Босбелбеу өскен бозбала борышын өтей алар ма?

0 143

Еліміз бойынша көктемгі әскерге шақыру нау­қаны басталды. Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді жинау және шақыру басқармасының бастығы, подполковник Ғани Артықов биыл көктемгі шақыру кезінде елордадан 8 мыңға жуық азаматты әскерге тарту жоспарланып отырғанын айтады. Ал осы жастарымыздың ден­­саулығы қандай? Олар отан ал­­­дындағы борышын өтеп келуге қан­шалықты қауқарлы?

Мәселе – санда емес, сапада

ҚР Үкіметінің «Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасын және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекіту туралы» қаулысына сәйкес бүгінде әскери қызметтерге азаматтарды алу тәртібі күшейді. Нақтылап айтсақ, әскери қызметте жұмыс істегісі келетіндердің денсаулығында титтей де кінәрат болмауы керек. Қазақстанның Қарулы Күштері саны жағынан емес, сапа жағынан ерекшеленуі тиіс. Елбасы, Жоғары Бас Қолбасшының тапсырмасы бо­йынша, әскерилердің денсаулығы мықты, тың технологияны еркін меңгерген, жоғары дайындықтан өтіп, әбден шыныққан кәсіби мамандар болуы қажет. Осыған байланысты қазір жігіттердің денсаулығы қатаң сұрыпталатын болған.

Подполковник Ғани Артықовтың айтуынша, әскер жасындағы азаматтар денсаулығына қарай екі топқа бөлінеді. Оның біріншісі – әскерге шектеусіз жарамдылар болса, екіншісі – шектеулі жарамдылар.

Медициналық сараптаманың бір­неше түрінен мүдірмей өтіп, ден­сау­лығынан ешқандай ақау табыл­маған азаматтар – шектеусіз жарам­дылар. Олар Республикалық ұлан, аэроұтқыр әскери бөлімдері секілді кез келген кәсіби қызметтерге алынады. Ал шек­теулі жарамдылар дегеніміз – бұрын бірнеше сырқат түрімен ауыр­ған, бо­йында созылмалы ауруы бар, бірақ әскери қызметті атқара алатын азаматтар. Бұлар Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілуі мүмкін, бірақ Қарулы Күштер құрылымдарына әскери қызметке алынбайды. «Бұ­рын біз денсаулығы шектеулі жарамды азаматтарды да кәсіби әскери қызметтерге ала беретінбіз. Енді өзгертулер ен­гізілген Үкімет қаулысы бойынша, тек шектеусіз жарамды азаматтар ғана еліміздің Қарулы Күштерінде жұмыс атқара алады» дейді Ғани Артықов.

Денсаулықтың дімкәстігі неден?

Бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылғандардың ілуде бі­реуі ғана әскерге жарамсыз болатын еді. Әскерге жарамсыз болып қалуды жігіттер кәдімгідей намыс көретін. Ал қазір «әскерге жарамсыз» деген сөзге елең етпейтін болдық. Жігіт­тердің де еті өліп кеткен. Намыстана бермейді. Тіпті, іштей қуанатын да секілді көрінеді кейде. Мүмкін, бұған теледидардан үнемі көрсетіліп жататын әскери саладағы жағдайдың да әсері бар шығар?!

Подполковник Ғани Артықовтың айтуынша, биыл көктемде әс­кер­ге шақы­рыл­ған­дардың 1203-і меди­ци­налық сараптамадан өтіп үлгерген. Соның 374-і ғана әскери қызметке жарамды деп танылып отыр. Ал те­реңдетілген дәрігерлік тексеруден өтуге 567 адам жіберілген. Жалпы, көктемгі әс­керге шақырылғалы отырған 8 мыңдай азаматтың 600-і ғана елі­міздің түкпір-түкпіріндегі әскери құрылымдарға азаматтық борышын өтеуге жіберілмек.

– Бұл жерде Отан алдындағы парызын өтеуге шақырылғандардың тек 600-і ғана әскерге жарамды екен деген ой тумау керек. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бүгінде әскер қатарына шақырылғандардың денсаулығына қойылатын талап қатал. Кейбір жігіттеріміз денсаулығын түзеуге байланысты осы жолы әскерден қал­дырылды. Оқу орындарында оқитын әскер жасындағы жастарымыз да бар. Заң бойынша бұлар да оқуын бітіргенше әскерден босатылады, – дейді Ғани Асылбекұлы.

Әрине, бұлардан өзге, шынымен де әскерге баруға денсаулығы жарамайтын азаматтар да бар. Мамандардың айтуынша, қазіргі жастардың арасында асқазан-ішек жолдары, көз аурулары, аяқ-табан сүйектерінің бұзылу сырқаттары жиі кездеседі екен.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан кешірді. Сапалы өнімдер өндіретін өндіріс ошақтары жабылып қалғанда, сауда орындарында Қытайдың тауарлары қаптап кетті. Қымбат киім сатып алуға қалтасы көтермеген ағайын қытайдың ар­занқол дүниелерін тұтына бастады. Соның ішінде ешқандай талапқа сай келмейтін жайпақ табан аяқ киім­дер де бар (қазір де толып жатыр).
Сол кезде Қытайдың бәтеңкесін киіп өскен ұрпақ бүгін әскер жасына жетті. Олардың арасында жалпақтабан ауруының көптеп кездесуінің бір себебін де дәрігерлер осы сапасыз аяқ киімнен көріп отыр.

Бүгінгі балалар компьютердің ал­­дынан шықпайды. Теледидар алдында да шамадан тыс отырады. Көз ауруларының көбеюіне осы себеп.
Сондай-ақ, «Кока-кола», «Пепси-коланы» шамадан тыс ішіп, гамбургер, чизбургер, донер-кебаб секілді дайын өнімдерді талғамай жеу де асқазан-ішек жолдарының ауруын асқынтып жіберген.

– Қазіргі таңда «чипсы», «кириешки» дегендерді мектептерде сатуға тыйым салынды. Оның бірден-бір себебі – осы тағам өнімдерінің адам ағзасына зияндығы. Бұлардың құ­рамында консерванттар тым көп. Адам ағзасы оны қалай қорытуды білмей, дағдарысқа ұшырайды. Шектен тыс семіздік, асқазан аурулары да осыдан келіп туындайды. Сондықтан баласының денсаулығын, болашағын ойлаған ата-ана мүмкіндігінше бұл тағамдарға баласын жолатпаған жөн, – дейді №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Елизавета Аман­шайқызы.
Дәрігерлердің бұл пікірін әскери азаматтар да растап отыр. Олардың айтуынша, кейбір әскер жасындағы жап-жас жігіттердің денесін май басып, іркілдеп кеткен. Керісінше, кейбіреулердің дене-бітімі кішкентай, өздері әлжуаз. Мұның бәрі, айналып келгенде, тамақтану режимін дұрыс сақтамаудан болатыны анық.

Алғашқы әскери дайындық мектептен басталады

Кейінгі кездегі әскери салада қолға алынып жатқан жұмыстар мен қабыл­данып жатқан заңдарға қа­рағанда, келешекте әскери қыз­меткер болу, әскери борышын өтеп келу – үлкен абыройлы, екінің бірінің қолынан келе бермейтін мансапқа айналатын секілді. Дұрыс-ақ. Әйтпесе, соңғы кездері әскери салалардағы ушығып кеткен түрлі жағдайлар жауынгер атаулының беделін түсіріп-ақ жіберді. Әскер десе болды, қит етсе қашуға дайын тұратын, болбыр, әлжуаз жігіттер елестейтін болды. Тіпті, қазақ сарбазы деген атқа лайық қара нардай жігіттер азайып кеткендей көрінеді. Ендеше, әскери азаматтардың беделін көтермесек болмайды. Әскерге шақырылғандарға техникалық білімнің, тепсе темір үзетін денсаулықтың, психологиялық дайындықтың қажет етіліп отырғаны да сондықтан.

Ал болашақ сарбаздың босбелбеу болмауы үшін ата-анаға көп жұмыс істеуге тура келеді. Балаларының бойына адамгершілік дәнін сеуіп,
еркек кіндікті елін қорғауға жарал­ғанын кішкентайынан құлағына құйып өсіру қажет. Күйбең тірші­лікпен жүрген ата-ана кейде бала­ларының тамақ режимін дұрыс сақтауына, бос уақытында немен айналысып жүргеніне мән беруді естен шығарып жатады. Мұның соңы баланың тәр­биесіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп жататын жағдайлар аз емес.

Бүгінде Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ, Қор­ғаныс министрлігі мектеп қабыр­ғасында алғашқы әскери дайын­дық пәнін оқыту жүйесін енгізді. Жастардың жауынгерлік әзірлігі негізінен осы кезеңнен бастау алады. Болашақ Отан қор­ғаушыларының қарым-қабілеті алғашқы әскери дайындық барысында дұрыс қалыптасуы ерекше ескеріледі екен. Елордадағы №54 мектеп-лицейдің әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушысы Ха­кім­жан Әділовтің айтуынша, сабақ бары­сында оқушылар түрлі әскери әдістерді, қару қолдануды, так­тика­лық тәсілдерді үйренеді. Төтенше оқиға кезінде өзін-өзі ұстау, жара­­ланған серіктесіне алғашқы меди­циналық көмек көрсетуді де мең­геріп шығады. Қазақстан Қарулы Күштердің құрылымымен және әскери жарғылармен де бастан-аяқ танысады.

– Калашников мылтығының макеті арқылы балалар қаруды қалай құрастыру керектігін де үйренеді. Біз, ең бастысы, болашақ сарбазды сайыпқырандыққа, жылдам, дер кезінде шешім қабылдай алатын алғырлыққа жетелейміз. Қазіргі өскелең жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы зор. Жақында оқушыларым медициналық тексеруден өтті. Бәрі де шымыр болып шықты, – дейді Хакімжан Серікұлы.
Әскери өмір – темірдей тәртіпті ғана емес, отансүйгіштікті де қажет ететін орта. Ел басына күн ту­ғанда қолға қару алып, елін-жерін қор­ғайтын азаматтар осындай пат­риот ұлдардан шығады. Ендеше, жігіт­теріміз жігерлі, намысы биік, бойына отаншыл сезімді сіңірген азаматтар болсын.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =