«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бұл не деген өлмейтін идеология?

1 795

Таяуда Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында арқа сүйеріміз болып жүрген үлкен аға-апаларымыз Бү­кілодақтық Лениншіл Коммунис­тік Жастар Одағының (ВЛКСМ) 100 жылдығын тойлады. Бәрі кеудесіне жарқыратып комсомол белгісін тағып алыпты.

Қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Тойдан талай сурет тарады. Аса сән-салтанатпен, жоғары деңгейде өткен шарада Қазақстан мен комсомол туы қатар желбіреп тұр. Қазақтың бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды шаралардың өзінен төбе көрсете бермейтін талай тұлғаны комсомол тойында аңғарғандай болдық.
Көңілімізге кірбің түсіргені сол, біздің «аға» деп арқа сүйеп жүрген алдыңғы толқын қандай мұратпен өмір сүруде? Олар әлі ескілікті аңсай ма? Олар әлі кеңестік заманның идеологиясына қызмет ете ме? Ел тәуелсіздік алып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кешіп, біз рухани жаңғырудан өтсек, рухымызды тірілтіп, еңсемізді көтерсек, Абай айтқандай, ақыл бірлігіне сү­йеніп, келешекке нық қадам бассақ деп жүргенде үлкендеріміз санасының бір бұрышында компартия қалыптастырған көнетоз көзқарас пен кеңестік құндылықтарды сақтап жүргені қалай? Заман өзгерсе де жүрек түкпірінен өшпейтін бұл не деген махаббат? Бұл не деген сарқылмайтын сағыныш? Не деген өлмейтін, жаны сірі идеология?
Кешегі арбаның дөңгелегі бүгінгі заманауи көліктерге жарамайтыны қаншалық айқын болса, бодандық дәуірімізде қызмет еткен партияның идеологиясы да азат қазаққа қажет емес екені айдан анық. Санадағы бодандықты серпіп тастап, ерікті, еркін өмірге, азаттық бақытына қол созып отырған біздің алдымызда басқа арман, басқа мұрат.
Ал беделі мен мүмкіндігі алапат ағаларымыз азат елдің жастарына үлгі болуға ниеттенсе, еліміздің тәуелсіздігіне жол салып, оңымыз бен солымызды көрсетіп, тұтас мемлекеттік идеологияға айналдыруға жарайтын бағыт-бағдар мен қағидаттарды тізіп жасап беріп кеткен Алаш көсемдерінің тойын өздері бас болып неге тойламады? Өткен жылы Алаш партиясының 100 жылдығы болғанда олар қайда қалды? Жеріміздің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен қазақтың қайраткер ұлы Жұмабек Тәшеновтің мерейтойын демеуші тауып неге айрықша атап өтпеді?
Бүгінгі ұрпақтың жігерін жанып, күш-қайратын тасытатын қайырымы мол шараларды дүркіретіп өткізіп ел назарын аударуға шамалары келер еді ғой. Біздің аға-апалар бірақ өйтпеді…

  1. Д :

    Алжыган керітартпа кақбастар

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды