Бүгінгінің батыры

0 29

Сол күні оны Есіл жағалауындағы көпірге Алланың өзі апарғандай. Үйден кішкентай екі қызымен шыққан ол автобуста тиісті аялдамадан байқамай өтіп кетеді. Сосын аяқ астынан балаларын көпір астындағы алаңға біраз ойнатып, артынан көпір үстіне көтерілді. Күн шыжып тұрған тал түс. Өзен суы баяу ағып жатыр. Бұл сәтте маңайда көп адам да жоқ. Осы кезде төменде өзен жағасында суға тым жақын тұрған 13-14 жастағы екі қызды байқады.Елорда күні қарсаңындағы мерекеде балаларымен серуенге шыққан «Жолаушылар тасымалы» АҚ техникалық саясат департаментінің бас менеджері Данияр Зият суға батып бара жатқан екі жасөспірімді өлімнен құтқарып қалды. Жастайынан суда жақсы жүзіп үйренген ол мектепте жоғары сыныпта жүргенде жүзуден жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алатын. Сондықтан екі қыздың суға батып бара жатқанын көпір үстінен көргесін, әрі басқа ешкім көмек бере алмайтынын біліп, ойланбастан оларды құтқаруға жүгіреді. Осылайша өзі қызмет ететін компания қызметкерлері үшін басты ұстаным болып саналатын – корпоративтік құндылықтарды бойына жинаған теміржолшы өз ісімен көпке өнеге болды.
– Бұл қыздар өзеннің жиегі бірден тік құлама тұсында «Тик-ток» түсірмекші болған екен. Сол кезде жағасында саздан аяқтары тайып, әуелі біреуі құлаған. Оны құтқарам деп екіншісі түскен. Сосын жүгіре жетіп, суға киіммен күмп бердім. Су аяқ тимейтін терең екенін бірден сездім. Бұл оларды құтқаруда қатты қиындық келтірді. Олар бір-біріне жабысып алған. Тек судың бетінде қолдары ғана шығып батып барады. Дереу екеуін жағаға итерсем, әбден үрейленіп, менің басымнан басып жатыр. Сосын судың астымен сүңгіп, екеуін 5-6 рет қатты екпінмен жағаға қарай бел тұсынан итердім. Арасында жоғары шығып ауа жұтып алдым. Сол сәтте олардың қолы жағаға ілікті, жоғарыдан сол жерде жүрген жұмысшылар да көмекке келіп, тартып алды. Өзім де әбден шаршап қалдым. Бәрі Алланың ісі ғой. Бірақ суға түсуге болмайтын жерде өте абай болған жөн, ана жерде сондай белгі де бар екен, – дейді Данияр.
Сол сәтте қыздарға алғашқы көмек көрсетіліп, барлық қызметтер жиналды. Бір қызығы екі қыздың да ата-анасы теміржолда қызмет ететін болып шықты. Олар Даниярға зор алғысын білдіріп, қыздарын аман алып қалған теміржолшының бұл ерлігі елеусіз қалмай, марапатқа ұсынылса дейді. Бір ажалдан аман алып қалғаны үшін оған ақ батасын беріп, рахметін қалай жеткізерін білмей жылап жүр. Артынан әлгі қыздың бірінің айтуынша, әбден күдер үзіп, ішіне су кіре бастағанда ол іштей өмірмен қоштасып та үлгеріпті, енді ешкім оларды құтқара алмайды деп ойлаған.
Шымкент қаласының тумасы Данияр Серікұлы теміржол саласында жоғары білім алғасын 2009 жылы «Жолаушылар тасымалы» компаниясының «Экспресс» филиалына бірінші санатты техник болып жұмысқа қабылданған. Содан бері 12 жыл бойы ол осы компанияда еңбек етіп келеді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша «Үздік маман» атағын да иеленген. Даниярдың бұл керемет ерлігі теміржол компаниясы тарапынан ерекше бағаланып, ол туралы бейнеролик дайындалмақ. Марапаты тамыздағы теміржолшылар күнінде ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + ten =