Ботаникалық бақтағы шеберлік сабағы

0 11

Нұр-Сұлтанда халықаралық тоқу күнін елордалықтар Ботаникалық бақта тоқыма тоқып, жіп иіріп атап өтті. Биыл тоқу күні отбасы күнімен тұспа-тұс келді. Шараны Bergen әлеуметтік шеберханасы мен елордалық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.

«Шараның негізгі мақсаты – тоқымамен айналысатын, үйренгісі келетін, қызығушылық танытқан адамдарды басын қосып, оларға шеберлік сабақтарын көрсетіп, қолдау. Бізде ешкім тоқымайды, тоқыған күннің өзінде үйдегі үлкен әжелерден басқа ешкім тоқымайды деген түсінік қалыптасып кеткен. Ашық ауада барлығымыз іс тоқып, жіп иіріп отырсақ, бұл стереотип бұзылады. Пандемия кезінде адамдар ішкі күйзелісті сезінсе, тоқу – стресті жеңілдетудің бір әдісі. Бұл кәсіп тек тыныштандырып қана қоймай, қажет болған жағдайда табыс көзі бола алады» деп атап өтті Bergen әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Рахима Мұқышева.
Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық санитарлық ережелердің сақталуын қамтамасыз ету үшін, іс-шараға қатысушылар алдын ала тіркеуден өтті. Олар үшін кілемшелер, фото аймақ және арнайы орындықтар дайындалды. Акцияға бүкіл отбасы мүшелерімен де келгендер бар. Іс-шара барысында қала тұрғындары да қызығып, ілмекпен тоқуға қосылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шеберлікті игеруге ниет білдірген мектеп оқушылары тоқуға деген үлкен қызығушылық танытқан. Шеберлік сыныпқа мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен көпбалалы аналар да келді.
Ашық аспан астында қуыр­шақ театры қойылым қойып, филармония әртістері әннен шашу шашты. Қонақтар үшін ойындар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар берілді.
Сондай-ақ тоқу мерекесіне қатысушылар қарттар үйіне сыйлық ретінде жылы шұлықтар тоқуға келісті. Бұл акцияға елорданың үш мектебі қосылуды жоспарлап отыр. Оқушылар үшін қосымша шеберлік сыныптары ұйымдас­тырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − ten =