Буллитпен бітті бәсеке

0 93

Астана қаласының әкімдігі мен Канаданың Қазақстандағы елшілігінің командасы арасында тау-кен өндірісіндегі әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік жайлы жыл сайынғы семинар аясында шайбалы хоккейден жолдастық кездесу өтті. 

Кездесу интригаға толы, өте тартысты болды. «Хоккейдің Ота­ны­нан» келген ойын­шылар­мен елордалықтар үш кезең бойын­да аянбай-ақ арпалысып, кон­ти­нентаралық немесе әлем бірінші­лігінде жұрт тамашалап жүрген ойынға пара-пар өнер көрсетті.

Бірінші кезең аңдыспен басталып, аңдыс­пен аяқталды. Екі жақ та бір-бірінің осал тұ­сын барлап, қақпадан саңылау іздеді. Бұл кезең­нің уақыты біткенде таб­лодағы есеп 2:2 көрсетіп тұрған. Қызық содан кейін бас­талды. Айдынға шығысымен канадалық команданың 35-ші нөмірлі шабуылшысы Врет Пэрнхэм біздің қақпаға бір шайба дарытты. Ойынның 18-ші минутында Қазақстан команда­сы­ның ойыншысы Владимир Суслов есепті теңестірді – 3:3. Сус­­лов­тың ізімен 24-ші минутта нөмір 88-ші ойын­шымыз Денис Тара­рин тағы бір шай­бамен коман­дасын алға шығарды. Бірақ, бір ұпай артық­шылығы ұзақ сақталған жоқ. Араға 3 минут салып, Канада елші­лігі командасының ай­бынды қор­ғаушысы Тит Гитцел 25-ші нөмірдегі Яник Риндеодан әдемі пас алып, есесін қайтарды. Ойын осы (4:4) көрсеткішпен он минуттай жалғасты. Екінші кезең аяқталуға екі минутқа жетер-жетпес уақыт қалғанда осы Яниктің шығар­ған шайбасына ие болған Врет Пэрнхэм мүм­­кін­дігін мүлт жібермей, тағы бір шайбаны сүңгітті біздің қақ­паға. Нәтижесінде бір ұпай артықшылығымен ойыншылар үзіліске шықты.

Үшінші кезең басталысымен есеп қайта теңесті. Ойын басынан кезек-кезек гол салып келе жатқан екі жақ бір-біріне тең қарсылас екен. Бесінші голдың авторы – Дмитрий Лоханин. Осы сарынмен жалғасқан соңғы кезең де тең есеппен (8:8) тәмамдалды. Итжығыспен өткен үш кезеңде де бір-бірінен қара үзіп кете алмаған екі жақ кездесудің тағдырын буллитте шешті.

Бірінші болып біздің қақпашымен «жекпе-жекке» шыққан канадалық қапы қалды. Ал, біздің Суслов үйеңкі жапырақты елдің қақпашысынан айласын асыра білді. Бір ұпай біз­де деп қойыңыз. Осыдан кейін қар­­сы­­лас­тарының қақпашысымен бетпе-бет келген Стивен де, Райан да, Щупок та, біздің Асқар Абенов та, Дмитрий Самойлов та есеп­ті өз­­гер­те алған жоқ. Біз алда тұрған­быз. Кенет Янин Риндео гол салды біз­ге. Янин­нен кейін ең соң­ғы бо­лып шыққан 10-шы ойыншымыз Дмит­­­рий Лоханин шешуші сәт­те ше­бер­­лік таны­тып, шай­баны қақ­па­ға тоғытты. Буллит есебі 2:1, ойын­­­­ның ең соңғы сәтінде жеңіске қол жетті.

Жеңімпаздарға Канаданың Қа­зақ­стан­дағы елшісі Стефан Миллар құт­тықтауын жеткізіп, жеңіс кубо­гын табыстады.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 1 =