БҰЛ ДА БІР – АСЫЛ МҰРАТ

0 204

Есілдің құрсанған мұ­­зы­ның көбесі сөгілгені қа­­шан. Өзеннің қақ ор­­та­­сында ойдымдай-ойдымдай мұз қалса, оны да майда толқындар ке­­мі­­ріп, мол суға жұтылып жатыр. Түске дейін мү­­йіз, түстен кейін киіз бо­ла­­тын көктемнің күні де арт­­та қалып, қара жер бі­­раз дегдіп қалды. Осындайда қариялар:

«Қара жерге қар жауып, қарды көрген бір мұ­рат,
Қара жерден қар кетіп, жерді көрген бір мұ­рат» деп айтады екен.

Табиғаттың жаңаруымен қатар келетін жақсы дәстүріміз бар. Ол – бүкіл қалалық сенбілік өткізу. Сол күні қолымызға күрек, тырма алып, бау-бақтың тазалығына жұмыла кірісеміз. Бір жерде тал егіліп жатса, енді бір жерде қылтия бастаған көк шалғынды басқан ескі жапырақтарды тырмалап жатады. Үлкен-кіші жұмылған сенбілікте тазарған ортамызға қарап, әрқайсысымыз кең кеудемен тыныстаймыз. Себебі, көшелеріміз бен ауламыздың тазалығы тек қана тиісті қызметтің міндеті емес, әркімнің жауапкершілігіне де сын екенін жақсы түсінеміз.

Тек қана біздің елімізде емес, Еуропа, Шығыс Азия елдерінде қала тазалығына қатысты қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар екен.
Норвегияда жылына бір рет «дюгнад» өткізіліп тұрады. Белгіленген күні қала тұрғындары көшеге шығып, көлденең жатқан қоқысты жинап, тазалайды. Әрине, ерікті түрде ұйымдастырылатын «дюгнадқа» қатысу-қатыспауыңыз өз еркіңізде. Дегенмен… «Дюгнад» өтер алдында сізге пошта арқылы хабарлама келеді. Онда шара өткізілетін күні белгіленіп, қатысуға шақырады. Одан бөлек, 200 кронға түбіртек келеді. Егер әлдеқандай себептермен шыққыңыз келмесе, онда 200 крон төлеңіз. Финдіктер үшін сенбілік сөзінің баламасы «talkoot» деп аталады. Олардың басым көпшілігі жеке үйлерде тұрған себепті осы күні айналаны қоқыстан тазартып, қарт адамдардың қора-қопсысын жабыла жөндеп береді. Ауыр жұмыс қолыңыздан келмесе, жас балаға бас-көз болсаңыз да игілікті істің жанашыры болып, ортасында жүру үрдіске айналған. Егер еш себепсіз қоғамдық жұмыстан «сытылып» кетсеңіз, көршілермен дүрдараз болдым деп есептеңіз.

Ирландияда Meitheal сөзі – «ұжымдық ерікті еңбек» деген ұғымды білдіреді. Белгілі бір ауданның, не қаланың тұрғындары бұл күні бас қосып әртүрлі жұмыстарды атқарады. Әсіресе, Mountain Meitheal қозғалысы кең таралған. Демалыс күні ирландықтар жиналып, таудың басына апаратын ескі соқпақты қалпына келтіреді. Мұндай игі істен бас тарту деген түсінікте жоқ нәрсе. Ал таудың сүрлеуін түзеп жатқан ирландықтардың қала тазалығына қалай қарайтынын елестетіп көріңіз.

Филиппиндіктердің «байанихан» сөзі – ерікті ұжымдық еңбекті білдіреді. Бұрындары бір жерден екінші жерге көшкен адамға жәрдемдесу деген мағынаны білдірген екен. Кейінірек бұл сөз бірлесе атқарған істің анықтамасы ретінде қалыптасыпты. Көшелерді тазалап, ауланың, көпшілік демалыс орындарын тазалап, ретке келтіреді. Осылайша жұмыла көтерген еңбектің жемісіне тамсанған. Астаналықтардың да ерте көктемде келетін тамаша дәстүрі бар. Ол – қоршаған ортамыздың, туған қаламыздың тазалығы үшін бәріміз білек сыбана кірісетін сенбілік күні.

Астаналық әкімдік үстіміздегі жылдың 10-шы сәуірінен мамырдың 10-на дейін экологиялық айлық өткізеді. 20 сәуірде болатын бүкілқалалық сенбілікке ұйымдасқан түрде қатысуға шақырады.

Қаламыздың келбеті атына сай болып, жасыл желегін көбейтіп, көркіне көрік қосуға асығыңыздар. Жерді көгертіп, қоршаған ортамыздың тазалығын түлету де – адамзаттың асыл мұраты. Дәстүрлі түрде өткізілетін қалалық сенбілік сол мұраттың бастауы деп қабылданса игі еді.

Айгүл УАЙСОВА,
a.uaisova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =