«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бұқар жырау бір аймақтың ғана тұлғасы ма еді?

0 667

Биыл Абылай ханның ақыл­шысы, «өз тұсындағы Қазақ хандығының бас идеологы» (М.Мағауин), «көмекей әу­лие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толады. Артта қалған жылдың аяғында өткен Қа­зақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жыраудың мерейтойы атап өті­летінін айтқан да еді. Бұқар жырау атында ауданы бар Қа­рағанды облысы бұл мерейтой дайындығына кірісіп те кетті.

Алайда бар қазаққа ортақ, бір аймақтың ғана емес, біртұтас қазақ жері мен елінің болашағына алаңдап:
Ежелгі дос жау болмас,
Шірнеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде кірдің таты бар, – деп жырлаған тұғырлы тұл­ғаның мерейтойы бір өңірде ғана тойлануы дұрыс па?
Жыраудың өз тілімен айтсақ, «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт» қазіргі Астана болса, бас қала да бұған қам жасауы тиіс. Ең алдымен Мәдениет және спорт министрлігі тиісті жоспар жасап, өтетін шаралар кестесін бекітуі қажет. Әйтпесе, аталмыш министрлік тұлғалардың мерейтойларын ұйымдастыруға келгенде кейінгі кезде сылбыр қимылдап кеткен сыңайлы. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтіре кетейік.
Былтыр Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы Қарағанды облысының аумағында ғана тойланды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ тиісті министрліктің тапсырысымен «Қаз дауысты… би» атты деректі фильм түсірді. Кинотуындыны түсіру туралы тапсырманың өзі кеш берілді. Сценарий авторы Ерлан Төлеутай мен режиссер Ғазиз Насыров дереу қолға алып, жанталаса жүріп, 1,5 ай ішінде дайындады. Туынды тұсаукесері Алматыда ұйымдастырылды. Жақында Қарағандыда өтеді деп естіп жатырмын. Алайда Астана одан тағы сырт қалып жатқан секілді. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 69-қадамында айтылатын Астананы зерттеушілерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскер­лік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру тапсырмасын Мәдениет және спорт министрлігі неге жандандырмайды?
Өткен жылдың соңында күй тәңірісі – Тәттімбет мұрасын ХХ ғасырға жеткізіп, өзі «Қоңыр» атты тамаша күйді шығарған күйші Әбікен Хасеновтің 125 жылдығына арналған күй кеші Астанада өтті. Кешті ұйымдастырушы Мәдениет және спорт министрлігі болса да, аталмыш ведомстводан бірде-бір адам оған келмеді. Осы мысалдардан-ақ ұлттың тұлғаларына министрліктің көзқарасы байқалады.
Бұқар жырау мерейтойына оралайық. Жуырда Қара­ғанды облысындағы оның атындағы аудан орталығы – Ботақара кентінде мерейтойды ұйымдастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда жергілікті өнер мектебінің ұстазы Амантай Әкішевтің туындысы мерейтой логотипі болып таңдалды. Бұл жаңалықты естігенде ойланып қалдық. Біздіңше, осы іске Мәдениет және спорт министрлігі араласуы тиісті еді. Суретшілер арасында республикалық байқау жариялап, қорытындысында үздік логотип сонда таңдалуы керек еді. Ал жоғарыдағы белгі үш нұсқаның арасынан ғана таңдалған.
Қайта «ҚазПошта» АҚ алдын ала қам жасап, Бұқар жыраудың туғанына 350 жыл толуына арналған пошта маркасын жасап шығарды. Бұл марканың безендірілуіне көңіліміз толды.
Астанада Бұқар жыраудың атында көше бар. Астана қалалық Ономастика комис­сиясының 2016 жылғы 7 қыр­күйектегі №1 шешімінің не­гізінде Астана қаласы әкім­дігінің қаулысы және Астана қаласы мәслихатының ше­шімімен жобалық атауы №26 көше Бұқар жырау көшесі болып бекітілді. Оның орналасқан жері де, ұзындығы да жаман емес. Қаланың сол жағалауындағы Қабанбай батыр даңғылынан басталатын аталмыш көше Сауран, Түркістан көшелері, Мәңгілік ел даңғылымен қиылысып, №23 көшеге дейін созылып жатыр. Бұрындары Астанада тұлғаларға көше берілгенде, сол көше бойында ұлан-асыр той өтіп жататын. Осы дәстүрді жаңғыртып, биыл аталмыш көшеде жыраудың мерейтойы тойланса, құба-құп болар еді деп ойлаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды