Бүгінгі өмір бейнесі

0 73

Жуырда елордадағы Жастар театрында белгілі қаламгер, драматург Баянғали Әлімжановтың «Қарыз бен Қаспақ» атты комедиялық жанрда жазылған спектаклінің премьерасы өтті. Қазіргі қоғамдағы көлеңкелі тұстарды нысанаға алып, замана тамырын дөп басқан қойылым екі күн бойы көрермендерді күлдіріп қана қойған жоқ, ондағы астарлы оқиғалар арқылы ой сала білді.

Ақша мен материалдық игілік басты құндылық саналған қоғамда несие алып, қарызға бату да қалыпты жағдайға айналды. Қазір бұған ешкім таңғала қоймайды. Оны екі адамның бірінің басындағы жағдай деп түсінеміз. Алайда «алмақтың да салмағы бар» екені рас.
Қойылым қарапайым ғана несие алудан туған шытырман оқиға желісіне құрылған. Ондағы бас кейіпкердің бірі Баспақ ойланбай қарыз ала береді. Қарыз алып машина мінеді, қарыз алып курортқа барады, қарыз алып сауда жасайды, ақыр аяғы қарызға белшеден батады. Енді ол осы қиындықтан құрдасы Қаспақтың ақыл-айласының арқасында аман құтылады. Қаспақ – тіршілікке епті, есепке жүйрік, оңқай асықтай жылдам адам. Жалпы бұл екі кейіпкерге ұқсас бейнелерді кәдімгі тіршілікте жиі көріп жүрміз. Әдемі әзіл, әсерлі көрініс, ұтқыр ой, қызықты сюжетке құрылған комедияны талантты режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманқожаев шеберлікпен өре білген. Режиссер жүктеген міндетті актерлер де жоғары деңгейде орындап, кейіпкерлердің сан түрлі образын келісті жеткізді. Әсіресе Қоспақты сомдаған Данияр Оразаев, Баспақты ойнаған Елдос Шайкенов, Оспақты бейнелеген Айсұлтан Жалиев, Тостақты бедерлеген Нұрбек Әлібек секілді актерлердің өнері көрермендерді жылы әсерге бөледі.
– Бүгінде біраз адамдар несие алып, оны төлей алмай, қиындыққа ұшырап жатады. Содан ой туып, осы пьеса дүниеге келді. Бұл шығарма кітабыма енсе де, ешқайда қойылған жоқ еді. Бір күні Жастар театрының режиссері Бекболат Құрманқожаев хабарласып, осы туындыны қоямыз деп айтқанда, қуанып қалдым. Дайындық барысында режиссермен бірлесіп жұмыс істеп, кейбір кейіпкерді қайта ширатып жаздым. Премьера өте жақсы өтті, өзіме ұнады. Бекболат шығарма желісін сақтап, көркем, әсерлі әрлей білген. Әртістердің өнеріне де көңілім толды, олардың ойыны тұтас ансамбльді құрап, жұп-жұмыр дүние болып шыққан, – деді комедия авторы Баянғали Әлімжанов.
Сондай-ақ аталған спектакльдің сахнаға сәтті болып шығуына үлкен үлес қосқан суретші-қоюшы Ерлан Тұяқов, костюм суретшісі Алтынбек Ермұқан және балетмейстер Шырын Мұстафинаның еңбектерін де айта кеткен жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − eleven =