Бозоқтан Нұр-Сұлтанға дейін

0 17

Таяуда Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені дайындаған «Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасу тарихы» атты деректі фильм бірқатар телеарнадан көрсетілді. Астана күніне тарту етілген жарты сағаттық туынды ортағасырлық Бозоқ қалашығынан басталатын бас қаланың шежіресін тарқатады.Аса көрнекті археолог ­Кемел Ақышев тауып, індете зерттеген Бозоқ қалашығы сайын далада, Есіл және Нұра өзендерінің сағасында осыдан 1200 жыл бұрын, VII-VIII ғасырларда бой көтерді. Көшпенділердің мәдениетінен сыр шертетін қалашықты осы аумақта өмір сүрген көне түркілер игерді. «Бозоқ» сөзі көне түркі жазбаларында «Шығыс» мағынасын береді. Бұл туралы руникалық жазбалар мен орта ғасырдан бізге жеткен мұра – «Оғызнама» эпикалық дастанында айтылады. Қазіргі кезде Бозоқтың орнында ашық аспан астындағы музей ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бозоқ осыдан мың жылдан аса уақыт бұрын бұл далада өркениет болғанын дәлелдейді. Мәселен, қазба жұмыс­тары жүргізілгенде, қалашық аумағынан кірпіш күйдіретін пештер табылды. Бұл осы жерде металлургияның жақсы дамығанын көрсетеді, – дейді «Бозоқ» музей-қорығының директоры Сәуле Бұрбаева.
Бозоқ қалашығы ХІХ ғасыр­дың орта шеніне қарай Ақмола бекінісінің негізі қалануына себеп болды. Ерекше атап өтерлік жайт, осы жазда бекіністің ашылғанына 190 жыл толды. Кейіннен оған қала мәртебесі берілді. ХХ ғасырдың ортасында Целиноград атауына ие болған шаһар тың астанасы атанды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қалаға ежелгі Ақмола атауы қайтарылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алатаудан Арқаға көшіру туралы тарихи шешімі кешегі Ақмоланың бүгінгі сәулетті де дәулетті шаһарға айналуына негіз қалады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласын әлем таниды. Жиырма екі жылдың ішінде қала танымастай болып өзгеріп, көрген жұрт тамсанатындай деңгейге жетті.
Деректі фильмде шаһар тари­хына қатысты осындай мәліметтер молынан қам­тылған. Әсіресе, Есіл бойын­дағы шағын шаһар қалай астана атанғаны жан-жақты тарқатылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =