БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫН БІРГЕ ТАҢДАЙЫҚ

0 95

Ерлік тек майданда сыналмаса керек. Бейбіт күннің де өз батырлары бар.Үндемей жүріп, үйдей жұмыс тындырған бүгінгінің қаһармандарын анықтайтын сәт жеткен тәрізді.Елорда әкімдігі «Астана» телеарнасымен бірлесіп, «Астана таңдауы – 2012» деп аталатын телевизиялық жобаның тұсауын кесті.

Байқағанымыз, жобаның өзіндік жаңалығы бар. Әлеуметтік-идеологиялық маңызы да зор. Форматы да өзгеше. Жобаның көздеген мақсаты– елорда тұрғындарының ішінен өз ісіне адал, еңбегімен халыққа жаққан жандарды таңдап, оларды елімізге таныту.

Ал, сонда «Астана таңдауы» кімнің таңдауына сүйенбек? Жобаның басты артықшылығы мен ерекшелігін осы тұста баса айта кету керек.

Таңдауды астаналықтардың өздері жасайды.

Астананың әрбір тұрғыны өзі үшін өмірлік үлгіге айналған жанды осы сайысқа үміткер ретінде ұсына алады. Яғни, басты басымдық қарапайым халықтың еншісіне беріліп отыр.

Ол үшін ерекше деп тапқан тұлғаңыз жайлы жүрекжарды пікіріңізді немесе оның кәсібилігі мен адамгершілігіне куә болған сәтіңізді жазып, Астана қаласы әкімдігінің сайтына жолдасаңыз жетіп жатыр.

Үздіктер бес сала бойынша іріктеліп алынбақшы. Яғни, қоғамда маңызға ие – дәрігер, мұғалім, учаскелік инспектор, қоғамдық көлік жүргізушісі және адамгершілік қасиетімен ерекшеленген кез келген азаматты байқауға қатысушы ретінде тіркей аласыз.

Оны тіркеудің де қалыптасқан қағида шарттары бар. Алдымен, Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған анкетаны толтыруыңыз керек. Анкетаның барлық жолақтарындағы ақпаратты толық әрі анық түрде енгізгеніңіз жөн.Бір анкетада бес категорияның тек біреуіне сәйкес келетін тұрғын жайлы әңгімеңізді жаза аласыз.

Бір электронды мекен-жайдан бір ғана әңгімеңізді жазып жібере аласыз.

Шынар ДОСАН

СҮБЕЛІ СӨЗ

Болат ТІЛЕПОВ,
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы:

— Кез келген қала өзінің тұрғындарымен мақтанады. Қарапайым жандардың «теңізге тамған тамшыдай» жұмысының нәтижесінде көркейеді. Тіпті мемлекеттің негізгі сүйенер күші де оның қарапайым халқы. Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің идеясынан туған жоба аясында осындай жандардың бейбіт күндегі ерлігі мен жақсы істерін ұлықтауды мақсат етіп отырмыз. Жеңімпаздардың суреттерін елорданың туған күні қарсаңында билборд етіп қаланың орталығына іліп қоятын боламыз.

Жаннұр АЙДАРБЕКОВА,

«Астана» телеарнасының коммерциялық директоры:

— Мұндай жоба біздің телеарна тарихында бұрын-соңды болмаған. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің өз жұмысына деген ынтасын арттыруда маңызы зор деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан жарнамасын жақсылап жасап жатырмыз. 31 мамырға дейін келіп түскен ұсыныстарды қарап шығып, көпшілікке үлгі етуге тұрарлық кейіпкерлер жайында қысқаша бейне роликтер түсіріп халық назарына ұсынатын боламыз. Бұл халықтың дұрыс таңдау жасауына септігін тигізеді. Ал, ең соңында жеңімпаз деп табылған 5 адам жайында қысқа метражды кино түсіруді де жоспарлап отырмыз.

Тағы бір ескеретін нәрсе, ұсыныстар тек 1-31 мамыр аралығында ғана қабылданады. Байқауға қатысушылардың есімімен іріктеу аяқталған соң, яғни 1 маусым- нан бастап әкімдіктің сайты арқылы танысуға болады.Сол арқылы халық өз даусын бере алады.

Дауыс беру 1-20 маусым аралығында жүргізіледі. Сосын, 1 шілдеге дейін әрбір саланың өз үздігі анықталып, аты озып келген жандар Астана күні мерекесі қарсаңында марапатталатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − nineteen =