Брендке айналдыру – басты мақсат

Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Арап ЕСПЕНБЕТОВПЕН сұхбат

0 14

– Арап Сіләмұлы, биыл – Абай Құнанбайұлының мерейтойы. Мерейтой аясында 500-ге жуық шара ұйымдастырылмақшы. Дүбірлі тойдың халыққа берер тағылымы қандай? Осы шараның барлығының қоғамға пайдасы тиеді деп ойлайсыз ба?– Иә, өте жақсы сұрақ қойып отырсыз. Менің ойымша, 500 шара өткізу бір жағынан дұрыс, екінші жағынан сол шараның соңынан қуып кеткендей боламыз. Дұрыс дейтін себебім, Абайды тану үшін әрбір ұжымда, әрбір топта, әрбір сыныпта іс-шаралар өту керек. Осының барлығын жинақтайтын болсақ, бұл 500-ден де асып кетеді. Ол Абайды тану, таныту үшін керек. Жай іс-шара үшін өткізетін болсақ, онда біз мақсатымызға жетпейміз. Әр шараның сапасына, алдына қоятын мақсатына, атқаратын міндетіне көңіл бөлініп жасалса, оның көптігі жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, біз осы кезеңде Абайды танытуды жоғары сапаға көтере алдық па, жоқ па, осыған көңіл бөлуіміз керек.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Әлем біздің рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес» дейді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Шын мәнінде, ­Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласын бірнеше қайтара оқып шықтым. Бұл Абайды зерттеудің, Абайды танудың жаңа парақтарын ашқан, болашағына жол сілтеген бағдарламалық бағыттағы дүние деп ойлаймын.
Қазір бізде абайтанушылар қаптап кетті, абайтанушы дегеннің өзі Абайды тануға өзінің барлық күшін, жігерін аямай төгіп жатқан, соған өзінің үлесін қосқан адамды айту керек. Мен қаншама мақала жазсам да, қанша кітаптарым шықса да, өзімді абайтанушымын деп айтуға кейде жүрексінемін. Бұл адамға үлкен міндет жүктейтін сияқты. Абайтанушы деген нәрсе – тек Абайды тану емес, тұтас қазақтың мәдениетін, қазақтың әдебиетін, рухани қазынасын тану деген сөз. Ендеше осыған зор жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Осы орайда әлемдік дәрежеде таныту керек деген мәселе туындайды. Ол дұрыс. Әр ұлттың өзінің бір бренд тұлғалары бар. Президентіміз Абай сол брендке айналса екен дейді. Мысалы, орыстар өзінің Достоевский мен Толстойы, Пушкинімен мақтанады. Ағылшындар Шекспирді мақтаныш көреді, тағы басқа ұлттар да бар. Абайды сол дәрежеге жеткізуіміз керек. Өйткені Абайдың сіңіріп кеткен еңбегі, оның беріп кеткен қазынасы, ойлары жеткілікті. Соны қазып, ашып барып, шын мәнінде, әлемдік деңгейдегі ойшыл, суреткер, қаламгер дейтін дәрежеге жетуіміз керек. Сонда ғана біз Абайды танытқан боламыз. Абай туралы аса көп іс-шаралар өтіп жатыр. Басты қуантатыны – Абай шығармаларының әлем тілдеріне аударылып жатқаны. Бірақ Абайды шын мәніндегі құбылыс ретінде танып, брендке айналдыру – біздің ең басты мақсатымыз. Президент мақаласында айтылған ойлар бізді осы мақсатқа жетелесе керек.
– Әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Әуезовтің «Абай жолы» романы тұру керек дейді. Ал бүгінгі жастардың басым көпшілігінің кітап оқымайтыны бәрімізге белгілі. Мұндай құнды кітаптарды оқыту үшін қандай әрекеттер жасалу керек деп ойлайсыз?
– Бұл – үлкен проблема. «Кітап оқымайды» деп біржола байбалам салу да қиын. Бірақ кітап оқитын адамдардың азайып кеткенін де мойындауымыз керек. Бұл ащы шындық болса да, мо­йындауға тиістіміз. Бүгінде біз әр қазақтың үйінде ұлттық аспабымыз – домбыра ілініп тұрғанын қалаймыз. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының айтып отырғаны сол домбыраның қасында Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» романы болса дейді. Бұл да жақсы талап, нағыз қазақпын десең, үйіңде осы болсын. Себебі қолыңда тұрған соң оқисың. Қазақ руханиятының самғауы үшін, Абайдың шын танылуы үшін құр Абай деп қоймай, Абай нені жазған, Мұхтар нені суреттегенін білетін болсақ, оның ешкімге зияны жоқ. Ол оны қай тілде оқыса да өзінің еркі болуы керек. Бұл ретте Президенттің айтып отырғанын толық қабылдаймын. Әр үйде қасиетті қазыналарымыз болуы тиіс.
– Абайды әлі де ашы­лып бітпеген құнды кітап деп білеміз. Абайдың өмірі, өнері жайында қандай да бір жаңаша деректер табылып жатыр ма?
– Бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау керек. Мұхтар Әуезов «Абай және зерттеушілер» деп аталатын мақаласында осы туралы айтып кеткен. «Абайдың дүниесін біршама жинап алған сияқтымыз, енді осыны көбейтеміз деп әуреленбей, бар нәрсенің өзін елге жеткізуіміз керек» дейді. Абай елінде Абайша толғайтын, Абайша айтатын ақсақалдар бар. Оның барлығын Абай деп қабылдауға болмайды. Сондықтан жаңадан табылған өлеңі, шығармасы дегенде өте бір ұқыптылықпен қарап, соған назар аудару керек дейтін мәселені айтады. Шын мәнінде, Абайды көбейте бергеннен ештеңе шықпайды. Біреулер Абайдың «Жаңа закон» өлеңі деп шықты, ал шындығында ол өлең бұрын да жарияланған. Бірақ халық оны қабылдамады. Абайдың тағы бір өлеңдерін жариялаймыз, жаңартамыз деген ұмтылыстар да бар. Оның барлығына ұқыптылықпен, байсалдылықпен қарамаса болмайды. Абайдың шығармасын көбейтеміз деп барымыздың өзін ұқсата алмай қалсақ, онда біз үшін үлкен қайғы, дерт болар еді. Бізде сенсацияны қуып, «мынау – Абайдың жаңа дүниесі» дегендер көп. Ентелеп бірінен кейін бірі қосыла беретін болса, онда Абайды насихаттағаннан гөрі тапа-тал түсте талапайға салғандай боламыз. Оған бармауымыз керек. Осы мәселеге назар аударғым келеді. Бар нәрсені ұқсатайық!
– Абайдың 175 жылдық ме­рей­тойына өзіңіз қызмет ететін Шәкәрім университеті тарапынан қандай шаралар атқарылмақ?
– Үлкен жоспарларымыз бар. Мысалы, тамыз айында өтетін конференцияны біздің Шәкәрім университеті дайындайды. Оған қосымша Абайдың әкесі Құнанбайды да ұмытпағанымыз жөн. Бұрынғы көзқарас бойынша әке мен баланың арасында тартыс, қайшылық бар деп келді. Ол бізде жоқ. Бізде үлкенге, әкеге қарсы сөз айтпай, мүмкін болса, соны мәдениетті түрде жеткізіп, өз ойын айтып отырған. «Әке – балаға сыншы» деген сөз тегін айтылмаған. Сондықтан Құнанбайдың өзін біз дәріптейтін жағдайға келе жатырмыз. Ол – жақсы дүние. Облыс әкімінің басшылығымен Абайдың туған жерін абаттандыру ісі жөнге қойылып жатыр. Семейден Қарауылға бара жатқанда 21 шақырымда Ақшоқы дейтін жер бар. Сонда Құнанбай, Құнанбайдың барлық туыстары жерленген үлкен қорым орналасқан. Сол жердің өзін жөндеп, ретке келтіреміз деп жатыр. Сондай-ақ дәл сол жерде Құнанбайдың музейін ашпақ. Бұл – үлкен дүние. Ал 18 наурыз күні университетімізде Құнанбай конференциясы өтеді. Конференция аясында жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов­тың «Құнанбай» деп аталатын кітабының тұсаукесері болады. Бүгінде университет ректоры Мейір Ескендіров облыс әкімінің тапсырмасымен Абайдың қара сөздерін ағылшын тіліне аударып жатыр.
– Өзіңіз осы мерей­тойға қандай үлес қос­пақ ниеттесіз?
– Шәкәрім университетінің ұжымымен абайтанудың 5 томдық таңдамалы жинағын және Абай музейімен бірігіп «Абайдың ақын шәкірттері» деген 4 томдықты дайындап жатырмыз. Сонымен қатар 1909 жылы Санкт-Петербургте Абайдың Ілияс Бараганскийдің баспасында жарық көрген алғашқы жинағының репринттік басылымын дайындау үстіндеміз.
– Бастамаларыңыз­ға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Наргиз КАМБАЕВА,
Семей қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды