«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бозоқ аруының бейнесі

0 504

 «Eurasian Book Fair – 2018» атты ІІІ Еуразиялық халық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәрбану Бейсенованың Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған «Бозоқ аруы» кітабының таныстырылымы өтті.

Автордың «Ұлы дала арулары» аталатын жобасы шеңберінде бұған дейін «Сүйінбике» кітабы жарық көрді. «Бозоқ аруы» – осы сериядағы екінші кітап. Бұл туралы таныстырылымды жарасымды жүргізген ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы айтты.
Сөз реті келгенде, ғылым жолына түскен ақынның көрме-жәрмеңке аясында Ақыт қажы Үлімжіұлының шығармашылық тұлғасы хақындағы «Қалам, сия – көз жасы» атты еңбегі де таныстырылғанын айта кетейік.
Ал «Бозоқ аруы» – тарихи деректерге көркемдік қиял көмкеріліп жазылған кітап. Бұл кітапты оқып шыққан адамдар да бар екен. Солардың бірі – академик, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Сейіт Қасқабасов.


«Бізде қазақ қыздары туралы аз да болса кітаптар жазылып жүр. Бірақ соның бәрі белгілі бір қағидамен, белгілі бір идеяның қызығымен туындауда. «Бозоқ аруы» еңбегінің олардан ерекшелігі, онда қазақтың ұлы әйелдері, ханымдар, ғажап аналар жайында бірнеше әдемі очерк, әңгіме жинақталған. Осының алдындағы «Сүйінбике» кітабын Татарстан ғалымдары жоғары бағалап, «қазақтар, ханымымызды бізден тартып алдыңыздар» деген өкпесін де бізге айтқан. Бірақ біз: «Айналайын, бұл татардың ханшасы болғанымен, қаны, тегі біздің даладан шыққан қазақтың қызы» деп айттық. Оны өздері де мойындайды» деп бір қайырған академик «Бозоқ аруы» кітабына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасына енгізілген Астана іргесіндегі Бозоқ қалашығын белгілі археолог Кемел Ақышев тапқаны әмбеге аян. Сейіт Асқарұлының айтуынша, «Бозоқ аруы» кітабы оның өмірін қамтиды. Яғни кітаптың прототипі – ғалымның өзі.
«Шәрбану қарындасым кітапта Кемелдің атын Шырақбек деп әдемі қойып, оның Бозоқты іздегенін суреттеген. Археологтың Ленинградта оқыған кезеңінен бастап, арманына дейін әдемілеп келтірген. Мені таңғалдырғаны автор еңбегін постмодернистік тұрғыдан жазған. Шырақбектің түсіне кіретін елесті, Кемел ағаның идеяларын көркем тілмен кестеледі. Елесті әдеби туындыларда кезінде керемет пайдаланған Жүсіпбек Аймауытов еді. Шәрбану Бейсенованың қолданған әдісі де үлкен прозаиктерден кем түспеді. Танымдық мағынасы терең кітапты өте қызығып оқыдым» деді ғалым.
Кітаптың екінші бөлімінде ұлы аналарымыз туралы жазылды. «Домалақ ананы бәріңіз білесіздер. Ол туралы аңыздар көп. Кітапқа соның Албан, Дулат, Суанға ана болуы сияқты ең негізгі сюжеттері алынып, енгізілді. Және өте бір шұрайлы тілмен, сенімді етіп кестеленді. Бегім сұлу – қазақ фольклорында, қазақ мифологиясында үлкен орны бар, Қорқыт ата мен Қарабурамен, Жанкент қаласының тарихымен тікелей байланысты образ. Алтайдың ханшайымы табылғанда археологияда үлкен жаңалық болды. Оған Үкек деген ат қойылған екен. Оның қазаққа тікелей қатысы бары анықталды. Ол туралы зерттеген Ресей ғалымдарының еңбектерінде айтылған. Бұл бейнелер кітаптан әдемі көрініс тапты. Кітапта жалпы 8-9 ханым қамтылған» деді Сейіт Қасқабасов.
«Бозоқ аруы» кітабын белгілі суретші, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Камиль Муллашев көркемдеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды