БӨТЕЛКЕДЕГІ СУ БӨЛЕК ПЕ?

0 162

НЕМЕСЕ ДӘМІ СУ САПАСЫНЫҢ ЕҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ ЕМЕС

gdqAXAdysro_yJFlvlX3AQ-article

Елімізде бөтелкедегі ауызсуды тұтыну осыдан он шақты жыл бұрын пайда бола бастады. Сәл кейінірек үй жағдайында су сүзу құрылғыларының неше түрі қаптап кетті. Ал, қазір екі дүкеннің бірінде құбырға жалғап қойып, автоматтан су сату бизнесі «гүлдеп» жатқаны жасырын емес. Бұл орайда, соңғы жылдары астаналықтардың ақысы арзан еместігіне қарамастан, бөтелкедегі суды бөлек көріп, аққұла көшіп алғандарына таңғалмасқа болмайды.

Қала халқының орталық­тандырылған құбырдағы суды ішкісі келмей, бөтелкедегі судан балама табуын маман ретінде қате қалыптасқан пікір деп сеніммен айта аламын. Әрі мұндай теріс түсініктің белең алуының әлеуметтік һәм қала контингентіне байланысты тікелей себебі бар.

Өйткені, Астана халқының басым бөлігін еліміздің басқа аймақтары мен ТМД елдерінен көшіп келгендер құрайды. Әлбетте, оларға өзіне тән өзгеше дәмімен ерекшеленетін химиялық құрамы мүлде басқа суға үйрену оңайға соқпайды.

Алайда, бұл Астана суы лас, ешқандай санитариялық-гигиеналық талаптарға жауап бермейді дегенді білдірмейді. Керісінше, Вячеслав су қоймасынан келіп, бірнеше мәрте тазалаудан өтіп, құбырларды қуалай әр үйге жететін Астананың ауызсуы 2011 жылы 1 желтоқсанда Үкіметтің №1432 қаулысымен бекітілген санитариялық ережеге толықтай сай.

Дей тұрғанмен де, кейбіреулер, бәлки, тұрғындардың басым бөлігі Астана суының таңдайда сәл кермек дәм қалдыратынынан сескеніп, әсіресақтықпен, қалтаға әжептәуір салмақ түсіретініне қарамастан ауызсуды алдыртып ішуге үйренген.

Маман ретінде айтарымыз, дәмі–су сапасының ең негізгі көрсеткіші емес. Астана суының құрамы кальций, магний сияқты ағзаға пайдалы минералды заттарға бай.

Айта кетерлігі, ыдысқа құйылып сатылатын ауызсудың сапасы да жоғарыда аталған қаулымен бекітілген санитариялық ережемен реттеледі. Яғни, оны шығаратын өндіріс орны, сапасы, судың алынатын көзі, дайындау технологиясы, ыдыстың материалы, өнімді сақтау мерзімі түгелдей есепке алынады. Осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласының санитариялық қадағалау қызметі «Эколайф», «Тау бұлақ», «Дәмді Су», «Легенда-Ақбұлақ» деп аталатын аты алуан болса да, заты ұқсас сулардың сапасын ұдайы қадағалауда ұстайды. Барлығы да сертификатталған. «Хрустальная» суын арнаулы скважинадан алып дайындайтын «Тау су ЛТД НС» компаниясынан басқалары өндірісте кәдімгі құбыр суын қолданады.

Әр өндіріс орнында құбыр суын әртүрлі әдістемемен тазартады. Алайда, негізгі тәсіміне сүйенсек, су әуелі қоймалжыңнан арылтып, микробтарды тұтып қалу мақсатында алдын ала әлсіз өңдеуден өтеді, содан соң ұзақ мерзімді сақталу үшін зарарсыздандырылады.

Алайда, бөтелкеде осылай бірнеше тұтқыштан өтіп барып тұтынушыға жеткен судың денсаулыққа кері әсері де бар. Өйткені, ол тазарту кезінде маңызды элементтерден айырылып қалды. Әсіресе, оны кішкентай балаларға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен қарт адамдарға үнемі ішу аса мақұлданбайды. Себебі, пайдалы минералдардан жұрдай су – өлі су.

Бұл тұрғыда білікті мамандардың көмегімен нақты бір кәсіпорынның су сапасына, дайындау технологиясына қарай жеке технологиялық регламентін жасау өте маңызды рөл атқарады. Тек сонда ғана халыққа сапасы талапқа сай су таратылады.

С.Жұматаева,
Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 6 =