Бүгінгі күннің қаһармандары

0 33

Премьер-министрдің орынбасары, COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов елордадағы медициналық мекемелерге барып, Президенттің нұсқаулары мен індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімдерінің орындалу барысын тексерді.Е.Тоғжанов алдымен амбулаторлық-емханалық және стационар­ды алмастыратын көмек көрсететін, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем шақыр­туларына қызмет көрсететін №9 қалалық емханада болды. Бүгінгі таңда емхана 95 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Пандемия кезінде емханада фильтр-кабинеттер мен провизорлық бөлім ұйымдастырылды, бұл жерлерде ПТР-зерттеу үшін биоматериал алынып, сондай-ақ қажетті ем тағайындалады.
Сонымен қоса, ведомствоаралық комиссия басшысы Damumed мобильді қосымшасы арқылы іске қосылған науқастарды тегін онлайн-қабылдаудың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде 19 ұйым осы қызметке қосылған. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы 31 медицина ұйымы онлайн-консультациялар жүргізетін болады.Бұдан өзге, емханада жедел жәрдемге түсетін жүктемені жою мақсатында бес мобильді бригада ұйымдастырылған. Бұл мобильді топтар COVID-19 және пневмониямен сырқаттануға күмәнді науқастарға үйде қызмет көрсетеді, дәрігерлер тексеріп, ПТР-зерттеуден өткізу үшін биоматериал алынады және қажетті ем тағайындалады.
Сондай-ақ Е.Тоғжанов қалалық жедел медициналық жәрдем стансасына барды. 2016 жылдан бері стансада кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көлемі аясында ауруханаға де­йінгі шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде мұнда 1414 медицина қызметкері жұмыс істейді, 80 бригада мен 124 автокөлік құралы бар. Қазір жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндер санының азайғаны байқалып отыр. Егер 22 маусымда оған тәулігіне 4,3 мың адам жүгінсе, 16 шілдеде 1,9 мың адам жүгінген. Оның ішінде КВИ бойынша жүгіну саны тәулігіне 500-ден 254-ке дейін төмендеген. Жедел жәрдемді шақырту саны тәулігіне 3 мыңнан 1,3 мыңға дейін қысқарған.
Премьер-министрдің орынбасары бұдан бөлек №2 қалалық көпсалалы аурухананың жұмысымен танысты. Бұл аурухана – науқастарды барлық сала бо­йынша қабылдайтын бірден-бір емхана. Аурухана жедел медициналық көмек бойынша да, адамдардың өздігінен жүгінуі бойынша да науқастарды тәулік бойы қабылдайды. Бір тәулік ішінде орта есеппен 300-ге жуық науқас көмекке жүгінеді, соның ішінде 200 адам жедел медициналық жәрдем бойынша, 100 адам өз еркімен дәрігерге қаралады. Ауруханада індетпен ауыр­ғандарға арналған 30 инфекциялық төсек-орын, сондай-ақ жансақтау бөлімінде қажетті медициналық жабдықтармен, оның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен жарақталған 9 төсек-орын бар. Аурухана мамандарының штаты 1700-ден аса жоғары білікті қызметкерді қамтиды, оның ішінде 500-і – дәрігер. Аурухананың 200-ден аса қызметкері ауырған, оның ішінде 150 адам сауығып, жұмысына оралған.
Ақ халатты жандармен кездесуде Е.Тоғжанов медицина саласының барлық қызметкерлеріне алғыс білдіріп, олардың күнделікті ерен еңбегін атап өтті және оларды бүгінгі күннің қаһармандары деп атады. Лауазымды тұлғамен әңгімелесу барысында дәрігерлер әріптес­терінің атынан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді, бұл мәселе бойынша Е.Тоғжанов медицина қызметкерлеріне барлық қажетті төлемдер толық көлемде аударылатынына сендірді.
Сонымен қатар, медицина мекемелерін дәрілік препараттармен одан әрі қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Бүгінгі таңда медицина мекемелері дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Ведомствоаралық комиссияның басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» ЖШС-ке еліміздің барлық медицина мекемелерінде дәрілік препараттардың айлық қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − nine =