Бөрте – қазақ театрының жаңа келбеті

0 79

«Елорда төріне Түркістан музыкалық-драма театры гастрольдік сапармен келе жатыр. Бөртені қояды» деген әңгіме өнер сүйер қауымды елең еткізді. Қойылым Түркістан шаhарының жаңғырған рухынан, жаңа келбетінен хабар бергендей. Статикалық декорацияның орнын мультимедиялық контент басқан. Есесіне сахнада сабылыс болмады, сценалар «тігіссіз» алмасып отырды.

2111211220013252g

Драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков­тің «Бөрте» спектаклінде тарихи оқиғалар керемет суреттелген. Ұлы билеуші Шыңғысханның жары Бөрте ханым туралы қойылымда батыр ананың ел тарихындағы орны көрсетілген. Жаңа театрдың алғашқы қойылымының режиссері Италия маманы Карло Шаккалуга бұл қадамға үлкен дайындықпен келген екен. Әртістердің киімдері, сахнаның безендірілуі өте жоғары деңгейде болды. Рөлдерді сомдаған Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекзанар-Ханинга, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алихан Ыдрышева, Нұркен Өтеуілов, Еркебұлан Дайыров, Ақбота Рахат, Айя Шәріп және өзге де актерлер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Үш сағаттық қойылым жалықтыр­ған жоқ, керісінше, динамикаға толы. Көрермен бір деммен-ақ қарай алады. Басты рөлдердегі әртістердің ойыны шынайы. Сендіріп ойнай алды. Шыңғысхан мен Бөртенің бала кезінен бастап ұлы тарихи оқиғаларға араласу сәттерінен сыр шертетін спектакльге көрермен қауым оң бағасын берді.

Қойылымды көріп отырып қазақ театрының болашағынан үлкен үміт күтесің. Өйткені «Бөрте» театрдың жаңа деңгейін паш етті. Төбеден кәдуілгі жаңбыр мен қар жауды, сахнаға эскалатор жүргізілген, фон 3D графикамен әрленген, тіпті соғыстың айбарын көрсететін тұлпар күмістен жасалған.

Шыңғысханды Нұркен Өтеуіл шынайы сомдаған. Ал басты рөл – Бөртені сомдаған Ақбота Рахат өзінің кейіпкерін әр қырынан көрсете білді. Қыз балаға тән нәзіктік те болды, әйел затына ғана жарасқан қулық пен тапқырлық та, ұстамдылық пен сабырлылық та қатар жүріп отырды. Анаға ғана тән мейірімділік пен жанкештілікті де анық байқайсың. Қазақ әйелдерінен ғана табылатын өр мінез де бар Бөртеде. Бір сөзбен айтқанда, көрерменнің алдына нағыз қазақ әйелінің идеалы шыққандай болды.

Басқа актерлер мен хореографиялық труппаның да ойыны тәнті етпей қоймайды. Ал спектакльге арнайы жаздырылған музыка сол уақыттың атмосферасын дәл жеткізіп, кульминациялық сәттерге ерекше әр береді.

«Бөрте» қойылымын көру үшін ел-жұрт Германия, Түркия, Мәскеуден, еліміздің әртүрлі облыстарынан арнайы ұшып келіпті. Бұл да көрсеткіш. Ал қойылым алдағы уақытта Еуропаның төрт бірдей театрында сахналанатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + five =