Босқа дүрлігудің қажеті жоқ

0 20

Сайлау науқанынан басқа уақытта еліміздегі саяси партиялардың бар-жоғы білінбейтіні рас. Бірақ елдегі әлеуметтік, экономикалық саясатты жүргізуге мемлекетке сүйеу болып, өзін жарнамаламай, іс тындырып жүрген партияның бірі – «Ауылды» бұл санатқа қоспас едік. Аты «Ауыл» болғанымен, бұл партияның мүшелері білім беру, денсаулық сақтау, еңбекті бағалау, тарихтан тағылым алу, салт-дәстүрлерімізді насихаттау бағытында тынбай еңбек етіп жүргенін біреу білсе, біреу
білмейді. Жуырда партияның саяси қызметі, алдағы жоспар­лары, электоратпен жұмысы жөнінде білмек болып, «Ауыл» ХДПП-ның Нұр-Сұлтандағы филиалының жетекшісі Мейрамбай Ораловпен жүздесіп, әңгімелестік.– Мейрамбай Әскербайұлы, «Ауылдың» елордадағы филиалының бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмысы, тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз.
– Біздің жұмысымыз былайғы жұртқа байқала бермейді. Қазір бас қалада партияның 4015 мүшесі бар. Құлшыныспен жұмыс істейміз. Қым-қуыт тірлігіміз бәсеңдеген емес. Мысалы, 4 жыл бойы елордада өндірістегі мықты мамандардың еңбегін лайықты бағалайтын форум өткізіп келеміз. 4 жылда 40 адамды осындай лайықты марапатқа ұсындық. Өткен жылы Тәуелсіздік күнінде «Ауылдың» екі мүшесі «Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы», бір мүшесі «Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі» жоғары атағын алды. Мұғалімдер Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. Жуырда ғана ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларының қатысуымен «Еңбек адамы – ел тірегі» атты дөңгелек үстел өткіздік. Басқосуда өңірлерден келген еңбек майталмандары өзінің озық тәжірибесімен бөлісті. Олардың қатарында «Әдемі-ай» компаниясының басшысы Баһаргүл Төлеген де бар. Ол «Әдемі-ай» атты бастауыш партия ұйымын басқарады. Баһаргүлдің халық шығармашылығын насихаттаудағы еңбегіне қолдау көрсетіп, Салтанат аркасында жеке көрмесін ұйымдастырдық.
– Сіздер электоратпен қалай жұмыс жүргізесіздер? Партияның бағдарламалары қалай жүзеге асырылады? 1 млн-нан аса­тын тұрғыны Нұр-Сұлтанды «Ауыл» партиясымен, аграрлық саламен не нәрсе байланыстырады?
– Біз әуелден мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын қолдаймыз. Қалауымыз – қоғамдағы тұрақтылық, елдің бірлігі. Мемлекеттің әлеу­меттік саясатына басымдық береміз. Әрине, «Ауыл» партиясы негізінен аграрлық саланы дамытуға күш салатыны рас. Алайда 1 млн-нан астам тұрғыны бар елорда да біздің назарымыздан тыс қалған емес. Өйткені бұл жерге қоныс аударған адамдардың дені – ауылдан шыққандар. Олардың өмірін, тағдырын ауылдан бөлек қарастыра алмайсың. Сол себептен де елордалықтар «Ауылды» қолдайды. Елорданың азық-түлік белдеуі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі деген бағдарламаларды білесіздер. Бұл да біздің партияның құзырындағы іс-шараларға жатады. Мәселен, азық-түлік бағаларының тұрақтылығы, елордадағы азық-түлік белдеуін дамыту мәселелері – біздің негізгі бағытымыз.
– Коронавирустың дүние жүзіне таралуына орай біздің қоғамда дүрлігу болып жатыр. Негізсіз үрейге бой алдырған жұрт Нұр-Сұлтан мен Алматыда супермаркеттердегі азық-түліктерді таласа-тармаса сатып алуда. Сұраныс артқан сайын, кейбір азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттады. Бұл дүрлігу қашанға дейін созылады? Кімді кінәлаймыз: халықты ма, билікті ме, әлде супермаркет қожайындарын ба?
– Жауабымды бір мысалмен бастайын. Студенттер емтиханның соңғы күнінде үздіксіз дайындалады. Бірақ бір сәтте барлығын жаттап, миға сіңіру мүмкін емес. Сол сияқты дүрмекке еріп, байбалам салып, супермаркетте қолыңа іліккеннің бәрін, сатып алу – есті адамның ісі емес. Бәрін мөлшермен алу керек. Өйткені біреу 100 данасын алса, екінші біреуге жетпей қалады. Жағдай тұрақтанған кезде артық тауар алғандар далаға тастайды. Азық-түлік таусылады деп алаңдасаң, әрі кеткенде 7 күнге жетерлік азық сатып ал. Сенен көрген басқалар да солай істейді. Әйтпесе, үрей туғызу ұлғая береді. Сондықтан мен жұртты сабырға шақырамын. Босқа дүрлігудің қажеті жоқ. Кез келген мемлекет өз халқын қиындыққа қылдырмайды. Ал бағалардың өсіп жатқанына әлемдік экономикалық дағдарыс әсер етуде.
– Адамзат баласын шошытқан аты жаман аурудан сақтану үшін шекарамызды мықтап, алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасымызды бәсеңдеттік. Алайда өзіміздің өндірістің елді азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге шамасы жете ме?
– Меніңше, бізде азық-­түліктен тапшылық жоқ. Базардағы сөрелер етке толы. Дүкендерде нан, сүт және өзге азық-түліктер жетерлік. Жасанды тапшылық жасай аламыз, бірақ шынайы тапшылық жоқ. Мысалы, немерелеріме отандық сүтті сатып аламын. Түнеукүні қатты боран соққанда ғана жол жабылып, сүтке сәл тапшылық болды. Нан және нан өнімдерін де өзіміз өндіреміз. Түріктің багетін де, орыстың бородино нанын да отандық өндірушілер шығарады. Бұл жерде ұлттық намыс, патриоттық ұстаным қажет. «Қазақстан – менің елім» деген өндіруші өз еліне артығымен өнім берсе, «Өзім ғана байығым келеді» деген өндіруші аз өнім беріп, мемлекеттен көп қаражат сұрайды. Не болса да, ел аман, жұрт тыныш болсын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды