БҰХАР БИЛІГІНІҢ МӘДЕНИЕТІ

0 227

 ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегінен ХХ ғасырдың бас кездеріне дейін қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан аумағында және Түркіменстан жерінің бір бөлігінде Бұхар әмірлігі аталған мемлекет дәурен сүрді. Ресей империясы Қазақ хандығына секілді бұл мемлекетке де өктем саясатын жүргізбей қоймады. Ақыры 1868 жылы дегеніне жетіп, Бұхар әмірлігін бағындырды. Большевиктер билікке келгеннен кейін әмірлік кеңестік халық республикасына айналды.

ҚР Тұңғыш Президентінің музейі астаналықтарға сол заманның рухын  сезінуге мүмкіндік беріп отыр. Жақында мұнда «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында «Бұхар әмірлігіндегі билік элитасының мәдениеті» атты көрме ашылды. Көрмеге қойылған жәдігерлер елордаға Санкт-Петербург қаласынан жеткізілді. Оларды бір ғасырдан астам тарихы бар, Еуразия даласын мекендеген халықтар мұрасын сақтаумен және зерттеумен айналысып келе жатқан әлемдегі ең ірі мұражай – Ресей этнографиялық музейі ұсынды.

Кеңес дәуірінде шығыстан шыққандар қараңғы, коммунистік партияның арқасында ғана көзі ашылған халық ретінде бағаланды. Олай емес екенін қазіргі заман дәлелдеп отыр. Ақтаңдақтары ашылып отырған тарих, табылып жатқан құнды мұраларымыз – соның айқын айғағы. Зер салып қарасақ, мәдениетіміз басқалардан көш ілгері болмаса, кем түспегенін көреміз. Ең сәнді киім, әсем безендірілген тұрмыстық бұйымдар, әртүрлі жағдайда ата-бабаларымыз қолданған саф алтынның құнына татитын заттар бізде болды. Ал, мүмкіндігі мол, не кием, не жеймін дегенді ойламаған ел билеушілерінде сондай заттардың неше атасы болғаны айтпасақ та түсінікті. Бұған, әрине ежелгі Қытай мен Батыс Еуропаның қиыр шығысын тоғыстырған, Еуразия даласы арқылы өткен Ұлы Жібек жолының сауда керуендерінің де ықпалы болды. «Бұхар әмірлігіндегі билік элитасының мәдениеті» көрмесі сол салтанатты көз алдымызға алып келді.

Тұңғыш Президент музейіне қойылған Бұхар әміршілерінің және олардың отбасы мүшелерінің сән-салтанаты жарасымды киімдері, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар, дипломатиялық сый ретінде берілген өзге ел билеушілерінің тартулары, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, Ислам дініне қатысты және аңшылыққа арналған заттар – бәрі-бәрі де көрмені алғашқы күні тамашалауға келген жұртты бей-жай қалдырмады. Солардың бірі – көрме лентасын салтанатты жағдайда қиып берген Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов болды.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Камал БҰРХАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Тарихшы-археолог ретінде Орталық Азияны талай араладым. Экспедицияларға шығып, қазба жұмыстарын жүргіздік. Бұхарада да бірнеше рет болып, каланың орталығындағы Арка деп аталатын аумағы ат шаптырымдай әмірлер резиденция­сын көрдім. Қаладан 10-12 шақырым жердегі билеушілер сарайы сынды сәулетті ғимараттарды да көруіме мүмкіндік туды.

Өзбек жерінде дүниеге келген ағамыз өзінің алғашқы тарихшы-археолог мамандығын Ташкент мемлекеттік университетінен игерді. Сондықтан, Бұхар әмірлігінен осы заманға жеткен бұйымдар бұл кісіге таңсық болмайтын шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, халық қалаулысы да көрмеге қойылған заттарды қызыға тамашалады. Кейін білгеніміздей, аталмыш көрме жадындағы біраз естеліктерді жаңғыртқан екен.

Көрмеге келген өзге жұрт та серуенбасылардың көмегімен тұнық өнердің сырына бойлады. Көрме 31 қазанға дейін жалғасады. Сондықтан, әлі де уақыттарыңыз бар.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 2 =