БРАЗИЛИЯДАҒЫ 5 АНЫҚ

0 105

519014-bolelshhik-sbornoj-brazilii

Олар – Колумбия, Франция, Коста-Рика, Аргентина, Бельгия. Өз тобындағы үш қарсыласты шаң қаптырған жүйріктер. Елдің абыройы жолында ерте қамданғандар десек те болады-ау…

«А» тобы. Ойда жоқта Мексикамен тең ойнаған алаң иелері соңғы турда Камерунды ірі есеппен ұтып, топтан бірінші болып шығуды ойлайды. Ал екінші орын үшін Хорватия мен Мексиканың жан беріп, жан алысатыны анық.

«В» тобы. Соңғы турда бір-бірімен кезедесетін Голландия мен Чили топ тізгінін қолға алу үшін ғана таласқа түседі. Тең ойын болған жағдайда «қызғалдақтылардың» жолы болды дей беріңіз. Чили – екінші.
Ескерте кетейік, «А» және «В» тобындағы соңғы кездесулер өткен түнде ойналғанына байланысты қорытындысын алдын-ала жариялау мүмкін болмады.

«С» тобы. Колумбия алдына қара салмады. Ал келесі кезеңге өтетін екінші команданың тағдыры – Кот д’Ивуар, Грекия, Жапония құрамаларының өз қолында.

«D» тобы. Үш әлем чемпионымен бір топқа түскен Коста-Рика құрамасының жаназасын алдын-ала оқып тастағанымыз рас еді. Қателесіппіз. Уругвай мен Италияны жер жастандырған олар өз тобының бірінші командасына айналды. Ал соңғы турда Уругвай-Италия құрамаларының арасындағы «соғысқа» куә болатынымыз анық.

«Е» тобы. Франция өздері қалаған нәтижеге қол жеткізді. 6 ұпаймен топ бастады. Ал екінші орынға Швейцария мен Эквадор қол созады. Бұл ретте еуропалықтардың үміті басым.

«F» тобы. Аргентина да алғашқы екі ойында жеңіліс көрмей, плей-офф кезеңіне бірінші болып жолдама алды. Енді олардың ізіне еру үшін Иран мен Нигерия таласатын болады.

«G» тобы. Соңғы турда тиісінше 4 ұпайы бар қос команда – АҚШ пен Германия өзара бақ сынасып, топтан бірінші болып шығу жағын қарастырады. Португалия өз есептері үшін «неміс машинасының» жеңісін тілей отырып, ганалықтарды ұтуға тырысады. Ал африкалық футболшылар АҚШ-тың ірі жеңісі арқасында өздері де Роналдуларды таптап өтіп, келесі кезеңге шығатын сенімде.

«Н» тобы. Бельгия топтан бірінші шықты. Ал Алжир, Ресей, Оңтүстік Корея футболшыларының тағдыры соңғы турға байланып тұр. Кімнің екінші боларын нақты айту қиын.

Әп дегенше әлем біріншілігінің екі айналымы өте шықты. Біз білетін тағы да бес анық бар. Олардың санатына қазіргі әлем чемпиондары Испания, Англия, Австралия, Гондурас және Босния-Герцеговина енеді. Бұлар – аттыға еріп таңы айырылған жаяудың кебіндегі қырсыздар. Кіл мықтының соңына ере алмай ерте өшкендер. Жарайды, үлкен жарысқа алғаш рет қатысқан босниялықтарды түсінуге болады. Сондай-ақ, Гондурас пен Австралияны да қаралаудан аулақпыз. Бізді таң қалдырғаны – ағылшындар мен испандар. «Челси» мен «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид» пен «Барселонаның» жігіттері жерге қараған уақытта футбол әлеміне тың серпін енгенін байқадық. Олардан басқа да халықтың доп тебетініне көз жеткіздік. Бір өкініштісі, жаңа буынның қатарында қазақтың жігіттері жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + three =