«Бозоқ» қайта жаңғырады

0 45

Ұлттық музейде «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйытқы болуымен «Бозоқ тарихи-мәдени жобасы: 2019 жылдың қорытындысы және даму перспективасы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.Қазіргі күні елорданың аумағындағы бірегей археологиялық ескерткіш – Бозоқ ежелгі қалашығы ашық аспан астындағы музейінің құрылысы жоспарлануда. Бұл жоба ежелгі Бозоқ қалашығын қайта жаңғыртуды, Еуразия аумағындағы дала өркениетінің қалыптасуы мен дамуы тарихының негізгі кезеңдерін көрсететін бес тарихи қоныс­тың құрылысын қамтиды. Жиын барысында жоба жетекшілері, құрылысқа жауапты адамдар, ғалымдар биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы жылға жоспарланған шараларды көпшілікке таныстырды.
Семинарда Мәдениет және спорт министрлігі Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жаннат Сейдалиева биыл атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
«Біз осы жылды жақсы нәтижемен аяқтап отырмыз. Парламент Сенаты «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» жаңа заңды мақұлдады. Алдағы уақытта осы заң аясында жобаларды бірлесіп іске асырамыз» деді ол.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры міндетін атқарушы Сәуле Бөрібаева атқарылған шаруалар істің тек бастамасы екенін айтты.
–Қазір елшіліктермен тығыз жұмыс жүргізілді. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлігін, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге лицензия берді. Жобаны ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында 10-нан астам әртүрлі форматтық іс-шаралар өткізілді. Қазір жетекші отандық ғалымдар мен сәулетшілердің қатысуымен жобаның тарихи бөлігін эскиздік жобалау жұмыстары дайындалып жатыр, – деді.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының инженері Серік Бейсенов тарихи орында жүргізілген жұмыстар ретін айта келіп: «Бүгінде археологиялық қазба учаскесінен топырақ сынамасы алынды, учаске аумағын санэпидемстанция қызметкерлері толығымен зерттеді, сонымен қатар инженерлік-географиялық іздестіру жұмыстары жүргізілді» деді ол.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды