Бүгіні – берекелі, ертеңі – еңселі

0 33

Елорда халқының саны осы жылдың 1 мамырдағы жағдайына 1199083 адамды құрады. Бұл – Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің дерегі. Осыдан бес жыл бұрын ғана бас қала миллиондық межеге жеткен еді. Осы саннан жыл сайын шаһар тұрғындары шамамен алғанда 40-45 мыңға көбейіп жатқанын көруге болады. Астана адамдарды магнитше тартады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ биылғы ақпан айында өткен халыққа есеп беру кездесуінде айтқандай, басты мақсат – елорданы тұрғындарға қолайлы қалаға айналдыру.Тұрғындармен тікелей байланыс

Қазір қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау үшін біраз жұмыс атқарылып жатыр. Шаһар газдандырылып, жаңа мектептер мен ауруханалар, басқа да халыққа қажет әлеуметтік нысандар салынуда. Үлескерлер мәселесі біртіндеп шешілуде. Пандемия кезінде кәсіпкерлерге қолдау жасалды. Көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың демалысы да ұмыт қалған жоқ. Елорда мәдениеті, өнері, руханиятымен де еңселі.
Бас қала атауы осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын ауысты. Сол жазда шаһар басшысы болып Алтай Көлгінов тағайындалды. «Ол – ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман. Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болды. Оның білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадым» деді жаңа әкімді қала активіне таныстырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алтай Сейдірұлы бас қалада қызметке кіріскен уақыттан халықпен тікелей қарым-қатынасқа ден қойды. Кабинетте отырмай, тұрғындармен жиі кездесіп, олардың өтініштеріне құлақ асып жатыр. Жеке қабылдаулары да бар. Пандемия басталған уақыттан халықты онлайн форматта қабылдай бастады. Атап айтқанда, 2019 жылдың екінші жартысында – 721 адамды, 2020 жылы – 1005 адамды, биылғы жарты жылда 221 қала тұрғынын жеке қабылдады. Алтай Көлгіновтің Twitter, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде жеке парақшасы бар. Бұл ресурстар арқылы да өтініш жіберуге болады. Бір атап өтерлігі, елорда әкімі әлеуметтік желілерге жазып, халықты қалада атқарылып отырған жұмыстармен үнемі таныстырып отырады.

іQala мен «Жанұя» мүмкіндіктері

Соңғы екі жылда елордада тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған нысандар ашылды. 2019 жылдың маусым айында қала әкімдігінің қолдауымен іQala қалалық қызмет көрсету орталығы құрылды. Оның мақсаты – инновациялық әдістерді қолдана отырып, қала тұрғындары мен қонақтарына жеңілдетілген жолмен тұрғын үй-коммуналдық сектордағы ұйымдардың қызметін онлайн режимде ұсыну. Негізгі міндеттері – қызмет көрсетулерді автоматтандыру, оның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, қағазбастылықтан арылу. Қызмет көрсетуші ұйымдармен тікелей қарым-қатынасты болдырмау арқылы жемқорлық тәуекелдерін жою.
Одан соң бас қалада «Жанұя» отбасылық институтты қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықта елордалық отбасыларға «бір терезе» қағидатымен заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Осы орталыққа тек осы жылдың басынан бері әртүрлі мәселемен 23580 азамат келген. Келушілердің ең көп көтеретін мәселесі баспана болғандықтан, былтыр арнайы Тұрғын үй орталығы есігін айқара ашты. Биыл бұл орталыққа тиісті сұрақтарымен 5 мыңнан аса адам келіп үлгерген.

Баспана беру көрсеткіші артты

Баспана демекші, Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр. Былтыр шаһарда 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80 пайызы – жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсуі керек.
Мемлекет басшысы елордада қолжетімді тұрғын үй санын, құрылыс көлемін үш есеге арттыру туралы тапсырма берген болатын. Былтыр елорда әкімдігі бұл үдеден шыға білді. Жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санаты кеңейтілді. Енді әлеуметтік пәтерлерге медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады. Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін өсті.
Бас қалада жастарды қолдау ісі де жолға қойылды. Мәселен, «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келе жатыр. Бұған дейін бір мыңнан астам жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отыр.
Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында мұқтаж азаматтарға әлеуметтік пәтер беру көрсеткіші жылдан-жылға артып жатыр. Елордада 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Үлескер үміті ақталуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үлескерлер мәселесін шешуді де тапсырды. Сол үшін тиісті жоспар жасалды. Ол орындалып келе жатыр. 1,5 жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.
2019 жылы ведомствоаралық комиссияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын үй нысаны «проблемалық» деп табылған. Бұл – 15757 үлескер. 2019 жылы соның 10 нысаны толық аяқталды. 13 үйде тұратын 2534 отбасы баспаналы болды. 2020 жылы 14 тұрғын үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 2723 отбасы үйлі болды. Ал 2021 жылы 18 тұрғын үй нысанын немесе 57 үйде тұратын 7300 отбасын баспаналы ету межеленіп отыр. Алдағы жылдар жоспары былай түзілген: 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үй аяқталып, елордадағы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешілмек. Қазір 15-16 жылға дейін созылып кеткен үлестік құрылыстардың кейбірі аяқталды.
Баспанаға қатысты тағы бір бағыт – тұрғын үйлерді жөндеу, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп, оның тұрғындарын көшіру. Өткен жылы 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік  нысандар көбейеді

Елорда тұрғындары саны артқан сайын баспананы ғана емес, әлеуметтік нысандарды да көбейту керек. Бұл жұмыс та қолға алынды. Қазір бас қалада 193 мың оқушы бар. 2030 жылы бұл көрсеткіш 400 мың оқушыға жетеді деген болжам бар. Соған сәйкес мектеп құрылысы да қарқынды болады. Алдағы бес жыл ішінде 80880 оқушыға арналған 67 мектеп салу жоспарланып отыр. Былтыр пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан елордада 11 мектеп жаңадан бой көтерді. Биыл 16 мектептің құрылысы жалғасуда.
Білім сапасына да көңіл бөлініп жатыр. Мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз ету, кадр тапшылығын болдырмау мақсатында болашақ педагогтарды ынталандыру үшін орта білім алуға жыл сайын 800, жоғары білім алуға тағы 300 әкім грантын бөлу жоспарланды. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі де жоспарлы түрде артады.
Елордада медицина кластері қалыптасты. Бірақ халықтың денсаулығы қашанда өзекті. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары медициналық қызметті жылдам алу үшін біршама істер қолға алынды. Алысқа бармау үшін алда «Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес қосымша 30 «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылып, 5 медициналық мекеме салынады.

Газдандыру экологияны сауықтырады

Елорда экологиясы да назарда. Қазір бас қалада 16 тұрғын алап бар. Көбінесе солардың тұрғындары әртүрлі мәселелерге шағымданып жатады. Былтыр елді мекендерді газдандыру қолға алынды. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры арқылы Қызылорда облысынан Нұр-Сұлтанға газ тартылды. Өткен жазда бірқатар тұрғын алап тұрғындары соның игілігін көре бастады. «Көгілдір отын» алдымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 орта мектеп, «Көктал-1» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарына келді. Бұл Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан туындаған шын мәнінде тарихи оқиға болды. Үш жылға есептелген тиісті жұмыс жалғасып жатыр.
Тұрғын алаптардың 10-ы осы жылдың соңына дейін толық газға қосылады. Дәл қазіргі сәтте 7 елді мекенде газ тарату желілері толық құрылды. 2288 абонент, яғни 43 мың қала тұрғыны «көгілдір отынға» қосылуға дайын. Соның ішінде «Оңтүстік-Шығыс», «Железнодорожный», «Көктал-1», «Агроқалашық» тұрғын алаптарының былтыр газға қосылмаған бөлігінде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Алғашқы үйлер көгілдір отынға қосылып үлгерді.
Алдағы жылыту маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный» елді мекендерін газға қосуды жоспарлауда. Газдандыру жобасы аясында елорданың елді мекендерінде 350 шақырым газ тарату желілері салынды.
Газдандыру басталған сәттен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін қосу бойынша көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Былтыр газ тарифі төмендетілді.
Қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-ЖЭО және 2-ЖЭО жалпы алғанда 13 қазандықтан тұрады. Былтыр 4 қазандық газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған 9 қазандық газға көшіріледі. Жалпы шаһарды газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға көшіру жоспарланып отыр. Елорданы газдандыру 2023 жылы аяқталады.
Газдандыру Нұр-Сұлтан қаласының экологиясын едәуір жақсартады. Бұған қоса, қала экологиясына автөкөліктердің түтіні кері әсерін тигізіп жатыр. Сол себептен былтыр 100 электробус сатып алынды.

Жайлы қала жоспары

Былтыр қабылданған «Нұр- Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары тұжырымдамасы елордада жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау, қала тіршілігін қамтамасыз етуде полиорталыққа негізделген әдістерді енгізу, қала ішіндегі көлік жолдарын кеңейту, жасыл желектер мен веложолдар санын көбейту, көпірлер салу және қаланы дамыту бойынша басқа да өзекті мәселелерді қамтиды. Нақты даму картасы жасалды. Бұл тұжырымдама да бас қала экологиясына оң әсерін тигізіп, қала тұрғындарының жайлы өмірі мен демалысына арналған.
Биыл бас қалада демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Ал өткен жылы алғаш рет көпірасты алаңдар жасалды. Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Тұңғыш Президент саябағында саялы бастырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, соның ішінде тұманды булану, орындықтар салынды. Былтыр 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Осы жылы 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандырылады.

Індет кезінде қолдау көрсетілді

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында пандемияға қарамастан маңызды жұмыстар тоқтаған жоқ. Көптеген баспана мен қоғамдық кеңістіктің салынуы, қалаға газ келуі – соның айқын айғағы. Індет келгенде сомасы 31 млрд теңгені құрайтын 97 мыңнан астам жеке кәсіпкер салықтық жеңілдіктерге ие болды. Мемлекеттің меншігіндегі ғимараттарды жалдап отырған кәсіпкерлер жалдау ақысын төлеуден уақытша босатылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына біршама өзгеріс енгізіліп, кредит мөлшері 6 пайызға дейін төмендетілді, субсидияланатын сома 7 млрд теңгеге дейін өсірілді. Осы мақсатта бір жылда 2 млрд теңге дағдарысқа қарсы қаражат бөлініп, 500-ге жуық жоба қолдау тапты. Пандемия кезінен отандық тауар өндірушілерге ерекше назар аударылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жергілікті қамтуды қадағалайтын арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібі өзгертілді. 2020 жылы комиссияның 30 отырысы өткізіліп, 18 мыңнан астам тауарға СТ-KZ, яғни отандық деген сертификаттар берілді.

Астана  – руханиятымен асқақ

Елордада руханиятқа да айрықша көңіл бөлініп отыр. Екі жыл бұрын бас қалада Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Осы тұлғаларға көше аттары берілді. Барлық шаралардың басы-қасында қала әкімі Алтай Көлгінов жүрді. Елорда басшысының театр өнеріне қолдауы ерекше. Өткен жылы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры Елбасы тапсырмасымен бой көтерген еңселі жаңа ғимаратқа көшті. Қаллеки театры бұрын отырған нысанға қала басшысының қолдауымен ашылған Музыкалық жас көрермен театры кірді. Осы театрдың тұсаукесер қойылымы «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына Алтай Көлгінов арнайы қатысып, өнер ошағына ақ жол тіледі. Елорда әкімін басқа театрлардан да көріп қалып жатамыз. Шыны керек, оған дейін болған қала басшылары театрға бас сұққанын көрмеген едік.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Наурыз-2021» ұлттық сыйлығы тағайындалды.
Былтыр елорда ақын-жазушылары бас қосатын «Жазушылар үйі» Жазушылар одағының астаналық филиалына берілді. Оң жағалауда «Қаламгерлер аллеясы» ашылып, сол жерге үш бәйтерек – Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин ескерткіштері орнатылды. Бірқатар мектептерге тұлғалар аты берілді.

Халық үніне құлақ асады

Елорда әкімдігі әртүрлі ұсыныстарға ашық. Екі жыл бұрын «Акселератор Нұр-Сұлтан» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл – әкімдіктің қала тұрғындарымен жұмысын айқын көрсететін, елорданың белсенді тұрғындарын, бақыланатын құрылымдарды, жекеменшік компанияларды қала тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде біріктіретін ортақ алаң. Акселератордың назарына астана тұрғындарын мазалайтын үш маңызды мәселе алынды. Бұл – қоғамдық көлік, ПИК қызметі және елорданы санитарлық тазалау.
Ал биыл «Birge» сайты ашылды. Осы ақпараттық ресурс арқылы елорда әкімдігі бас шаһар тұрғындарынан ұсыныстар қабылдайды. Сайтқа қала тұрғындары әртүрлі бағыт бойынша ұсыныстары мен пікірлерін қалдыра алады. Апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді сүру, экология, газдандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістік, көшелерді жарықтандыру, жануарларды қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, білім беру, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, урбанистика – қалалық орта, бизнес, көлік, санитарлық тазарту секілді санаттар жеке қарастырылған.
Платформаның жұмыс істеу процесі қарапайым: бірінші – идеяны ұсыну, екінші – іріктеу, үшінші – жобаны жүзеге асыру батырмаларын басу керек. Тұрғындардың ең маңызды мәселелері мен тиімді ұсыныстары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарында көзделген жобалардың аясында жүзеге асырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + eleven =