Борышына адал адам

0 63

«Адамдар мәңгі тірі бола алмайды, бірақ есімі есте сақталатын адам бақытты».
Әлішер Науаи

Адамзат қоғамының тарихи даму жолына көз тастап, сараптап қарасақ, әр дәуірде, әр заманда, әр аймақта ортадан өз заманында ел бірлігіне, оның ынтымағына, қоғам дамуына еңбегі із тастайтын, келешек ұрпаққа өнегелі өмір жолын, өз есімін қалдыратын ардагер азаматтар болады. Міне, уақытында Баянауыл-Ертіс өңірінде денсаулық сақтау жүйесінің дамуына зор үлес қосқан тәжірибелі ұйымдас­тырушы, ардагер, абзал азамат – Әбдікәрім Төлегенұлы Қадыров тоқсанға келген шағында өмірден озды.Әбдікәрім Төлегенұлы 1932 жылы 1 қаңтарда Павлодар облысы Екібастұз кеңшарында дүниеге келген. Алматы мединститутын бітіргеннен кейін (КазНМУ им. Асфендиярова) 1956 жылы жолдамамен Павлодар облысының шалғайдағы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданына барып, еңбек жолын аудандық СЭС-тің бас дәрігері болып бастаған, бір жылдан кейін аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарады, кейін 1970 жылға дейін аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына он жыл ғана өтті, ал шалғай аудандардағы медициналық көмекті тақыр жерден бастап ұйымдастыру керек болды.
Аудан ауылдарында емдеу-алдын алу мекемелері, медициналық жабдықтар болған жоқ, дәрігерлер ғана емес, кіші медперсонал – медбикелер, фельдшерлер, санитарлар да жетіспеді.
Жас маман – бас дәрігер бірнеше апта бойы ауылдарды аралап, алғашқы тың игерушілерге медициналық көмек ұйымдастыру, медициналық кадрларды тарту, мектептерде, балабақшаларда, егістік басында және мал фермаларында санитарлық-ағарту жұмыстарымен айналысты.
Ауданда жұмыс істеген жылдары ол ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмектің тиімді жүйесін құра білді, әрбір елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пункттер, ірі селоларда учаскелік ауруханалар салынып, жабдықталды және іске қосылды. Осы еңбегі үшін Әбдікәрім Төлегенұлы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Жігерлі, болашағы зор маманды байқап, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері лауазымына Павлодарға шақырады. Сол жылдары Павлодар облысында туберкулезбен ауру, әсіресе ауылдық жерлерде, жаппай сипат алған кез еді. Қадыров өзіне тән қуатымен жаңа істі қолға алды – диспансерде 14 жыл жұмыс істеген жылдары ол жаңа аурухана корпустарын салдырып, ескірген жабдықтарды ауыстырды, өкпе ауруларын емдеудің жаңа әдістерін енгізді, аурухана аумағы мен іргелес көшелерге қылқан жапырақты ағаштар отырғызып, оны саябақ аймағына айналдырды.
Ә.Қадыров облыстың денсаулық сақтау саласында 54 жыл еңбек етті. Осы уақыт ішінде ол жоғары санатты дәрігерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп, отбасылық дәрігерлік әулетті құрды. Оның қызы – Еңлік Әбдікәрімқызы – әке жолын қуып, ізін жалғастыруда, бүгінде ол медицина профессоры, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, елорданың ірі клиникаларының бірінде директор орынбасары.
Зейнеткер бола тұра, ол Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығын құрды, онда 2010 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеді.
Әбдікәрім Қадыров өз ұжымының ғана емес, сонымен қатар ауданның, қаланың, облыстың қоғамдық-саяси өміріне үнемі белсене қатысатын.
Ол медицина қызметкерлері кәсіп­одағының Бүкілодақтық съезінің делегаты болып, аудандық және қалалық кеңестердің депутаты, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің алқа мүшесі болып сайланды, КСРО және Қазақстан Республикасының көптеген медальдарымен марапатталды.
Еңбек жолының жарты ғасырында Әбдікәрім Қадыров екі өңірде қызмет етті, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жеке зор үлесі үшін ол «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» және «Павлодар қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Мен «борыш» деген сөзді тақырыпқа кездейсоқ алған жоқпын: Әбдікәрім Қадыров – өзінің өмірлік парызын: адами, дәрігерлік, отбасылық борышын лайықты орындаған жан. Зайыбы Күлзиямен бірге олар 65 жыл тату-тәтті өмір сүрді, ең үздік отбасылық құндылықтар рухында еліміздің лайықты азаматтары болып отырған, 4 бала, 8 немере, 19 шөбере тәрбиеледі.
Ол өзінің бекзат мінезі, парасаттылығымен адамдарды еріксіз баурап алатын өте тартымды, сүйкімді адам болатын, еңбек жасаған ортада қадірлі, сыйлы болды.
Әбдікәрім Қадыров әріптестері, достары, туыстары арасында зор құрмет пен беделге ие болды. Адамды өлтірмейтін, есімін келешек ұрпаққа қалдыратын – көзі тірісінде жасап кеткен еңбегі, артында қалдырған ұрпағы, тіршілігінде өмір жолында араласқан азаматтардың ортасында құрмет пен сыйға бөленген, өзі болған ортада ынтымақ пен бірліктің негізін қалаған азамат.
Қорыта келгенде, Әбдікәрім ағамыздың өнегелі өмірі табиғат пен уақыттың өзіндей жүйелі тәртіппен өткен өнегелі өмір жолын қалдырды. Балаларының талабы бойынша өмірінің соңғы он жылында Әбдікәрім Қадыров елордада тұрып, осында жерленген. Оның өмірі – жас ұрпаққа үлгі, оның жарқын бейнесі – мәңгі біздің жүрегімізде.

Зайролла ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − twelve =