©2020 Астана Ақшамы
Бос уақытымды отбасыма арнаймын
Мұрат АХМАДИЕВ, ҚР Халық әртісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақстандағы ұлттардың бірлігі туралы не айтасыз?
Жақсыбек, тұрақты оқырман
– Әлбетте, Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім, бұл – ең алдымен, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясатының жемісі. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халықтары ассамблеясы да аталған үдерісте маңызды рөлге ие. Менің ойымша, қоғамды одан әрі ұйыта түсу үшін мемлекеттік тілді дамытуды насихаттауымыз керек. Өйткені, осы тіл біздің қоғамның дәнекеріне әрі ұлттық айшығымызға айналады. Мәселен, мен кенже ұлдарымды алдымен қазақ балабақшасына, одан соң, қазақ мектебіне бердім. Бүгінде, бұл мен үшін зор мақтаныш.
– Бір сұхбатыңызда Шәкен Аймановтың «өкіл баласымын» депсіз. Неліктен олай дедіңіз? Сол кісі туралы естелік айтып беріңізші…
Толғанай,
ҚазАТУ магистранты
– Шәкен аға – ұлы актер, режиссер, өз елінің ұлы тұлғаларының бірі. Ол кісі менің тұлға болып қалыптасуыма көп ықпал етті. Ол маған ұстаздан гөрі екінші әкем сияқты болды. Мен үш жыл бойы сол кісінің үйінде тұрдым. Сол жылдарда маған өз ұлындай қарады. Ол кісі туралы айта берсем, әңгіме таусылмайды. Әлі есімде, Ленинградта фильм түсіру кезінде дала жаңбыр болды. Менің жауында киетін киімім болмады. Ол кездерде баллонды күртелер қат болатын. Сол уақытта Шәкен аға мені қолымнан жетектеп, ГУМ-ға апарып, күрте алып берді. Мектеп бітірісімен Шәкен аға Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық курсына түсірді. Сол кездегі ректор Еркеғали Рахмадиевтің кабинетіне кіріп: «Ереке, Мұрат сенде оқитын болады» деді. Осылай хор дирижері бөлімінің даярлық курсының студенті атанған едім.
– «Қоңсы қоңыр қонған ел» атты кітабыңыз не туралы? Ол кітапты қайдан алуға болады?
Жанар, ЕҰУ студенті
– Кітапта Шәкен Аймановтың кинематография саласына сіңірген еңбегі, тұлғалық қасиеті, өмірлік жолдары туралы айтылады. Сондай-ақ, өзім куә болған ол кісінің кадр сыртындағы азаматтық қырлары туралы жазылған.
Кітап Астанада сатылды. Негізінен, бұл – коммерциялық жоба емес, ішті жарып шыққан дүние.
– Бірнеше фильмдерге түстіңіз. Кино алаңында болған қызықты оқиғаңызды айтып беріңізші…
Гүлжан, мұғалім
– «О чем молчала тайга» фильмін түсіру кезінде түскі ас кезінде мынадай бір қызық жағдай болды. Бұл алғашқы тәжірибе жинақтап жүрген кезім еді. Ол кезде орыс тілін жетік білмейтінмін. Біреу тамақ ішіп отырып, менің коктейліме шыбын түсіріп жіберді. Сол кезде мен қатты ашуланып, «Ты зачем в кактел зверь кладал!» деп айғайлап жіберіппін. Асханадағы барлық жұрт ду күлген болатын.
– Кезіндегі белгілі «Яшлык» ансамблінің белді әншісі болдыңыз. Сол топтың құрамында өнер көрсеткен әріптестеріңіз қайда жүр?
Дәркен, зейнеткер
– Біздің ансамбльдің құрамы жиі ауысып отыратын. Біреулер келіп жатса, кейбіреулері белгілі себептермен кетіп жататын. Олардың кейбіреуі бүгінде өмірде жоқ. Алғашқы құраммен он жылдай жұмыс істеп, бір концертте салтанатты түрде жаңа құрамға кезек бердік. Негізінен, біздің алғашқы құрам Қ.Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында жұмыс істеп жатыр. Ялхунжан Шамиев бүгінде ұйғыр драма театрының бас режиссері. Гүлбахар Ахмадиева – белді актриса, Махмутжан Дараев есімді азамат театрдың белді әртістерінің бірі, сондай-ақ, «Табассум» әзіл-сықақ бағдарламасының авторы. Марат Маметбакиев – «Нава» фольклорлық ансамблінің белгілі әншісі. Қаһарман Иминов – композитор. Былтыр ансамбль құрылғанына 35 жыл толған мерейтойын атап өтті. Кәсіпкерлікпен айналысып, театрдың құрылысына көп көмектесті.
– Өнер қанмен берілетін қасиет қой. Сіздерде жанұяларыңызбен өнер адамысыздар. Отбасыңыз туралы айтып беріңізші…
Сабира, кітапханашы
– Менің әкем өзінің шығармашылық жолын Құлжа қаласында бастаған. Сол жерде анаммен танысып, шаңырақ құрған. Әкемнің табиғат сыйлаған керемет әдемі дауысы болды. Тек ұлттық әндерді ғана емес, әр халықтың, түрлі сазгерлердің әндерін орындайтын. 1957 жылы Мәскеудегі Дүниежүзілік студенттер фестиваліне қатысып, лауреат атанған. Өзінің туған жері – Өзбекстанның халық әртісі. Бүгінде менің әкемді білмейтін бірде-бір ұйғыр ұлтының өкілі жоқ шығар. Ахмадиевтар әулетінің шығармашылық болашағы менің әкемнен тараған десем, артық айтқаным емес.
Ал, анам Тұранқыз Зайнахунова Талдықорған облысы Панфилов ауданының, Недек ауылында туған. Ол ұйғыр халқының ежелгі фольклорлық мұрасына аса ыждахаттылықпен қарайтын. Тез арада өлең құрастыра қоятын қасиеті де болатын. Халық әндерін тамаша орындады. Сондай-ақ, театрда драмалық бейнелерді сомдайтын. Өзінің алғашқы артистік жолында ол кісі өте танымал болды. Шанхай қаласында өткен Қытайдың театр әртістерінің сайысында лауреат атанған. Анам «Яшлык» ансамблінің репертуары жағынан маған көп көмектесті. Ұмытылып кеткен көптеген әуендерді қайта жазды. Бір сөзбен айтқанда, ата-анам мәдениет саласында өте танымал адамдар болды. Ал, Дильназ бен Дильшат та өнер саласында. Қазір Дильназдың өнердегі жетістіктері қуантады.
– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші…
Динара, оқырман
– Қазіргі уақытта отбасыммен Астана қаласында тұрамыз. Үлкен балаларым үйлі-баранды. Кіші қызым Малика Қытайда медицина институтында оқып жатыр. Кіші ұлдарым Абдрим 4-сыныпта, Диас 1-сыныпта оқиды.
– Сізді қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?
Мариям, оқытушы
– Қазіргі таңда Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығымен тығыз байланыстамын. Сондай-ақ, Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру және Қазақстан Республикасында орнатылатын
ескерткіштер мен монументтер
жөніндегі мемлекеттік комиссияларының мүшесімін. Осы салада халық қалаулыларымен бірге түйткілді мәселелерді шешуге жұмыстанып келеміз.
– Бос уақытыңызда айналысатын сүйікті ісіңіз не?
Мира, психолог
– Алла маған жас ортасына келгенде екі ұл сыйлады. Бос уақытымды солармен бірге өткіземін. Әсіресе, отбасымызбен қонақ күткенді жақсы көреміз. Жас кезімде футболды жиі ойнайтынбыз.
– Достарыңыз көп пе?
Айжан, қала тұрғыны
– Құдайға шүкір, қай салада болмасын достарым баршылық. Бірақ, бұл жаста адамның жанында тек адал достар ғана қалады екен. Мен кезінде жанымдағы қимас достар деп жүрген кей пақырлар кейін сыртымнан тас атқанын да көрдім.
Еркежан СӘТІМБЕК