Бүйрегіңді берші маған

немесе ауыстырып салып, адам ғұмырын ұзарта аламыз ба?

0 64

Трансплантология латынша «ауыстырып салу» деген ұғымды береді. Бүгінде дәрігерлер үшін бүйректі, жүректі, өкпе мен бауырды, ұйқы безін, тағы басқа адамның тіндерін сау адамнан ауру адамға алмастырып салу қиын шаруа болмай қалды. Осылардың ішінде бүйректі ауыстыру отасы жиі жасалады. Ал жүректің трансплантациясы жалпы медицинаның үлкен жетістігі ретінде бағаланады.Жарты ғасыр бұрын, жүрекке жасалған алғашқы отадан кейін әлемнің әр жерінде қарқын алып келеді. Оның бір дәлелі миллиардер Рокфеллердің жеті рет жүрегін ауыстырып, бір ғасыр жасап көз жұмғанын айтуға болады. Ендеше «Жаратқанның өлшеп берген жасы» деген сөз қолданыстан қалып, қалауымызша бірнеше мәрте жаратылып, ұзақ ғұмыр жасаудың мүмкіндігі бір дәрігердің қолына қарап қалатындай.
Әзірге елімізде трансплантология мәселесіне қырын қарап, кірпідей жиырылатындардың қатары жеткілікті. Бұл медиктер үшін қатардағы жай ота болса да, тырнақ пен шаштан басқасын кесіп тастап көрмеген біздерге бүйрек-жүрегімізді өзгемен бөлісу миымызға да сыймайды. Жазатайым көз жұмған жақынымыздың ішін жарып, бір мүшесін кесіп алып, өзгеге салудан асқан жантүршігерлік те ештеңе жоқ. Халықтың сол бейілінен қайтарғысы келе ме, әлеуметтік желілерде көпке белгілі адамдардың «мен өлгеннен соң дене мүшелерімізді пайдалануға қарсылығым жоқ» дегендей сөздері естіліп қалады. Ғылым мен медицинаның дамуына біздер де кедергі бола алмайтынымызды сеземіз. Дегенмен бұл сұрақты барлық қырынан қарап, бір келісімге келетін уақыт жетті. Ол болмаған күнде ғылымның дамуы кенжелеп, ілімі асқандардың «донорына» айналуымыз ғажап емес. Осы ретте денсаулық саласының кем-кетігін толтыратын жаңа кодексті қабылдау тұрғысында трансплантология саласының беделді дәрігері мына цифр­ларды алға тартуда. Бүгінде елімізде 2800 адам бүйрегін ауыстыруды қажет етеді. 500 адамның бауырын, 110 адамның жүрегін, 15-інің ауру өкпесін сауына ауыс­тырып салу керек. Басына түспеген адамға бұлардың жан қайғысын түсіну қиын. Десе де мұны ат төбеліндей азғантай адамның қамын ойлағандықтан деп ойламаймын. Мұны Қазақстан дәрігерлерінің ұлы көштің соңында қалмауға тырысқан әрекеті деп бағалауымыз керек шығар.
Қарап отырсақ, әлемнің 40 елінде ұлттық трансплантологиялық бағдарламаның негізгі кезеңдерін реттейтін арнайы заңдар бекітіліп, Конституциясында ережелері нақтыланыпты. Австрия, Бельгия, Испания, Венгрия, Чехия сияқты батысеуропалық елдерде адам мүшелерін ауыс­тырып салудың құқықтық нормалары «келісім презумпциясы» қағидатына негізделген. АҚШ, Германия Канада, Франция, Италия халқы тірісінде келісімін заңмен шегелеп қояды екен. Алда-жалда артында келісімін қалдырмай көз жұмса, онда оның дене мүшелерін қолдануға тыйым салынады. Егер қарсы екенін білдіретін тізімде аты болмаса, онда ол өлгеннен кейін ағзасының иелігі дәрігердің қолында қалады. Автоматты түрде дене мүшелерін алып, екіншісіне сала береді, оны қоғам да қолдап отыр.
Осыдан да болар, Австрия­да осы әдіспен өкпені емдеу қатты дамып кетсе, органдарды ауыстырып салуда Испания алда келеді екен. Бұл елде ота жасау ғана тегін емес, сонымен қатар өзге мүшенің салынған адамға бітіп кетуіне берілетін дәрілер де тегін. Мемлекет бұл жүйеге белсене араласып, адам өмірі қыл ұшында тұрғанда ақы сұрау болмайтын іс деп шешіпті. Мүмкін адам сүюді испандықтардан үйрену керек болар.
Ал бізде басқаша, тіріден гөрі өліні құрметтеу менталитетімізде бар. Еліміздегі алтын қолды дәрігерлердің бірі Жақсылық Досқалиев соңғы 11 айда қайтыс болған 10 адамның органдарын пайдаланғанын айтты. Әрқайсысынан бес мүшесін алып, 50 адамның өмірін созған. «Мұны әлі де жалғастыруымыз керек, адам өлген соң дене мүшелерін де бірге көму керек деген ұғым бар. Меніңше, бұл – қате түсінік» дейді дәрігер.
Ал «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Рес­публикасының кодексі жобасында орган донорлығын насихаттау мен дамыту жө­ніндегі шаралардың іске асырылуын, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар арасында Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттарды орналастыру жолымен қамтамасыз етуді жобалап отыр. Алдағы уақытта осы саланың құпиясын бұқараға түсіндіріп, оның ашықтығына ықпал ететін сияқты. Бәлкім, жоғарыда дәрігер айтқан қате түсінікті «түзетерміз» де. Мұндай тапсырма жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшыларына беріліп отыр. Донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында азаматтарды донорлар қатарына тартуына жәрдем көрсетуге; тіндердің (тіннің бөлігінің) және органның (органның бөлігінің) донорларын қосымша көтермелеуге құқылы деп жазыпты. Байқап отырсақ, донорлық бүкілхалықтық маңызды отаға айналғалы тұр.
Заң жобасының органдарға қатысты жерін үңіліп қарағанымызбен, трансплантацияны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен таба алмадық. Демек, қызмет ақылы. Осыдан екі жыл бұрын танысымның бауырының бүйрегі ауырып, ауруханаға түсті. Сөзіне қарасақ, елу мың долларға сау бүйрек салып беруге дайын екендігін айтып, ұсыныс білдіріпті. Ақша қайдан табылсын, танысымның інісі содан бері гемодиализге отырды. Аптасына үш мәрте мемлекет есебінен қанын токсиндерден тегін тазартып тұрады. 1-топтағы мүгедек. Бұдан не ұттық?! Ота тегін жасалып, бала жақсы болып аяққа тұрса, гемодиализдің де саудасы жүрмес еді.
Заңның тағы бір тұсында қайтыс болған адамның келісімінсіз органын пайдалануға болмайды деп жазыпты. Ондай жағдайда келісетін- келіспейтінімізді айтып, алдын ала қайда жазып қоямыз? Айта берсек сұрақ көп, алаң көңіл бар, нақты жауап естілмей отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 10 =