Борышкердің берешегі кешірілу керек пе?

0 68

Борышкердің берешегі кешірілу керек пе?Қазақстандағы әрбір екінші адамның басында несие бар. Ұлттық банк мәліметінше, былтыр қаржы институттары 14,6 триллион теңгеге қарыз ресімдеп, кредит алушы қазақстандықтардың саны рекордтық көрсеткішке жетсе, биыл 15102,1 млрд теңгені құрады. Несие төлеу үшін несие алатын әлеуметтің әл-ауқаты айтпаса да түсінікті. Қарапайым халық тоқтамайтын өсімпұлдардан шаршап, әділдіктен деген күдер үзіп, өмірден баз кешуде. Неге өз-өзіне қол салу көбейді? Неге еңсесі түскендер қатары көбейді? Ақыры несие дауы, 10 жылдық тартыс оқ атуға дейін апарды. Осы орайда белгілі экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы Сапарбай ЖОБАЕВПЕН сұхбаттастық.

1cc2700d29c486185764ca8b2e01b34b_XL

– Ақбұлақтағы оқиғаны еске алсақ. Ай мен күннің аманында бес адамның өліміне себеп болған қайғылы оқиғадан қандай сабақ алуымыз керек?

– Әрине, бұл өте өкінішті. Қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтамыз. Бұл жағдай қаржылық жүйеміздегі кейбір ақырына дейін жеткізбеген қатынастарды жетілдіру қажет екенін көрсетті. Несие беруде, мүлікті кепілге қойғанда, оны бағалауда да, коллекторлар жұмысында да шикі тұстардың барын дәлелдеп отыр. Екінші деңгейлі банктерде, микроқаржылық ұйымдар келісімшарт қағазында кейбір пайыздарды өте ұсақ әріптермен жазып қояды. Әсіресе, микрокредиттік ұйымдар осыдан 2 жыл бұрын қарыз алушы берешегін төлей алмаса, күніне 1 пайыз қосылады деп көрсететін. 1 пайыз былай қарағанда түкке тұрмайтын сияқты. Күніне 1 пайыз болса, жылына 365 пайыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова осыны 56 пайызбен шектеді. Үстемақыны 56 пайыздан төмендету микрокредиттік ұйымдардың тиімділігіне кері әсер етеді. Ондайда біз аталмыш ұйымдардан ажырап қаламыз. Бұл – халықтың аз уақытта, кепілсіз ақша алатын мүмкіндігі. Микронесиенің тиімділігін көріп отырғандар да жоқ емес. Егер несиені 30 пайызбен алса, қарызы 2-3 жылда еселеніп кетеді. Сондықтан халық несие рәсімдеп жатқанда оның пайызына, қандай тәуекелге барып отырғанына ойлану керек. Қаржылық сауаттылық керек бізге.

– Біздің елде борышкерлердің қарызы коллекторларға өткен соң, тіпті еселеніп кетеді. Коллекторлар борышкерге қайтадан несие рәсімдеп, жеке нотариус арқылы шешім шығартып, қарызды қайтару үшін істі сот орындаушыларға тапсырады. Көбіне несие борышкерлеріне қатысты жеке нотариустар заңды белшеден басып, екі жақтың пікірін тыңдамай, ақшалы ұйымның мүдесіне лайық үкім шығарады. Нотариустардың сот міндетін атқарып, біржақты шешім шығаруын біржола тоқтату мүмкін бе?

– Екінші деңгейлі банктер, микроқаржылық ұйымдардың коммерциялық екенін ұмытпауымыз керек. Яғни олар да кез келген кәсіпорын сияқты өз пайдасын, мүддесін жоғары қояды. Оларға қаржыны құрылтайшысы берген немесе халықтың депозитіне жұмыс істейді. Мәселен, былтыр қаржы институттары 14,6 триллион теңгеге қарыз ресімдеген деп айтып отырсың, біздің жалпы ішкі өніміміз 77 трлн болса, соның 14 триллионы, яғни 20 пайызы қарыз ақша. Соның жартысы – жеке адамдардың қарызы, бұл – өте қомақты қаржы. Қарыз алғаннан кейін оның өсімі барын ұмытпау керек. 7 триллион, оның 5 миллиарды­ның өзі көп ақша. Бұл – 1-2 пайызы ғана. Несиесін қайтармай жүргендердің көлемі 3-5 пайызды құраса да, бұл өте қомақты қаржы болып көрінеді. Ал қалған 95-97 пайызын халық қайтарады. Қазақстанда кедейшілік 5-ақ пайыз дейміз, бұл – 500 мың адам, бұл Қарағандының халқымен тең. Қазақстанға бөліп қарасақ, әрбір ауданда, әрбір ауылда 100-ге жуық адам қарызға белшесінен батқан дегенді білдіреді. Несие қатынастары өркениетті елдің алға жылжуын көрсетеді. Адам өлімі орын алды деп несие қатынастарын тоқтата алмаймыз. Себебі барлық кәсіпорын несиемен жұмыс істейді.

– Сот орындаушылар тарапынан берешегін кешіктірген борышкерге ресми хат жазып, ол қолына тимей тұрып, немесе онымен сөйлеспей, ескертпей жатып есепшоттарын бұғаттап тастау жағдайлары болады. Ел есепшотында ақша бола тұрып, жиырма мың теңгелік айыппұлын төлей алмай таныстарынан қарыз сұрап, зар жылап жүреді. Бұл әрекетті басқа жолмен шешуге бола ма? Мәселен, бірден банктік картасын бұғаттамай, әуелі шетелге шығу мүмкіндігін шектесе…

– Микрокредиттік ұйымдар, банктер істі сот орындаушыларға бергенге дейін 1 жылдай борышкердің арқасынан қуады. Ол төлейтін қаражаты болмағандықтан телефон тұтқаны көтермей, қашып жүреді. Берілген қаржы уақытында қайтпаса, микрокредиттік ұйымдардың табысы кемиді. Сондықтан олар істі орындаушыларға, коллекторларға жүгінуге мәжбүр болады. Қарызды бүгін жаба алмасам, ертең төлермін деп қазақшылыққа салынамыз ғой. Төлемді уақытында төлесек, онда мұндай оқиғалар азырақ болушы еді.

– «Мемлекеттің тендерін үптеп кеткен компаниялар банкроттық жариялай салып, бар жауапкершіліктен құтылып жатады. Сол сияқты жеке адамды да банкрот деп жариялайтын заң қабылдау қажет» дейді белсенділер. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Кәсіпорындардың банкрот жариялауы – ежелден келе жатқан тәртіп. Олар жауапсыз қалмайды, түбінде қарызын қайтарады. Кепілге қойған мүліктерінен айырылады. Кәсіпорын банкке өтіп кетеді. Ал жеке адамды банкрот жасау – өте күрделі мәселе. Бұл заң қабылданса, борышкер жартылай бас бостандығынан айырылады деген сөз. Ол жұмыс істеген күннің өзінде айлығын ала алмайды. Банкрот еткен ұйым сол жалақысын алып, берешегін төлеп тұрады. Қарызы бәрібір төленеді, кешірілу жағдайлары өте сирек кездеседі. Ол адам қайтыс болған жағдайда ғана кешірілуі мүмкін. Басқа жағдайларда борышкерді банкрот деп жариялап, мүлкінен айырады. Мәжбүрлі түрде жұмыс істетіп, жалақыңды ұстап отырады. Әсіресе, дамыған мемлекеттерде алимент төлемейтіндерге қолданылатын шаралар осы сияқты қатаң.

– Билік жиі несие алатын халықтың табысын арттыру үшін не істеуі керек? Экономикалық ахуалды қалай түзеуге болады?

– Осы мәселені айтып келе жатқанымызға биыл, міне, 30 жыл болды. Мемлекетімізді дамыған мемлекеттер қатарына қосу – өте үлкен мәселе. 1998 жылы 2030 жылға дейін 50 бәсекелестікке қабілетті мемлекеттер қатарына қосыламыз дедік, 2013 жылы бұл мақсатымыз орындалды, 45-орыннан көріндік. Енді 2050 жылға дейін 35 дамыған мемлекеттер қатарына қосылу мақсатымыз тұр. Сол деңгейге жетсек, еліміздегі қиын жағдайдағы халық саны 5-10 пайыз емес, 1-2 пайыз болып, өркениетті елдер қатарына қосыламыз. Экономикалық ахуалды қалай түзеуге болады? Бірінші, мемлекеттік меншіктегі коррупцияның көзі болатын квазимемлекеттік компанияларды азайту керек. Ұлттық компанияларды азайту керек, оларды жекешелендіру қажет. Себебі біздегі ұлттық компаниялар тендер өткізеді, бюджеттен қаржы алады. Жемқорлықтың ең негізгі ұясы – осылар.

– Микронесие ұйымдарының қызметі салдарынан мыңдаған қазақстандық зардап шегіп отыр. Қазір лицензиясы бар микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 1044 ұйым тіркелген. Лицензиясы жоқ, тіпті микронесие ұйымы ретінде арнайы тіркеуде жоқ болса да қарызға ақша беретін микроұйымдар жұмысына тоқтау болмай отыр. Микроқаржылық ұйымдардан мемлекетке келетін пайда қаншалық?

– Біріншіден, мемлекетке салық төлейді. Екіншіден, мұндай ұйымдар қаржыдан қысылған халыққа көмектесетін ұйым болуы керек. Банктер несие жүйесінің қан айналымын жүргізсе, ал микрокредиттік ұйымдар несие алушының кірісін, төлем қабілетін тексермей, қаржыны 5 минутта оңды-солды үлестіре береді. Микрокредиттік ұйымдарға халық мұқтаж. Оны мойындауымыз керек. Олар анау айтқандай салық төлеп жатпаса да, белгілі бір деңгейде халықтың қажеттілігін өтеп отыр деуге болады.

– Микроқаржылық ұйымдар өтініш бергеннің басында несиесі барын, жұмыссыз екенін біле тұра миллиондар береді. Бұл жағдайы онсыз да мүшкіл халықты тығырыққа тіреу ме әлде көмек пе? Микронесиелер тек тұрмысы тәуір азаматтарға берілсін десек, тағы болмайды. Өйткені оларға жүгінетін де сол қарызы көп қара халық. Бұған не дейсіз?

– Қаржы пирамидалары заңсыз жұмыс істесе, микроқаржылық ұйымдар заңмен жұмыс істейді. Микроқаржылық ұйымдар өтініш берген адамның басында бір емес, бірнеше қарызы барын көре тұрып, тіпті ол адам жұмыссыз болса да сұраған қаржысын оңай бере салады. Неге? Олар тәуекелге барады. Себебі олар 10 адамға қарыз берсе, соның 7-8-і қайтарады. Қарызын қайтарғандардың пайызынан 1-2 пайызды құрайтын қарызын қайтара алмай жүргендерге берген қаржыны өндіріп алады. Сосын 1-2 пайызды құрайтын қарызгер азаматтардың ісін коллекторларға арзанға сатып жібереді. Сондықтан микрокредиттік ұйымдар еш уақытта қиналып қалмайды. Олар несиені жоғары пайызбен бергендіктен, сол пайыз арқылы да табысқа кенеліп отыр.

– «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қорының төрайымы Маргарита Өскембаеваның айтуынша, өткен жылы суицидтің 17 пайызында қаржылық тарығу, кедейлікке қатысты мәселелер түрткі болған. Мәселен, Павлодарда жас жігіт ипотекалық несиесін төлей алмай, оныншы қабаттан секіріп кетті. Алматыда қарызға белшесінен батқан әйелдің жүйкесі сыр беріп, жындыханадан бір-ақ шықты. Шымкентте де қарызға батқан борышкер өз-өзіне қол салған. Неге елде өз-өзіне қол салу көбейді? Неге еңсесі түскендер қатары артты?

– Бұл жерде екі мәселе бар. Қарызға белшесінен батып, өз-өзіне қол жұмсау фактілері бұрын да болған. Қазір әлеуметтік желілердің арқасында мұндай жағдайлар ашық айтылып жүр. Негізінде, қазір халықтың тұрмыс жағдайы жақсы, өте төмен деңгейде емес. Бүгін қиналып тұрса, несие алса, ертеңгі күні жағдай жақсарып шыға келеді деп ойлайды. Жағдайға тура қарап үйрену керек. Банктен қарыз алып, күн көремін, той жасаймын деген ой орға жығатынын түсінетін кез келді.

– Жақында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов несиеге қосылатын үстемақы мен айыппұлды есептеуді 90 күннен соң тоқтату керек деген бастама көтерді. Осы мақсатта банктер мен микроқаржылық ұйымдарды кепілге қойылған үйді сатқаннан кейін ипотекалық қарыз қалдығын кешіруге міндеттеуді ұсынып отыр. Бұл сөздер естіген құлаққа жағымды, әрине. Дегенмен біздің елде бұл бастаманың жүзеге асуы, қолдау табуы қаншалықты мүмкін жағдай?

– Халық қалаулыларының ұсыныстарын біздегі қаржы ұйымдары қарап жатар. Несиеге қосылатын үстемақы мен айыппұлды есептеуді 90 күннен соң тоқтатса, біздегі қаржы жүйесіне қиын болады. Бастаманың іске асуы халыққа жақсы болғанмен, қаржы жүйемізге өте ауыр тиеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + six =