БОСҚЫН

0 149

Алтын діңгектей көретін елі бар еді. Аяқ астынан лаң шықты. Әркім тағдырына табынып, өзара шүйіркелесіп, бірінің жетпегенін бірі жетістіріп, ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүргендерді бір-біріне жауықтырып, құтыртып жіберді. Кім көрінген атқа мінді. Адалдықты аттап, мылтық кезенді. Қарсы пікір айтқанды атты. Ауыл, елді өртеді. Мың құбылған жаулық тыныш тұрғызбады.

Қалың көпті саясаттың қара дауылы қайғыға батырып, босағасын сындырды, шаңырағын талқандап тастады. Зұлымдық өрттей жалмап жатты. Қорқақ ағайындар жауығып, «байдың құйыршықтары жер басып жүруге тиісті емес» деп зәбірлей бастады. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер» дегендей, туған жерін қимай, көз жасын көлдетпегені аз шығар. «Жаңа өмір жарылқайды» деген белсенділер жүрегі жарылардай қуанышты. «Туған жерден топырақ бұйыртпады ма?..» деп босқынға түскендер егілгенде етегін толтырды. Бабалар мекенін көзі қимай, қабырғасы қақырап күйзелді. Жүздеген, мыңдаған халық бас сауғалап, жиған-тергенін, мал-мүлкін белсенділерге тапсырып, өз еркімен емес, қара мылтықты үреймен тартып алғанына кектенсе де туған жер топырағын бойтұмар ғып түйіп, ызамен тұншығып, жат жерден талшық іздеуге бел буған-ды. Теңіз жағалап шұбырған жұрт бірен-саран арбаға аяқ суытып, түн қатып жүріп кетті. Буыншақ-түйіншектегі жарытусыз азығы таусылғандар жол бойы аштықтан ажал құшып қырылып жатты. Әлі барлар өліктердің бетін топырақпен жауып үлгереді. Көбісі құзғын құстардың жеміне айналған-ды.

Теңіз жағалай шұбырған жұрттың соңғы көретіні – аспанда жыртылып айырылған құс, теңіз бетінде шоршып жатқан балық. Аң, құс ататын мылтыққа дейін белсенділер тартып алған, балық аулайтын құрал да жоқ. Ішер ас, ірімшік, құрт, сүзбе таусылып, көбінде меске құйып алған су біткен-ді. Буып-түйгендердің түбі қағылды, жасөспірім балалардың зары жан шыдатпайды. Қаншама сәбилердің өлгенінің есебін шығару қиын.

Бұғанасы қатпаған, ана сүтінің дәмі таңдайынан кетпеген сәбилердің өлімін көргенде, Әбжеттің жүрегі қан жылайтын еді. Кім тебіренбей тұрды дейсің?!. Аяқты аттаған сайын өлік. Теңіз жағасына шығып қалған өлі балықты аузына салып, оны шайнап жұта алмай, жан тәсілім болғандарды көргендер өмірі ұмыта қоймас. Көзден аққан қан аралас жас, уылжыған сәбилердің өлі денесін құзғын құс көзінен бастап шұқып жей бастағанын көргенде, қайғырған кеуде жарылып кете жаздайтын-ды. Әбжет және қайырымы бар азаматтар соңғы үнемі – құрт, ірімшікті, бидай, тары дәнін өлімші боп жатқандардың біразына талғажау еткізіп, жанын сақтады. Құлазыған өңірде кейбіреудің өлі адамның сан етін кесіп жеп жатқан сұмдығын да көрді. Құзғын құстар топ-тобымен өлген дененің етін жеп, қанын сорып ішкенін де көз алдынан өткізді. Үлкендерден «қарға тамырлы қазақпыз» деген сөз қалған. Сонда, қарғалардың титімдей денесінде тамыр, сіңір ғана емес пе? Қазақ оның құзғындығын, кісі етін жеп, қанын соратынын білмеді деймісің? Қалың тамырдың бір-бірімен қосылып, тәнге тыныс беретіндігін мысалдаған болуы ықтимал. Адам ұшқан шаңдай көз алдыңда жоқ болып жатса да ізгілік, қайырымдылық қасиеттен басы жерге жеткенше айнымаған, тілі күрмеліп, өлгелі жатқанның басын көтеріп, аузына су тамызған Әбжеттің алған алғысы адамдардың бәрінің бірдей басында бола бермейтін еді. Бірақ, жол бойы босқындардың айдалада қаңсып қалған қаңқа сүйегі, адамдардың өлер алдындағы жанталасуы, сәбилердің жан дауысы кейде түсіне енсе, шошып оянатын-ды. Қанды оқиғаға құжат, дерек керек емес. Қос қарашықтағы қасіреті қалың, жан түршігерлік суреті басы жерге жеткенінше өшпек емес.

1929 жылы жиырма тоғыздағы Әбжет туыс-туғандарының жол бойы өлгендерінің бетін топырақпен жауып үлгергенінше, әлі барлар үлгерді. Өлер алдында: «Қара шаңыраққа ие болыңдар!» деп жаны үзілгендердің аманатын жадында сақтап, зарығып жүріп өмір сүруге жігерленді. Босқан елдің тірі қалғандары айлап, күндеп жүріп, Түрікменстанның Красноводск ауданының Куйбышев ұжымшарына табан тіреді. Түрікмендер жатырқаған жоқ, таза-тақыр босқындарға дәм-тұзын ұсынды, бауырына тартты. Өлі аруақтар ақ құс боп көкті кезіп, шыр айналып, тірілерге тілекші болғандай көрінеді. Татар дәмі таусылып, ит-құсқа жем болып, өлерін алдын ала кім болжады дейсің…

Қуғын-сүргін зобалаңы талай жақсының өмір жасын қиды. Халық қате баспауы керек еді, зұлымдыққа толы қоғамның жойқын күші жел айдаған қаңбақтай қаңғытты да жіберді.

– Дәм айдады, жан тәтті, бұйрық қатты, бәрі ұмытылар, жас өсіп жетілер, – деп түрікмен қариялары саясаттан бұрын кісіліктің байыбына барып, түсіністік білдірді. Жылы қабақ көрсетті. Бұл өмір сүруге бел байлап, жұртпен бірге жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай еңбек етуге қайраттанды. Әбжет бірден жылқы бағуға кірісті. Елдің әдет-ғұрпы, тыныс-тіршілігімен танысып, білісті. Мол мейірге бөленді. Босқынға түскен қалың көптің соншалық зәбірленуі қоғамның солақай саясаты, басқа жерлестерінің мейірімсіздігі екенін айтпаса да жергілікті халық ұққан-ды.

Айтуға оңай, Батыс өңірдегі халықтарды ақтар қырып-жойып, тонап, әйелдерді зорлап өтсе, қызылдар да қапы қалған жоқ, аяушылық танытпады. Байды тәркіледі, атты, орташаны Сібір аударды, өлтірді, жазалады. Тұтқиылдан тап болған қырғыннан пұшайман болғандар бас сауғалап қашты. Тұттай жалаңаштанып, тентірегендерді аяған түрікмендердің бірі:

– Мұның соңы жайшылық болмас, бұл қалай, туған жерден бездіргені?-десе де, құйындай ұйытқыған саясатты түсінбей, Әбжетке көзін қадап, ойқаныс білдірді. Пенденің басқа түскен қайғы-қасіретке шыдамы керектігін сездірді.

Әбжет еңбек етіп, қарын тойдырып, тыныш ұйықтай бастаса да, босқындардың жол-жөнекей өліп жатқанын көз алдынан өшіре алмайтын, түсіне енсе шошынатын. Ақ бұлт арасынан көп аруақ қаптап: «Біз о дүниеде бақыт таптық. Жұлдызымыз жанып, мұратқа жеттік. Ұлым, өркенің өссін, еңбегіңмен таныл!» деп әкесі, анасы болып үн қататындай еді.

Расында, еңбек өмір сүруге құлшындырды. Қысылғанда таяныш болған түрікмендердің мол мейіріміне бөленіп, көбімен әзіл-қалжыңы жарасқан туыс-туғандай болғанын, оны адал еңбекпен ақтау азаматтық парызым деп түсініп, бірде төрде отырған ақ сақалды қарияға: «Аға, қазақтар «түрікмен төрін бермес» деп мақалдап жатады. Оның сыры неде?» демей ме? Сонда, қария күнге тотыққан жүзіне аздап жылылық шығарып:

– Төріміз – туған жеріміз. «Төрім – менікі» деу – осы төрге жасы жеткенше еңбек етсін, маңдай терімен жер суарсын, жанұясын ешкімнен кем етпей ішіндіріп, киіндіріп асырасын деу. Дұшпанның сұқ көзінен сақтап, жаудан қорғасын. Ұрпақ қара шаңырағына ие болып, ері – айбар, әйелі – тұрмыс тұтқасы атанып, ұлттық қасиетін зәредей мінсіз атқарсын. Ділі, дінін, тілін сақтап, еліне еленгесін төріне отырсын,- деді де ойын саралап, көз қиығын Әбжетке тастады: – Жөнсіз саясатқа бой алдырған ойсыздар ғана өзінің адал халқын аздырады. Ондайлар – қарғыс арқалап, о дүниеде тамұққа баратынын түсінбейтін нағыз зәлім кещелер. Алла алдында жазасы ауыр. Айтпақшы, қазақта «таспен ұрғанды аспен ұр» деген де сөз бар ғой. Дұшпанын біле тұра, дастархан жайып, ақ ниетін білдіріп, дәм ұсынады. Оны әрбір он адамның бірі түсініп, «нан ұрсын» деп қарғар деп зәлімдік райынан қайтады, ал тоғызы кіршіксіз таза көңілді түсіне бере ме? «Қорқып, үрейленіп сыйлады» деп басына бастайды. Демек, ықылас білдіріп, сыйластыққа шақырудың да жөні бар. Пенденің әлсіз тұсын біліп алатын арам пиғылдылар жоныңнан таспа тіліп, басыңнан сүйек алады…

Төрде отырған қарияның пікірі елге жақсылықпен, ақыл-парасаттылықпен, адал еңбекпен беделге жетуді, одан соң төрден орын алуға болатынын меңзегендей еді. Егер олай болмаса, әлсіздік танытсам, қазақтар айтатын «есіктен кіріп, төр менікі» дейтіндер болмайды деймісің дегенді білдіріп, саусағын шошайтып, ақиқатқа жүгінгенді жөн көрді. Расында, қандай да бір опасыздар ортамызда жүреді, алас ұрып, дамыл таппай, төрге ұмтылғандар аяғыңнан шалып, сүріндіруге ұмтылады. Опасыз төрге шықса, жер менікі деп сайрай бастайды, алмайтынды алуға тырысады.

– Түсінер болсаң, төр – тәртіп орнату, бейбастыққа жол бермеу, желігіп, өштесіп жүретінді сабасына түсіру, ақылға бағындыру, тәртіп, тәрбие екенін ұрпақ ұғып өседі. Түрікмендер ежелден төрін, елін, жерін сатқандарға ауыр жаза берген. Сондықтан тарығып, зарығып келдің екен, бұтаға қонған торғайдай паналайсың. Бірақ, түрікменнің бір азаматына көкірегіңді көтеріп, баса-көктеуден сақтан! Кісілігіңді танытсаң, олар сенің қорғаның болады,- деп қария құс жастыққа жантайды. Сәске түсте бөлмеге түскен күн сәулесі оның жүзін ажарландырып тұрды.

Расында түсініскен босқын қазақтар түрікмен еліне сыйысып, тіл табысып тірлік етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында асыл тұқымды бес жүз жылқыны бағып, майдан даласына сәйгүліктер дайындап берді. Әбжет жұбайы Қалмакеш екеуі алты ұрпақ өсіріп, шілдехана, үйлену тойларын түрікмен-қазақ дәстүрімен өткізді. Жарлы байып, жетім теңелгендей мезгілде ұлы Тұрмамбет институт бітіргеннен кейін кеңшар директоры болса, Байжігіті Красноводск ауданында халық соты, Бимамбеті су шаруашылығы маманы болып, Түрікменстан еліне адал қызметімен танылды. Тұрмыс, тірлік жақсылықпен, адал еңбекпен мүлде өзгерсе де, жүрек түкпірінде жататын ата-баба жері – қазақ даласын сағына еске алатын-ды. Әбжет замандастарынан озып тұрып қаншама орден, медальдармен марапатталды.
Әбжет Балиевтің еңбектегі ерлігі Түрікменстан тарихында хатталғанына дәлел ретінде «Жұмысшы» газетінде жарияланған (№54(774); 25 июль, 1942 жыл) мақаланы деректеген жөн болар.

«Үкімет пен партияның мал өсіру жөніндегі қаулысы әрбір мал бағушы азаматтарға баққан малдарын күйлі етіп бағу үшін заң. Мұндай заңды орындау, әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде керегірек. Осы заңды орындағанда ғана үкімет пен партияның қаулы-қарарларын толық орындаған боламыз. Бұл міндеттерді орындауда «Куйбышев» колхозы жылқы фермасының жылқышысы Балиев Әбжет көптеген үлгілер көрсетіп жүр. Бұл Балиев Әбжәт «Куйбышев» колхозында жылқы фермасы ұйымдастырылғаннан бері істеп келеді. Міне, сонан бері ол ферманың жылқысын аман және семіз етіп бағып келеді. Мал бағудағы ұқыптылықтың арқасында оның баққан малы семіз, биелері аман құлындауда. Жылына бірнеше асау тайларды жалғыз өзі бас білдіреді. Осы кезде Әбжеттің баққан жылқылары көктемдегі жылқы сияқты семіз. Сондықтан барлық мал бағушылар Балиевтен үлгі алсын!» деген мақала адал еңбегінің алға сүйреп шыққаны деп түсінесің…
Сөйтіп, Әбжеттен тараған ұрпақ қайырлы еңбектің ғасырларға кететінін де біліп өсті. Әбжет дастарқан басында ержеткен балаларына: «қабырға қайыстырған туған жерден айырылу қайғысы қабіріме бірге түсер. Сендерге туған жерге еңбектеріңмен ту тігуді жазғай! Табан тірегенім – тағдыр, оны да көрдім, қайрат күшіммен жеңдім. Өсек-аяң айтатын, көре алмаушы зұлымдық бар, содан сақтана біліңдер! Ит пен мысықтай ырылдасып өтетін пендешілік жалғанда таусылар деймісің?! Кезеңі құрғыр кісілік тәрбиеден де шатастырды, қанша жұрт азды, тозды, сол қырғындардан аман қалғаныма таңым бар, бәрі Алланың көзі түзулігінен шығар. Арым таза, намысыма дақ түскен жоқ» деп отырушы еді. Онысы ұрпағы өсіп, түрлі қызмет атқарғасын Әбжеттің көз жасының тыйылғандығының белгісі болар. Десе де «тіріде сыйласпаған, өлгенде жыласпайды» дегендей, көрген зәбірі, көр азабынан кем болмаған үрейлі кезді көкірегінен шығармайтын-ды. Қайраты барда кім көрінгеннің алдына жығылып, жәмпеңдеген жоқ. Жан сарайындағы жақсылық жасаудан, еңбек етуден басқаға алаңдамады. Жүрек сырын да толық ашпаған шығар, себепсіз сөзден де кесірлік боларын түсінді. Пенденің көкейін тесетін дүниеқорлықты жек көрді. Өзінің тірлігіндегі осал көрінетін мінезін барынша ақылмен шешуге сергек еді.

Бірде балаларының басы қосылғанда қазақтың сергек, жақсы-жамандықты сезгіштігін айта келіп: «Бабалардан сөз қалған, «отбасы ала болса, кереге басы сайын пәле болады» деген. Біріңді бірің алаламай, татулықты сақтаңдар! Кейде жандарыңда түйсігі жоқ, ақылдан жұрдай, пиғылы жаман, дүдамал адамдар жүреді. Олар қулық-сұмдығын да сездірмейді. Сондайдан сақ болыңдар! «Әй, анабір қазақ бүлдірді» деген қаңқу сөз өзіңнен бұрын ұлтыңа жаман атақ жұқтырғандай болады» деп Әбжет жетпіс жасқа аяқ басқасын-ақ ұлдары мен қыздарына, келіндері мен күйеу балаларына ақылын айтып, өмірдің сыр-сипаты, ұлттық өнеге, әдет-ғұрып туралы құлақтарына құятын-ды. Бұл балалары жетілгесін, түрікмен елінде абыройлы қарт атанғасын, көкірегіндегі үрейдің аз да болса сейіле бастағаны шығар. Бірақ, үрейлі жылдардың салқыны, туыс-туғаны, әке-анасын жоғалтқан қайғысы өмір жасын қысқартты ма, 1974 жылы өмірден озды. Ұзақ салқар тірлігінде бірге жасасып, бірінің бетіне бір жел болып тимеген татулықты жоқтаудан ба, зайыбы Қалмакештің де ажалы жетіп, екеуі Түрікменстанның Күржі жерінің топырағын жамылып, мәңгілік мекен етті. Ұрпағы туған жері Ақтаудың топырағын қабіріне салды…

Табыл ҚҰЛЫЯС

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =