Бүкіл қала жүгіргендей болды

0 75

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті мен Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырған Олимпиада күнін атап өтуге 10 мыңнан астам астаналықтар қатысты. Бұл жыл сайын аталып өтілетін шара еді. Алайда, бұрын осынша адам жиналмайтын. Ал, биылғы мерекенің маңызы ерекше болғаны осы жазда Ұлыбритания астанасы Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының жалауы көтеріледі. Яғни, әлемнің ең үздік спортшылары сайысқа түседі. Міне, осы оқиға елордамызда өткен Олимпиада күніне ерекше рух бергені айтпаса да түсінікті болды.

Сенбі күні астаналықтар Қажымұқан атындағы стадионға ағылды. Қарап отырсақ, бес жасар бала да, алпыстан асқан ақсақал да осында жүр. Астана қаласының Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары келушілерді жастарына қарай тіркеуден өткізіп болған соң салтанатты шеру өтті. Шеруді үш Олимпиада ойындарына қатысқан конькиші Радик Бикчантаев бастап жүрді. Ал, олимпиадалық мерекеге қатысушыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов спорт және денсаулық мерекесімен құттықтап, астаналықтарды тек осындай шаралар барысында ғана емес, тұрақты спортпен айналысуға үндеді. Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко мен күміс жүлдегері Георгий Цурцумияның тілектері де көпшіліктің көңіл-күйін бір көтеріп тастады.

Даңқты балуандар биыл олимпиада жылы екенін еске салып, Лондонда өтетін дүбірлі додада Қазақстан спортшыларына қызу қолдау көрсетейік деп тағы бір үндеу салды.

Олимпиадалық жүгіру жарыстарына мемлекеттік мекемелер, министрліктер мен елшіліктер, жоғары оқу орындары мен мектеп оқушылары, Республикалық ұлан сарбаздары мен Президенттің күзет қызметі қызметкерлері қатысты. Салауатты өмір салтын жақтаған әуесқой жүгірушілер қатары да аз болған жоқ.

Ал, олимпиадалық жүгіру мерекесінде жүлде алғандар жайында айтар болсақ, балалар арасында №10 орта мектеп оқушысы Жасұлан Әкімжан мен №66 лицей оқушысы Анастасия Семечкина мәре сызығын бірінші болып кесті. Студенттер жарысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Эльмира Молдашева мен Қаржы полициясы академиясының студенті Тұрлыбек Амантай жеңімпаз атанды. Басқа жас шамалары бойынша өткен бәсекелерде К.Зейнуллаев, Е.Медведников, Б.Нұ ра хме то в , А.Қорықбай, Г.Корнилова және Р.Михеева жеңіс тұғырынан көрінді. Ал отбасылар жарысында Баймағамбетовтар әулетінің жұлдызы жанды.

Бір атап айтарымыз, айтулы шара дәстүрдегідей тек жүгіріспен шектеліп қалмады. Ұйымдастырушылар тоғызқұмалақ, шахмат, арқан тартыс, дартс сайыстарынан да бәсекелер өткізіп, көпшіліктің көңіл-күй көтере білді.

Олимпиада күні мерекесіне арналған жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген астаналықтар қаласы әкімдігі мен осы шараға демеуші болған «Соса соlа» компаниясының тағайындаған сыйлықтарына ие болды.

Астаналықтардың спорт мерекесі олимпиада күніне арналған шаралармен ғана шектеліп қалмады. Демалыс күндері Астана қаласы әкімдігі мен Нидерланд елшілігі бірлесіп ұйымдастырған веложарыста көптеген қала тұрғындары үшін нағыз денсаулықтың мерекесіне айналды. Сондай-ақ, қаланың дәстүріне айналған «Өмір қуатымен шынық!» атты бұқаралық функционалдық жаттығулардың жаңа маусымы да басталды. Есіл жағалауында өткізілетін осы шараға өткен жылы 6500-ден астам адам қатысқан болатын. Ал, биыл бұл көрсеткіш біршама көтерілетіндей болып отыр. Бұл жөнінде Астана қаласының «Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық дене шынықтыру клубы» мекемесінің директоры Еркін Әлжанов «Бұқаралық функционалдық жаттығуларға қатысушылар қатары көбейіп келеді. Біздің мамандар ашық аспан астында денсаулықты шыңдауға өте пайдалы жаттығулар өткізе біледі. Биыл бұл шараға тағы да қызықты бағдарламалар қосылады.

Сондықтан, қала тұрғындарын әр аптаның жұма күндері Есіл өзені жағасында (Оқушылар сарайының алаңы) сағат 19.00-ден 20.00-ге дейін өтетін бұқаралық гимнастика жаттығуларына шақырғым келеді.

Денсаулығыңызды күтуге және сергек те көңілді жүруіңізге көмек көрсетуге біз дайынбыз»,– дейді.

Олай болса, спорт шараларына қатысып, өзіміздің де, қаламыздың да салауатты болуына ықыласты болайық, астаналық ағайындар.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 9 =