БРУНЕЛ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ БІЛГЕН-ТҮЙГЕНДЕРІМ

0 117

Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ата-ананың, қоғамның және ең бастысы ұcтаздардың еншісінде. Сапалы білім беру мәселесі тек қана білім беру саласын емес, бүкіл елді алаңдатады. Себебі болашақтың жарқын болуы бүгінгі білім жүйесінің мықтылығымен анықталады.

Жаңа заман талабына сай болу үшін талпыныс керек. Мен де көптеген әріптестерімдей, Елбасы тағайындаған «Болашақ» халықаралық бағдарламасына қатысып, Лондон қаласындағы Брунел университетінде білімімді жетілдіріп, тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болдым. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпі­рінен жиналған оқытушылар инновациялық білім беру технологиясы және оқу тәжірибиесін жақсарту бағдарламасы бойынша  біліктерін арттыруда. Бағдарлама оқу процесін ұйымдастыру, басқару, білім беру әдістері, студенттермен жұмыс істеу, өздігінен білім алуды жетілдіру, кәсіби даму, білім беру стретегиясы, зерттеу жұмысын жүргізу, мақала жазу және шетелдік басылымдарда шығару сияқты бірнеше бағытты қамтиды. Оқу барысында түрлі экскурсиялар да  ұйымдастырылады.

Брунел – халықаралық дең­гейдегі, Лондонның батысында орналасқан көне университет. Ол ХІХ ғасырдағы өнеркәсіп революциясының басты тұлға­сының бірі, жаңашыл, ғалым, инженер Изамбард Брунелдің атымен аталады. Университет жанындағы  бизнес мектеп өткен жылы «Ең үздік бизнес мектебі» атағын жеңіп алған. Әрине, ағыл­шындардан  үйренеріміз әлі де көп. Дегенмен, ерекше мән беріп,  ой түйген артықшылықтарына тоқтала кетелік.

Ұлыбритания универ­си­тет­терінде сабаққа қатысу міндетті емес. Бұл елде студенттер өз еркімен білім алатын ізденімпаз, өз бетінше шешім шығара алатын, өз болашағына жауап бере алатындай болуы тиіс. Студенттерге бағыт беру үшін оқы­тушылар да ұдайы ізденісте болуы керек. Қазіргі уақытта ға­лам­тор арқылы барлық саладағы ақ­парат­тарға қол жеткізуге болады. Әркім ғы­лым­ның, техниканың, мәде­ниет­тің, саяси өмірдің қандай да бір саласынан жүйелі түрде таным көкжиегін кеңейтетін  болса, оны орнымен қолдана білетін болса көп нәрсеге қол жеткізеді. Өкінішке қарай, саналы түрде білім алу, оны шығармашылық деңгейде іске асыру көп адамның қолынан келе бермейді. Сол себепті, білімді бас­қару мәселесі қазіргі уақытта көп­теген ғалым­дарды ойландыруда.

Жаңашыл педагогикалық әдіс­терді үйрену біздің Англиядағы күндеріміздің мәнін ашты десек болады. Университеттің ерек­ше­лігі тек қана академиялық бі­лім беріп қана қоймай, сту­дент­терді бизнес өмірге бейімдейді. «Business life» бағдарламасы жастарды жұмысқа машық­тандыру үшін әрі қазіргі кездегі кәсіпорындар сұра­ны­сына не­гізделіп жасалған бағ­дарлама. Оған студенттер қалауы бойын­ша тіркеледі. Коммуни­кация, яғни өз ойын еркін жет­кізу, топпен жұмыс істеу, талдау мен зерттеу, шешім шығару, өз іс-әрекетін жоспарлау, жаңа өз­герістерге тез бейімделу секілді қабілеттерді ұштайтын арнайы іс-шаралар ұйымдастырады, ірі кәсіпорындардан мамандар келіп ой-пікірлерімен алмасады.

Тағы да бір ойландыратын мәселе – студенттердің жұмысын бағалау әдісі. Бұл университетте әр пәннің емтиханын тексеруге пән оқытушысынан бөлек, тағы да бір оқытушы тағайындалады. Орын алған олқылықтар болса, бірлесе отырып шешеді. Шаруа мұнымен түгесілмейді. Бұдан кейін жұмыстарды алдын ала та­ғайындалған топ тексереді. Сөй­тіп, бірнеше тексерістен өт­кен­нен кейін ғана соңғы нақты бағасы анықталады. Бұл өз кезегінде студенттер жұмысын тексергенде әділдікке, жан жақты бағалауға мүмкіндік береді және келісіп пішкен шешімге студенттер тарапынан да көп уәж туындамайды.

Тағы бір таңғалатыны, университетте «feedback», яғни кері бай­ланыс өте жақсы жолға қойыл­ған. Студенттердің барлық жұмыс­тарына ауызша немесе жазбаша кері байланыс беріледі. Егер қателіктері болса айтылады, өте жақсы жасалған жұмыстар да тал­қыланады. Ол студентерге өз жұ­мыстарының жақсы жақтарын анық­тауға, оны  әрі қарай дамытуға  мүмкіндік береді. Яғни, студенттер оқытушылардың қаншалықты  кәсіби маман екенін  біледі.

Тағылымдама барысында әр түрлі білім беру техникасы мен әдістерін де меңгеріп жатырмыз.Алған тәжірибиемізді өзіміздің әріптестерімізбен бөлісіп, ұлттық ерекшелігімізге қарай жетілдіре бермекпіз.

 

Әмина УАЙСОВА,

Абылайхан атындағы  Халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінің аға оқытушысы, «Болашақ» стипендианты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =