіне байланысты әлі де спорт нысандарының тапшылығы бар.
Спорт кешендерінің бұқараға қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп оқушылары мен студент жастарға 35-50 пайыз аралығында жеңілдіктерге қол жеткізілді. Оның бір мысалы, фитнес орталықтарының кейбір бағдарламаларының құны 30 мыңнан 15 мыңға дейін төмендетілді.
Спорт нысандарының санын ұлғайту мақсатында, оның ішінде дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін салу үшін Астана қаласының Бас жоспары ғылыми зерттеу-жобалау институтынан он жер телімі белгіленді.
Бүгінгі таңда екі ірі спорт нысандарын салу жоспарлануда. Бірі – олимпиада резервтерін дайындау орталығы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Қайсар» спорт кешені. Сонымен қатар жаңа ескек есу каналын, ату кешенін салу да жоспарға енгізілді.
Бұқаралық-спорт шараларын ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында көптеген спорттық шаралар өткізілуде. Жыл басында Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарының ардагерлер ұйымдары арасында «Шаңғы жолы – 2013» қалалық чемпионаты және туристік көпсайыс бойынша (шаңғы туризмі) Астана қаласы кубогының кезеңдік жарыстары өтті.
Тоғызқұмалақтан Астана қаласының 10, 12 және 14 жас аралығындағы жасөспірімдер чемпионаты, велоспорттан барлық жас ерекшеліктері бойынша Астана қаласының чемпионаты, елорданың 15 жылдық мерейтойына орай өткен қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі елорда спортының жаңалығы ретінде қабылданды. Тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Өмір нәрінен ләззат ал!» акциясы бұқара арасында кең тарап, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруда. Функционалды гимнастика ретінде жыл басынан бері 41 537 адам тартылған 369 спорттық шараны 87 583 адам тамашалап, спорт думанының ортасында болыпты. Айта кетсек, былтыр 495 спорт шарасы өткізілген болатын. Спорт мерекелерін жас шамаларына қарай, мектеп, колледж оқушылары, студент жастар мен мемлекеттік қызметкерлер арасында әлеуметтік топтарға біріктіріп өткізу қалыптасып келеді.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өскелең ұрпақ арасында түрлі спорт түрлерінен чемпионаттар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Астаналықтар арасында спорт әуесқойлары қозғалысы кең етек жайды. Ондаған командалар арасында су добы, футбол, баскетбол, шайбалы хоккей бойынша дәстүрлі жарыстар өткізу қалыптасып келеді.
Айгүл УАЙСОВА