БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ КІМ?

0 171

011

Бұл қызметке келген азаматтар үшін парыз бен адамгершілік ұғым­дары өзара егіз. Өйткені, олардың миссиясы қо­ғамдағы қолайсыз құ­бы­лыстарды реттеуден, тығырыққа тірелген кісі­лерге көмектесуден тұрады. Құдды ХХІ ға­сырдың «Супермені» дерсіз. Иә, біздің әңгі­меміз құтқарушылар хақында.

Серілер сегіз қырлы

Кейіпкерлерімізді Астана қаласындағы Орталық өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағынан жолықтырдық. Осы салаға қатысты көкейдегі сауалдардың бәріне аталмыш ведомство басшысының орынбасары Бейсенбай Жексенов егжей-тегжейлі жауап берді:
– Құтқарушы қызметіне қабылданудың өзі оңай шаруа емес. Ең әуелі, талапкерлер «Азаматтық қорғаныс туралы» ҚР Заңына сәйкес үш ай бойы даярлықтан өтеді. Одан соң медициналық тексеруге жіберіледі. Денсаулығынан ақау табылмаса, дене шынықтыру пәнінен норматив және психологиялық тест тапсырады. Яғни, құтқарушы кез келген төтенше жағдайға толықтай әзір болуы тиіс. Қазіргі таңда ұжымымызда 77 құтқарушы бар. Әрқайсысы өн бойына өрт сөндіруші, альпинист, парамедик, қайық жүргізуші, автокөлік жүргізуші, кинолог, сүңгуір секілді мамандықтарды тоғыстырған. Біздің қызмет көрсету аумағымыз Астана қаласымен қоса Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын да қамтиды, – деді ол.
Әдетте құтқарушылар барлық қауіпті оқиғалардың ортасында жүреді. Жаз мезгілінде көбінесе суға бату фактілері жиі кездеседі екен. Оның біразына бос мақтан себепші. Мәселен, жақында ғана шаһар шетіндегі «Үш мөңке» демалыс аймағында 42 жастағы ер адам суға кетіп қайтыс болған. Жанындағы келіншекке «Мен Ақтаудағы теңіз флотында қызмет еткенмін» деп өтірік айтып, соны дәлелдемек ниетпен су түбіне сүңгиді. Алайда оп-оңай жағаға шығам деген ойы іске аспаған. Мұндай жайттардан бөлек, құтқарушылар мас күйінде көпірден секіретіндерді де көріпті. Қараөткел көпірінен секірген 17 жастағы қос бойжеткеннің бірі тіл тартпай қаза тапқан. Сот-медициналық сараптамасы кезінде оның алкогольді ішімдік ішкені анықталды.

012

Арадан да арашашы

Суға батқан кісіге қол ұшын созу қаншалықты күрделі шаруа екенін білмек мақсатпен аэромобильді жасақтың құтқарушысы Нұрболат Додайды сөзге тарттық. Бала кезінен бері жүзуге машықтанған замандасымыз бұл жұмыстың өзіндік қиындықтарын былайша баяндады:
– Суға сүңгу алдында арнайы киім киеміз. Ол киім неопрен материалынан тігілетіндіктен, су өткізбей, денедегі жылуды жақсы ұстайды. Одан кейін арқаға ауа толтырылған баллонды ілеміз. Онда 12 литрдей ауа болады. Баллонның салмағы – 16 келі. Ауыр дейсіз бе? Судың тұңғиығына жету үшін бұл салмақ та жеткіліксіз. Сол үшін белімізге тағы 16 келілік тас байлаймыз, – деді Нұрболат әлгі саймандарды көрсетіп жатып.
Сүңгуірдің ең басты құрал­дарының бірі – пышақ пен арқан. Кездік суға батқан кісінің аяғы абайсызда балдырға не жіпке оралып қалған уақытта керек. Ал арқан арқылы құтқарушылар өзара «ұғынысады». Оның бір ұшы сүңгуірде болса, бір ұшын жер бетіндегі әріптестері ұстап, бағыт беріп отырады.
Нұрболат сумен ғана емес, аралармен де «арпалысқан» екен. Ғимарат ішіне кіріп алып, тірі жанды жанына жолатпайтын сарыала аралар бұл жігіттен кәдімгідей қаймығады. Әрине, алдымен тістеуіш жәндіктерден қорғайтын киім киюді ұмытпау қажет.
– Мұны майда-шүйде жұмыс деп әлдебіреулер менсінбеуі мүмкін. Бірақ аралар шынында да адамдардың мазасын қашырып, тынышын бұзады. Сондықтан үйіне не офисіне аңдаусызда ара кіріп кетсе, халық дереу бізді шақыра қояды. Сауға сұрағандарға жәрдемдесу – біздің міндетіміз, – деп жымиды құтқарушы жігіт.

Ит иесіне тартады

013

Айтпақшы, аэромобильді жасақтың жемісті жұмысына төрт аяқтылар да бірден-бір себепкер.
– Бізде 8 иісшіл ит бар. Олар – үйіндінің арасынан адам іздегенде немесе елсіз жерде кісі жоғалып кеткенде таптырмас көмекші, – деді құтқарушы әрі кинолог Нұрбек Кәрібай.
– Иттерді бұл «жұмысқа» қалай үйретеді?
– Күшік кезінде алаңға шығарып, адам іздетеміз. Біреуіміз көрінбейтін тұста тығылып жатып, жануардың қырағылығы мен иіс сезгіштік қасиетін байқаймыз.
Бақсақ, құтқарушылар небір тосын шақыруларға аттаныпты. Балалары бастарына құмыра киіп, қайта шығара алмай қалған немесе кілтін үйге ұмытып кетіп, есігін аша алмай әуреге түскен тұрғындар дереу осы қызметке жүгінеді. Ол ол ма, саусағына сақина кептеліп қалған әйелдер де құтқарушыларға телефон соғатын көрінеді. Қызығы, әр кедергіден белгілі бір айла-тәсілдермен шығуға болады. Мысалы, соңғы ситуацияда күп болып іскен саусақты сақина тұстан жіңішке жіппен ораймыз. Жіп ораған сайын саусақ та қысылып, сақинаның шығуы жеңілдейді. Әбден тартылғанда, жіптің ұшын жүзіктен өткізіп, тырнаққа қарай сырғытамыз. Сақинаңыз да, саусағыңыз да дін аман.
Құтқарушылар сынап төгілген жерді де түгелдей залалсыздандырады, іштен кілттеніп қалған есігіңізді де ашуға көмектеседі, ағашқа өрмелеп төмен түсе алмай қалған мысығыңызды да қолыңызға табыстайды, құ­дыққа құлап кеткен итіңізді де өзіңізге қайтарады. Қысқасы, нендей қауіпке де тойтарыс беріп, бұқараның жайлы тұрмысын күзетеді. Бұдан кейін оларды «Суперменге» теңемей көріңіз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 8 =