Бұқаралық банк болу бағытында

0 113

Жилстрой 2Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша балдарды есептеуде және пәтер бөлуде адами фактор толықтай алынып тасталды.
Әу баста аталмыш қаржылық институт тұрғын үйге шын мұқтаж коммерциялық банктерден ипотекалық несие алуға табысы жетпейтін қазақстандықтар үшін Президенттің бастамасымен арнайы құрылғаны белгілі. Осылайша Елбасы тұрғын үй алудың қолжетімді тетіктерін жасау арқылы әлеуметтік тұрақтылықтың іргетасын қалаған еді. Алайда, соңғы кездері банк қызметкерлерінің кейбір жымысқы қарекеттері әшкере болып, жұртшылықтың көңілі суып қалғандай болып еді. Сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің Алматыдағы кеңсесінде арнайы брифинг берген банктің жаңа басшылары «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында жасалған жеңілдіктер мен өзгерістер туралы айтып берді.
«Жалпы алғанда, ҚТҚЖБ жоғары деңгейде қызмет көрсететін, клиенттердің мүддесіне жұмыс істейтін банк болуды мақсат етіп отыр. Бұл үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үш бағытта дамуды көздейді. Біріншісі – қаржылық жүктемелер мен әкімшілік кедергілерді барынша азайту. Екіншісі – қызмет көрсетудің озық технологияларын енгізу. Үшіншісі – Банк жұмысын мейлінше ашық ету» деді басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

Пул жасақтау онлайн-режимде орындалады

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы жұмыстарының ашықтығы үшін ҚТҚЖБ бағыты бойынша балдарды есептеуде және пәтерлерді бөлуде адами фактордың әсері толықтай алынып тасталды дедік басында. Қалайша? Үдеріс толықтай автоматтандырылды. Оны Банктің сайты арқылы бақылауға болады.
Яғни, тұрғын үйді сатып алушылар пулына енді интернет арқылы өтініш беруге болады. Тіркелу көп уақыт алмайды, өтінішке арнайы нөмір беріледі. Онлайн режимінде пул бойынша пәтер бөлінеді және оған қатысты барлық мәліметтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтында бірден жария етіледі.
Жақында ҚТҚЖБ желісімен «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша тұрғын үйді сатып алушылар мен жалға алушылар пулы Қызылорда облысында жарияланбақ. Әлгі айтқан қанатқақты онлайн режим сол жерден бастап қолданылмақ. Алайда, компьютер «құлағында ойнамайтындар» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің филиалдары мен қызмет көрсету орталықтарына аяқтай барып, пулға қатысуға дәстүрлі тәсілмен өтініш беруіне де болады.
Банк жұмысы мейлінше ашық болуы үшін биыл қарашадан бастап тұрғын үйді сатып алушылар мен жалға алушылар пулына қатысушылардың балы жаңа әрі жеңілдетілген формуламен есептеледі. Бұрынғысынан едәуір қолайлы әрі оңай формуланы «Жеке кабинетте» өзіңіз-ақ есептей аласыз.

Құжат қысқарып, алым азайды

жилстрой

ҚТҚЖБ-ның клиенттері мен болашақ клиенттері жинауға тиіс қажетті құжаттар тізімі де барынша қысқартылды. Мәселен, шарт жасау үшін тек жеке куәлік қана қажет. «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша бағдарламаға қатысушылардан жеке куәліктен бөлек, әкімшіліктің жолдамасы, ал «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша табысы туралы анықтама ғана талап етіледі.
ҚТҚЖБ жұмысындағы тағы бір елеулі ілгерілеушілік – қаржылық және әкімшілік кедергілердің азаюы. 2013 жылдың 11 қарашасында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы тұрғын үй жинақ жүйесіне азаматтардың белсенді түрде қатысуы үшін қаржылық талаптарды жеңілдету шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Осыған орай, ҚТҚЖБ ішкі комиссиялық алымдарды қысқартып қана қоймай, сыртқыларын да азайтуға күш салып жатыр. Үдерістерді оңтайландыру нәтижесінде клиенттерге түсетін жүктеме 30 %-ға қысқарды.
Атап айтсақ, банк комиссиялық алымдардың 6 түрін мүлде алып тастады. Рәсімдер жетілдірілген соң және жұмыстың өзіндік құны төмендегеннен кейін, ҚТҚЖБ келесі жылы комиссиялық алымдарды тағы да 20%-ға азайтуды көздеп отыр.
Мысалы, жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу шарттарын нотариалдық тіркеу үшін тарифтерді 22 мың теңгеден 7 мың теңгеге дейін түсіру келісіміне қол жеткізді. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша бағалау компанияларының көрсеткен қызметінің төлем құны 5 мың теңгеден 2,5 мың теңгеге дейін арзандады. Қазір бағдарламаға қатысушылар үшін сақтандыру компаниялары көрсететін қызмет бағасын түсіру туралы келіссөз жүріп жатыр.

Керек дерек 

[highlight]Сондай-ақ «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасына қатысушылар үшін мынадай рәсімдер жеңілдетілді:

1) Бағдарламаға қатысуға өтінім беруге, сондай-ақ төлем қабілеттілігін бағалауға комиссиялық алым алынып тасталды. Мұны ақшалай көрсетсек, 15 000 теңге клиенттің қалтасында қалады.

2) Төлем қабілеттілігін растайтын құжаттарды қабылдауда және кредит өтінімін толтыруда клиенттер толтыруға тиіс қағаздардың саны қысқартылды.
3) «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша бағдарламаға қатысушыларға банк айрықша назар аударады. Енді төлем қабілеттілігін растау үшін график бойынша ұсынылған ай сайынғы жинақтау жарналарын салып отырса немесе тұрғын үй құрылыс жинағын мерзімінен бұрын жинақтаса ғана болды. Банкке берілетін құжаттардың саны да қысқартылды. «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағытына қатысушыларға жеке куәлігі мен әкімдіктің жолдамасын көрсету жеткілікті.
4) Табысты растау ережесі өзгерді. Енді жұмыс орнын ауыстырған кезде бұрынғыдай алты айдың орнына үш айдағы табысын растау талап етіледі.
5) Бала күтіміндегі жас аналардың (клиенттің) төлем қабілеттілігіне кепіл болатын тұлғалардың қатары кеңейтілді. Мәселен, бұрындары жұбайының табысы міндетті түрде қабылдануға тиіс болса, енді кез келген табысы жоғары жақын туысының кепілдемесі қабыл алынады.
6) Пулдарға қатысуға өтініш енді құрылыс аяқталардан 3 ай бұрын қабылданады. Яғни, бағдарламаға қатысуға өтініш берген адам үйдің салынғанына көз жеткізе алады. Яғни, пәтер сатып аларда өз қалауына сәйкес пе, сапалы ма, аумағы жеткілікті ме деген секілді көңілдегі көп күдікке тікелей жауап алып, шама-шарқын бағалай алады. Мұндай жағдайда үй салынып біткен кезде табысын қайтадан растаудың қажеті жоқ [/highlight].

Уақыт факторы мен кері байланыс «көмекке келді»

Заманауи технологияларды енгізу банкке өз көрсеткіштерін елеулі түрде ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қыркүйек айында, банк жұмысы жетілдірілгеннен кейін, кредит беру көлемі, сондай-ақ жасалған тұрғын үй құрылыс жинақ шартының саны екі есе ұлғайыпты. «Ал, 2014 төртінші тоқсанында барлық көрсеткіштер екі есеге артады деп нық сеніммен айта аламыз. Жыл қорытындысы бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда көлемдерді 60-70%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз» дейді банктің басқарушы директоры Ерұлан Жамаубаев.
Банктік технологияның тезіне салғандағы уақыт факторынан ұтқанымыз мынау екен:
Біріншіден, заем беру уақыты 5 есеге дейін қысқарды. Бұрын бұл кемінде 22 күнге созылса, қазір кредит комитетінің шешімі 1-2 күнде шығарылады. Заем беруді 1-2 күнге дейін қысқарту және өтінім беруден ақша беруге дейінгі бүкіл үдерістерді, сапасын жоғалтпастан, 3 күннің ішінде атқару жоспарланып отыр.
Екіншіден, банкке қоңырау шалып, ала алмағандардың саны 11 есеге дейін қысқарды.
Үшіншіден, рәсімдерді жетілдірудің нәтижесінде клиенттерге қызмет көрсету уақыты үш есе кеміді. Клиенттердің уақытын үнемдеу үшін Астана мен Алматы қалаларында ҚТҚЖБ филиалдарының ғимараттарында «Халыққа қызмет көрсетудің мобильді орталықтары» ашылды.
Төртіншіден, көп жағдайда клиенттердің табан тоздырып банкке келуінің қажеті жоқ. Кез келген ақпаратты байланыс орталығының телефоны арқылы немесе барлық ұялы байланыс операторлары үшін бірыңғай 300 нөміріне хабарласып білуге болады. Бұл нөмірге Қазақстан аясында байланысу тегін. Сондай-ақ, осы нөмірге қоңырау шалып, ҚТҚЖБ агентін кеңсеге не үйге шақыруға да болады. Агенттік желінің енгізілуі депозиттік шарт жасау бойынша клиенттерге қызмет көрсету уақытын 50%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Бесіншіден, ашықтықты одан әрі жақсарта түсу үшін жазда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жанынан қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына белгілі журналистер, әйгілі қоғам қайраткерлері және банк салымшылары енді. Енді банк жұмысындағы түйткілдер түйінін шешуге жұртшылық та араласа алады. Бұдан былай клиенттер кез келген уақытта банк қызметін оңтайландыруға қатысты ұсыныстарын, шағым-талаптарын қоғамдық кеңеске жолдай алады. Ол үшін арнайы os@hcsbk.kz. электронды мекенжайы ашылған.
«Клиенттермен кері байланыс орнату біз үшін өте маңызды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде байланыс орталығы, ахуалдық орталық жұмыс істейді, мұнда клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі барлық жұмыстар қадағаланып отырады. Шағымдар мен ұсыныстар барлық ұялы байланыс операторлары үшін бірыңғай 300 нөміріне қабылданады. Он жеті филиалдың әрқайсысында жедел желі жұмыс істейді. Қызмет көрсету орталықтарында клиенттердің хабарламаларына арналған арнайы жәшіктер орнатылған. Туындаған мәселе туралы пошта арқылы хат жолдап немесе тікелей Банк сайтына хабарлауға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің әрбір басшысы аптасына бір рет азаматтарды қабылдайды.Ал, менің қабылдау күнім – сейсенбі» дейді банктің басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Сөз соңында…..

Банктің қалың бұқараның талап тілегімен есептесе жұмыс істей бастағанын бірқатар маңызды көрсеткіштермен сабақтай кеткеніміз дұрыс шығар. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы мәліметтер бойынша, жасалған тұрғын үй құрылыс жинақ шарттарының саны 595938-ге жетіпті, ал шарттық сома 1 триллион 284 млрд. теңгені құрайды.
Сонымен қатар, 2014 жылдың 9 айында банкте 2013 жылдағымен салыстырғанда 50% артық шарт жасалған. Яғни, былтыр 77 492 шарт жасалса, биыл ол 116 502-ге артып отыр.
Банк қызметінің бүкіл кезеңінде жалпы сомасы 270 млрд. теңгеге 72 120 заем берілді, оның ішінде тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламалары бойынша 104 млрд 266 млн теңге сомасына 30 785 заем берілген. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген заемдар үлесі банкте берілген барлық заемдардың 38,6%-ын құрайды.
Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылжымайтын мүлік сатып алуға және үй-жайын жақсартуға өткен жылмен салыстырғанда 30%-дан артық заем берді. Егер санмен айтатын болсақ, банктің 11 979 клиенті 59 млрд 806 млн теңге сомасына қарыз алған, бұл клиенттерге өткен жылы берілген заем сомасынан 44%-ға артық.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + one =