Букмекерлер балаларды бұзып жатыр

0 60

Елордада мектеп инспекторларының саны жетіспейді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың букмекерлік орындарда көп уақытын өткізу мәселесі бар. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мәслихат депутаты Ақылбек Күрішбаев осы проблемаларды көтерді.– Қазіргі күнде қаладағы мектептерде инспекторлардың тап­шылығы нақты қандай? Шаһарымызда букмекерлік орындар көп екені баршамызға аян. Маған осы мәселемен сайлаушылар жүгінді. Олардың оқушы балалары осындай орындарға барған соң, отбасыларында жағымсыз жағдайлар болған. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырсыздар ма? – деген сауалдарды депутат қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан ­Қадыроваға жолдады.
Басқарма басшысы мектептерде 17 инспектор жетпейтінін айта келе, бұл жағдай құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдерді бақылауда ұстауға қиындық тудырып жатқанын жеткізді. Ал букмекерлік орындар қызметіне араласу басқарманың құзырына кірмейтінін, бірақ бұл аса маңыз­ды мәселені басқарма «Astana – adaldyg alany» өкілдері және депутаттармен бірге қадағалауға алса, түзу жолдан тайып кеткен балаларды тәрбиелеп алуға болатынын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев құқық қорғау органдары қызметкерлері букмекерлік орындарды жабу ұсынысымен бірнеше рет қала әкімдігіне шыққанын баяндады. Бірақ қазір олардың қызметін тоқтату мүмкін болмай тұр.
– Біз букмекерлік кеңселерді жиі тексереміз. Егер онда кәмелетке толмаған баланы көріп қалсақ, ата-­анасын шақырамыз. Сосын букмекерлік орындардың иелеріне тиісті шараларды қолданамыз. Бүгінде айыппұл салудан басқа ештеңе істей алмаймыз. Мәжіліс депутаттары осындай орындарды жабуды көздейтін заң жобасын қарады. Егер ол бекітілсе, әрине, соған сәйкес әрекет етеміз, – деді Б.Малыбаев.
Қалада мектеп инспекторларымен қатар ювеналды полиция қызметкерлері де жетіспейді. Б.Малыбаев­тың айтуынша, қазіргі тап­шылық – 25 адам. Оның себебі 40 қызметкер декреттік демалыста отыр.
Бұған, керісінше, мектеп психологтарының саны артқан. «Мектептерде психологиялық қызмет күшей­тілді. Соңғы үш жылда пси­хологтар 21 пайызға кө­бейіп, 340 адамға жетті. «Ас­тана дарыны» орталығы жанында психологиялық қызмет жұмыс істеп жатыр. «Право» қоғамдық қоры және «Демеу» жеке коммер­циялық емес мекемемен бірге жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. «Амалтея» атты автоматтандырылған психодиаг­ностика іске қосылды. «Татуласу мектебі: тең-теңімен» мектеп медиа­циясын дамыту жобасы жүзеге асырылуда. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығымен бірге «Ата-­аналар клубы» атты диалог алаңын дамыту бойынша келісімшартқа қол қойдық» деді Ш.Қадырова.
Оның сөзінше, жаңа оқу жылы­нан бастап тарихта алғашқы рет қаланың 72 мектебінде ұлттық спорт пен ұлттық өнерді дамытуды көздейтін «Altyn urpaq» жобасы жүзеге асырыла бастайды. Ол 1440 баланы қамтиды. «Шығыс» балалар-жасөспірімдер орта­лы­ғында ұлттық спорт ор­та­лығын ашу жоспарлануда. Қаланың төрт ауда­нында осы орталықтың 1040 оқушысына арналған дене шынықтыру клубтары жұмыс істей бастайды. №2 өнер мектебінде енді құрылған «Tumar» art» сәндік-қолданбалы өнер орталығында 400 балаға сабақ оқытылады. Сондай-ақ «қиын» балалар мен олардың ата-аналарына көмек беретін психологиялық қыз­меттер мен қолданыстағы бағдарламаларды дамыту жоспарланған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − five =