БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАН БОЙЖЕТКЕН

0 118

Өткен жылы Астана қаласында жантүршігерлік оқиға тіркелді. 24 жастағы бойжеткен өзінің студент құрбысын аяусыз пышақтап, денесін кілемге орап, жоғары қабатқа сүйрей отырып, самалдыққа шығарып тастағаны көпшіліктің әлі күнге дейін есінде. Оқиға қалай болды? Тергеу жұмыстары қанша уақытқа созылды? Сот қылмыскерге қандай үкім шығарды? Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының көмегімен осы оқиғаның жай-жапсарын баяндамақпыз. Белгілі себептерге байланысты адам аттары өзгертіліп берілді. 

52b5e351d9d638cb0e9e42bccdad5f21

ҚЫЗҒАНЫШ ДЕГЕН ҚЫЗЫЛ ИТ…

Динара қаладағы беделді жоғары оқу орнының студенті еді. Сабағын өте жақсы оқыды. Оқу ордасының басшылығы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқанын айтса, құрбылары айналасындағы жандарға үнемі қам­қорлық танытатынын алға тартады. Алайда марқұм осы мінезінің өзіне зиян тиетінін білмеді. Бірақ бұл өмірде қасында жүрген жанның қатыгез болатынын, тіпті, қызғаныштан өлтіре салатынын біліп кетті…
Пушкин көшесінде орналасқан Ди­нараның үйінде төрт қыз бірге тұрды. Әрине, қалада пәтері жоқ құр­былары ай сайын пәтерақысын беріп тұруға келіседі.
Қанды оқиға болған күні үйде Динара мен Қалима ғана болған. Ас үйде отыр­­ған екеуі кенет сөзге келіп, бір-біріне ренжісіп қалады. Осы кезде Қали­­маның басына қайдағы бір ой келеді. Бас араздығы үшін пәтер иесін өлті­руді ойлайды. Оның көйлегі көк, тамағы тоқ екенін көре алмайтын. Сөйтіп, қолындағы шыны ыдыспен Динараның маңдай тұсынан бір ұрады. Құрбысынан мұны күтпеген ол сорға­лап аққан қанды сүрту үшін тартпаны ашып, майлық алмақшы болып еңкейе бергенде, темір балғаның үшкір қыры басына кеп тиеді. Иә, Қалиманың екі көзі қанталап кеткен. Қорқынышты. Өміріне қауіп төнгенін сезген Динара қонақ бөлмеге қарай қашады. Сол кезде Қалима қолына пышақ алып, соңынан қуады. Тек тірідей қинап, өлтіруді ойлайды. Ақыры, қолындағы пышақпен денесінен бір емес, 27 рет соққы жасайды. Ішкі органдары түгел зақымданған Динара оқиға орнында көз жұмды.

 ТЕРГЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛДІ?

Тергеу барысында қылмысын жасыру үшін Қалиманың артынша пәтерді жуып-тазалағаны белгілі болды. Қара түсті пышақты, қызыл қанға боялған көрпе-төсекті, басқа да заттарды кө­шедегі қоқыс жәшіктеріне апарып тастаған. Ал жәбірленушінің мәйітін кілемге орап, сол үйдің 15-қабатындағы дәлізден баспалдаққа қарай өтетін балконға сүй­реп апарып, жасырып қойған. Пәтерге қайта оралған қыл­мыскер қаза болған Динараның құны 45 000 теңге тұратын пальтосын, 25 000 теңге тұратын етігін, 180 000 теңге тұратын «Айфон 5С» маркалы ұялы телефонын және 600 000 теңге ақшасын жымқырып, оқиға болған жерден бой тасалап кеткен.
Ал келесі күні жұмыстан қайтқан екі құрбысы үйге келгенде Қалиманың да, Динараның да жоқ екендігін көреді. Олар қонақ бөлмедегі төсеулі тұрған кілемнің жоғалып кеткендігін, сонымен қатар ас үй бөлмесінен шыны сынықтарын байқайды.
Жедел жүргізілген тергеу кезінде Қалима құрықталады. Оның үйге кіріп-шыққан уақыты, бәрі бейнебақылауға жазылып қалған. Айғақ заттар да жеткілікті. Тіпті, жауап алу кезінде марқұм Динараның пальтосын киіп алғанын көрген құрбылары жағасын ұстады. Ал сот сараптамасы марқұмды тірідей қинап, азаптағанын дәлелдеді. Ақыры қылмысын мойындап, полиция қызметкерлеріне бар шындықты баяндап беруге тура келді.
«Жап-жас қыздың ойына мұншама қатыгездік қайдан келген? Жүйке ауруымен ауырмаған ба?» деген сауалдың жауабын сарапшы мамандар тексерді. Психолог маманның қатысуымен өткізілген сот-психиатриялық сараптамасы оның бұрын-соңды қандай да бір жүйке ауруы­мен ауырмағандығын, қылмыс жасау кезінде өзінің іс-әрекетін басқарып, жауап бере алғандығын және қылмыс жасаған кезде физиологиялық аффект жағдайында болмағандығын анықтаған.

СОТ ҮКІМІ

Соттың үкімі бойынша Қалима аса қатыгездiкпен адам өлтiргені және бө­теннің мүлкін ұрлағаны үшін 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда қылмыскер сот үкіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 2 ақпандағы Қалимаға қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 11 =