Бұлбұл әнші байқауы

0 18

«Астана Опера» театрында Бибігүл Төлегенованың XI халықаралық вокалистер байқауының салтанатты марапаттау рәсімі мен финалистер концерті өтті. Жас әнші Дінмұхамед Көшкінбаев жеңімпаз атанды.

_DSC1950

– Барша қатысушыларды, дарынды, белсенді, әртістік қабілетке ие жас әншілерді шын жүректен құттықтаймын! Биылғы байқау өте мәнді, мазмұнды болды, барлық орындаушылар дайындықтарының жоғары деңгейін паш етті. Үздіктердің үздігін таңдау оңай болған жоқ, бұл сөзіме қазылар мүшелері де қосылады деп ойлаймын, дегенмен ең мықты жеңіске жетті. Осынау байқау арқылы асқақ өнердің ғажап әлеміне жол тартқан жандардың кәсіби тағдырын үнемі бақылап отырамыз, – деп атап өтті ХІ халықаралық вокалистер байқауының әділ қазылар төрайымы, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Бибігүл Төлегенова.

Естеріңізге сала кетсек, Бибігүл Төлегенованың халықаралық байқауы 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Биыл байқаудың 20 жылдығы қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың шығармашылық қызметінің 70 жылдығы және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Екі кезеңнен тұратын Бибігүл Төлегенованың XI халықаралық вокалистер байқауына қатысуға елуден астам үміткер өтінім берді. Олардың басым бөлігі Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан және Өзбекстаннан келіп түсті.

Қорытынды кеште қазылар алқасы ең бірінші байқау жеңімпаздарын жариялады. Одан кейін жұртшылық назарына тартымды бағдарламаға құрылған гала-концерт ұсынылды, оған отандық және шетелдік классиканың үздік үлгілері енді. Байқау лауреаттары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.

Сондай-ақ «Астана Опера» театры жеңімпаздарға жеке сыйлық табыстады. Театр дирекциясы атынан арнайы жүлде – Astana Opera халықаралық опера академиясында ай сайынғы стипендиямен оқуға арналған сертификат Дінмұхамед Көшкінбаев пен Әсем Әубәкіроваға бұйырды.

Бірінші орын лауреаттары – Габриель Де-Рель (Ресей), Атабек Назиров (Өзбекстан), Әлихан Зейнолла (Қазақстан), екінші орын лауреаттары – Ұлпан Әубәкірова (Қазақстан), Азиза Мухамедова (Өзбекстан), Әсем Әубәкірова (Қазақстан) атанды. Ал елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дариға Мусаева және Алтынбек Әбілдә жүлделі үшінші орынды иеленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − one =