Ботаникалық бақта бақ-бақ гүлдеді

0 198

11 мамырдан бастап елорданың саябақтары мен гүлбақтарында серуендеуге болады. Есіл ауданы аумағында осы күндері 5 саябақ пен 32 гүлбақ бар. Соның ішінде қаладағы бірегей нысандардың бірі – екі жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен бас қаланың 20 жылдығына тарту болған Ботаникалық бақ.Қазіргі таңда бақтағы барлық жұмыстар жанданып жатыр. Жылыжай алдағы сейсенбі, 19 мамыр күні есігін қайтадан айқара ашады. Жылыжай меңгерушісі, биолог Ескендір Сәтековтің айтуынша, осы уақытқа дейін тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді.
– Гүлдерді суарып отырмаса болмайды. Сондықтан төтенше жағдай кезінде де жұмысшылар арнайы әзірленген кестеге сәйкес жұмысқа келіп, өсімдіктерді суарды. Келесі аптада жылыжай жұмысын қайта бастаған соң да, барлық сақтық шаралары сақталады. Нысанға үш адамнан артық топпен жиналып келуге тыйым салынады. Міндетті түрде маска киіп келу керек. Кіреберісте біз антисептик орнатамыз, – дейді Е.Сәтеков.
Қазір жылыжайда сан алуан өсімдіктер өсіп жатыр. Соның ішінде Санкт-Петербург қаласынан сыйға тартылған гүлдер де бар. Мәселен, ғұмыры 80 жылға жуықтаған, Ленинград қоршауда қалғанда аман қалған кактус тамыры елордаға әкелініп, қайта отырғызылды.
– Бұл кактустың түрі селиницереус Нельсони аталады. Бұл гүлді түн патшайымы деп те атайды. Өйткені ол түнде гүлдейді. Бізде Испаниядан әкелінген апельсиннің бірнеше түрі де жақсы өсіп жатыр. Манстера аталатын өсімдік формасы жағынан қиярға ұқсайды. Мұны расымен жеуге де болады. Оның дәмі ананас пен банан дәміне келеді. Бірақ пісуі ұзақ уақытты алады. Дәмін көру үшін 24 ай күту керек. Панданус атауын алған пальма түрі сәулетші Николай Никитинге шабыт берді. Томск қаласының Ботаникалық бағында осындай өсімдікті көрген ол соған ұқсатып Останкино телемұнарасының жобасын жасады. Жұрт ананас пальмаларда, ағаштарда өседі деп ойлайды. Шынтуайтына келгенде, ол жерде өсіріледі. Бұл өсімдікті үй жағдайында өсірсе де болады. Тек қана тиісті талаптарды сақтау керек, – дейді биолог жылыжайдағы өсімдіктерді та­ныс­тырып.
Ботаникалық бақта осы күні шетелдік селекциядан шыққан бір қызғалдақтың 39 түрі өсіп жатыр. Олар түсіне қарай ақ, сары, қызыл және екі түсті болып келеді. Гүлдердің формасы да әртүрлі.
– Көпшілік қызғалдақтың отаны Нидерланды деп ойлайды. Бұл түсінікті де, себебі әлемдік гүл экспортында осы ел көшбасшы саналады. Бірақ Нидерландыға қызғалдақ тұқымы Осман империясы арқылы жетті. Ал бұл елге Қазақстаннан барған. Қазіргі зерттеушілер қызғалдақтың 100 түрі бар дейді. Әрине, формасы, түсі, биіктігі әр алуан. Солардың көбісінің Отаны – Қазақстан. Қазір елімізде қызғалдақтың 37 түрі өседі. Олардың дені Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, – дейді Ботаникалық бақ директоры Сәуле Махтубаева.
– Біздегі коллекцияны қалыптастыру кезінде басқа ботаникалық бақтардан жабайы түрде өсетін қызғалдақтарды да әкелдік, – дейді оны қостап Е.Сәтеков.
Жалпы Ботаникалық бақ қызметкерлері өсімдіктерді өсірумен ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Мұндағы өсімдіктердің көбісі коллекциялық болып саналғандықтан, оларды жұлуға қатаң тыйым салынған.
Елорданың Ботаникалық бағы биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің балансына берілгенін де айта кету керек. Нысан Алматыдағы Ботаникалық бақтың филиа­лы болып саналады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 4 =