БОЯУЫ МЫҢ ҚҰБЫЛҒАН МУЛЛАШЕВ ӘЛЕМІ…

0 293

Ертеде халық арасынан шыққан бір ғұлама адам: «Ақыл бар жерде – амал бар. Ақыл бәрін біледі. Бәрін көреді. Ақыл адаспайды. Ақылдың алдында жарық жүреді» деген екен.

Бұл өмірде саналы адам сан қырлы соқпақпен жүрсе де, небір қиын-қыстау жолдардан өтсе де, көкірегіндегі сәулесін өшірмей, қайта бір Жаратушы кеудесіне нұр боп құйған кішкентай ғана талантын ұштап, арман жолында маңдай терімен, ерекше қабілетімен танылатын адамдар болады. Солардың бірі – бүгінде әлем таныған атақты суретші Камиль Валиахмедұлы Муллашев.

Оның өмір жолына бүгін кеңінен тоқталып өтуге бұл шағын мақалада мақсат етпедік, дегенмен, кейбір сәттерін өз аузынан естіген әңгімесі бойынша айтуға бармыз.

«…Бірде, – деп әңгімесін бастады Камиль-әбзи, – Алматы облысы, Ұзынағаш ауданының Киров колхозында қой бағып жүргенмін. Әрине, жаспын. Тәжірибе болса жоқ. Бір күні Таран деген жайлауда әп-сәтте ауа райы бұзылмасы бар ма? Бір табын қой ықсын да кетсін. Құмды сайларға да тоқтар емес. Астымда мінгенім жуас ат, үдей соққан боранмен алысып, қойдың соңында жүрмін. Алдында ғана кеп бас шопан «осыдан бір тоқты өлетін не жоғалатын болса, сені сотқа беремін. Отбасыңды бұл Ұзынағаштан көшіремін» деп қатаң талап қойған. Ал, маған Ұзынағаштан көшуге болмайды. Өйткені, келер жылы әкем Алматыға, көркемсурет оқуына жіберемін деген. Бір жағынан арман, екінші жағынан бала кезден өкіметтің дүниесіне біздің ұрпақ  ерекше көзқараспен қарайтын. Содан қас қарайып, ат болдырып, боран тыншыған кезде қойды иіріп алдым да, күздің қара суығына қарамастан малдың ортасына барып жаттым. Жетісудің кірпияз ауа райы әп-сәтте қабағы ашылып, аспаннан жамырап жұлдыздар көрінді. Мұндай жұлдыздарды мен бұрын-соңды көрмеген едім. Тіпті, қол созым жерде тұрған сияқты, жап-жарық, әдемі, сұлу. Алдында әдемі табиғатты, өзен-сулар, тауларды ешкімге көрсетпей суретін салып жүретінмін. Жастық қиял осылай туды ма деп ойлаймын…»

Шынымды айтсам, осы әңгімелерді тыңдап отырып, бүгінде әлемдік деңгейде танылған сабырлы мінез иесі, қылқалам шебері Камиль-әбзидің бір кезде қой баққанын елестете алмай қиналғанмын.

Камиль Муллашев Алматының Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, кейіннен Мәскеудің В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтын оқып, кәсіби суретші ретінде қалыптасты. Ол республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысты.

КСРО Суретшілер одағының және Суретшілер академиясының дипломдарымен сан мәрте марапатталған.

Озық білімді суретші 1976 жылы «Таң» атты картинаны студенттік шақта романтикалық бағытта жазған. «Жер және уақыт. Қазақстан» сериясымен тың жөнінде жазылған көптеген картиналары советтік дәуірді бейнелеп, Одақ және одан  тысқары алыс-жақын шетелдерге  белгілі болды…

Осы екі еңбекті Мәскеудің Мемлекеттік Третьяков галереясынан табуға болады. Әсіресе, «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі сан мәрте баспада басылып,  суретшіні табысқа жеткізді. 1984 жылы атақты париждік Гранд-Пале залында совет искусствосының 100 шығармасына арналған көрме ашылған еді. Сол құрамда К.Муллашевтің триптихі Франция суретшілер академиясының күміс медалін жеңіп алды.

Пуссена көрермендері қазақ елінің рухын паш ететін ерекше салынған  туындыны жоғары бағалады. Оның өзіндік ерекше қолтаңбасы бар екеніне сүйіспеншілік танытты.

Осы триптихтің үшінші бөлігі «Қызыл қырман» деп аталады. Міне, көз алдымызда сол картина, бұлттар көшкен аспан,  содан сәл төменірек қанатын қаққан құстар – еркіндіктің символикасы, одан әрі қырманға астық төгіп жатқан дәу-дәу машиналар, одан төменде ел байлығы боп саналған, бірақ біздің жерде өндіріліп, Мәскеудің ырысы боп саналатын тау боп үйілген алтын бидай. Енді сәл назар аударсаңыз, жалғыз құлынды көресіз. Әдемі, сұлу жануар. Оның жайылатын жайлауын тас-талқан етіп жыртып, эрозияға ұшыратып, тың игерушілер түте-түтесін шығарған. Үйірімен айнала шапқылайтын жер де қалмаған қазақтың жайлауы тарылып бара жатыр. Міне, суретті әркім өзінше түсінеді. Бірақ иісі қазаққа, көкірегінде сәулесі бар адамға бұл, әрине, шындық.

Кейіннен Мәскеуде оқып жүргенде де Камиль Муллашев Қазақстанға жиі-жиі сұранып келіп, көптеген суреттер салды.

Малшы ауылдың тұрмыстары арқылы сол кездегі жоғары жақтан «жоспар-жоспар» деп елді, жерді, жайлауды, қазақ жастарын тек қана мал бағуға  салып, оқытпай, олардың заманға бейімделуін қақпайлаған шындықты көрсете бастады.

Бұл, әрине, жоғары жаққа да ұнамағанымен, халықтың игілігіне айнала бастады. Тағы бір Муллашевтің ерлігі, сонау 1984-87 жылдары КСРО Суретшілер одағының бастамасымен және өзінің жекелей сұрануымен қырғын соғыс жүріп жатқан Сирия, Ауғанстан елдеріне барады. Сондағы мақсаты – соғыс зардабын өз көзімен көру, қираған қалалар, жылаған аналар, жаралы жандар, бейкүнә балалар – осының бәріне Муллашев өзінің суреткерлік көзқарасымен қарай білді, соғыс бар жерде жеңімпаздың болмайтынын, тек қана қираған қалалар мен жараланған адамдардың болатынын ғана әлемге паш етті. Әлемде соғыс болмасын деген азаматтық ойын өзінің туындылары арқылы білдірді…

– Елімізде Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік көркемсурет мұражайы болуы, бұл – Қазақ елінің үлкен жетістігі, – деді бір сөзінде суретші. Бұндайда  біздің қазақ «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңіледі» дегені есіңе түседі.

….Әр суретшінің ішкі лабораториясында портреттік өз қолтаңбасы болады. Ол жағынан келгенде Камиль Муллашев – өте рухани бай адам. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың портретінен бас­тап, қоғам қайраткерлерінің, өнер адамдарының  тұтас галлереясын жасап  шықты… Әлі де жасай бермек…

Сонымен қатар, «Қыпшақ қызы», «Сүйімбике», «Ғабдолла Тоқай», «Ақын Сара», халық әртістері: Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Фуат Мансұров, күйші Секен Тұрысбеков осылай жалғаса береді.

Мысалы, Секен Тұрысбековтың суретіне қараңыз. Қолында домбыра, үстінде ұлттық киім. Жаңа ғана «Көңіл толқыны» күйін аяқтап болып, терезеден даладағы сіркірей жауған ақжауынға қарап отырып: «Шіркін, мына қоғамды тазартататын ақ жауын жауса ғой, еліме тәуелсіздік орнаса ғой…» деп тұрған күйшінің жүрек бұлқынысын дәл берген.

Иә, біз тәуелсіз елміз, қазір… Күйшінің сонау аумалы-төкпелі 90-жылдардағы ішкі толғанысына домбырасын оң тізесіне қойып, ойланып отырғаны «Көңіл толқынынан» кейінгі ішкі тебренісін анық көруге болады…

Халықтың алғысына, көрерменнің ықыласына бөленген Муллашевтің еңбегі ақындардың да назарынан тыс қалмады. Жақында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы оған мынадай өлең арнады:

Ғашық боп сурет деген бір ғаламға,

Төгесің жан сырыңды қыл қаламға.

Кәмеке, біз көргенді сен де көрдің,

Бояуы мың құбылған бұл заманда.

 

Бағынып әміріне құдіреттің,

Біз жүрген жолмен сен де жүріп өттің.

Талпынып, қанатыңды ерте сермеп,

Өнердің биік шыңын тұғыр еттің.

 

Түсірген көңілдегі сарайға нұр,

Өнерің өрге жүзген талайға жыр.

Екі елдің ортақ туған ұлындайсың,

Сен үшін Тоқай да бір, Абай да бір.

 

Мың тәуба! Туын тікті азат дәуір,

Бостандық алмаған жұрт азапта жүр.

Тел емген екі енені құлындайсың,

Сен үшін татар да бір, қазақ та бір.

 

Сырына бояулардың бойлағасын,

Толқисың, толғанасың, ойланасың.

Тағдырын Сүйінбике есіңе алсаң,

Суиды алдыңа әкеп қойған асың…

 

Шалқыса шартарапқа көңіл кейде,

Шабыты дарындының төгілмей ме?

Төрінен өнеріңнің орын алды,

Тарихи не бір тұлға, не бір бейне.

 

Жатырқап көрген жоқсың жан баласын,

Жалт еткен сұлулыққа таң қаласың.

Сөйлеттің сансыз бояу тіліменен,

Қазақтың өзен-көлін, тау, даласын.

 

Елдіктің жүрегің бар елшісіндей,

Жаныңды кім түсінер, мен түсінбей!?

Бойыңа біткен өнер сарқылмасын,

Тәңірдің бөліп берген еншісіндей!..

Суретшінің «Ойын балалары» картинасы бар. Сырт  көзге әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ сияқты. Көз тоқтатып қарасаңыз, бірден ойландырады. Өзен жағасы. Балықшының кішкене қыздары. Оларда арман көп… Арман тек өзеннің көз ұшында бұлдырайтын жағалаудың ар жағында сияқты. Ойыншықтары құмнан жасалған… Жел соқса жал-жал толқындар бас көтеріп, олардың «құмнан жасалған» армандарын жұтып қоятын сияқты… Муллашев қыл қыламын «жалған ұранға» жұмсамайтын суреткер…

– Мен өз еркіндігімді Отаным Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана анық сезіндім, – дейді бір әңгімесінде…

…Отбасында бақытты адамның Отанына берері де көп екені жас мемлекетімізде айнадан көрінгендей анық боп тұратыны шындық емес пе? Камиль-әбзи отбасында бақытты адам. Өмірлік серігі Рауза Мұратбекқызы – қазақ қызы… Сонау Семей облысының Көкпекті ауданында өскен… Ұлы Данияр – әке жолын қуған суретші. Келіні Әсел – қазақ қызы, өнер адамы. Немерелері Сәфия, Дали – атасы мен апасының еркелері… Тәуелсіз елдің болашағына үлес қосатын азаматтар болып өсіп келеді…

…Міне, қаны татар, жаны қазақ бүгінде 70 жасқа толып отырған Камиль Муллашев туралы шағын мақаланы аяқтап редакцияға қарай келе жатырмын…

«Бәйтерек» кешенінің жанынан өтіп бара жатқанымда Камиль-әбзидің сонау бір жылдары «Ұзынағаш» маңындағы «Таран» жайлауында ығып кеткен бір отар қойдың арасында жатып, аспаннан көрген самсаған жап-жарық жұлдыздар туралы айтқаны есіме түсті…

Жұлдызыңыз биік болсын…Камиль-әбзи!

Талғат КЕҢЕСБАЕВ, жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 14 =