Бөрісырғақ кезіндегі қарбалас

0 21

Қазіргі кезеңді қазақы ұғымда бөрісырғақ амалы деп атайды. Ақпан айы ортасынан ауған шақта келетін ол шамамен бір аптадан сәл аса уақытқа созылады. Сондықтан осы мезгілде боранның соғуы – қалыпты жағдай. Қыс қаһарына мінетін де осы кезең. Белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай мен Дәулеткерей Кәпұлы бұл амалды жырға қосқан.  Биылғы қыстың басынан елордада қар қалың жауды. Салыстыра қарайтын болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде қаладан 1 млн 900 текше метр қар шығарылса, қазіргі уақытқа екі еседен аса көп, 4 млн текше метрден астам шығарылды. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде, яғни күні-түні жұмыс істеп жатыр. «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 18 ақпаннан 19 ақпанға қараған түні жарты айлық жауын-шашын мөлшері түсті. Түнде 7 мм болса, айлық норма 15 мм құрайды. Ақпан айының басынан бері жауын-шашын мөлшері 33 мм құраған.
Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні қар тазалау жұмыстарына 1292 техника мен 156 жол жұмысшысы жұмылдырылып, 32072 текше метр қар немесе 2673 рейс қар шығарылған. Ал кеше қала көшелерін қардан тазартуға 1407 техника мен 1100 жол жұмысы тартылды. Жалпы осы уақытқа дейін барлығы 4110472 текше метр (325497 рейс) қар тазартылды.
Елордалық еріктілердің «Біз біргеміз» челленджі де жалғасып жатыр. Екі айдың ішінде оған 50 мыңнан астам адам қосылып, 100-ден аса отбасыға көмектесті.
Елорда волонтерлері штабының төрағасы Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, челленджге Қазақстан студенттерінің альянсы, «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриот­тық қозғалысы, Қазақстан жастарының конгресі, Астана медицина университеті, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, «Жас Отан» ЖҚ секілді ұйымдары қосылған. Қарды өз бетінше шығарып тастауға және полигонға шығаруға мүмкіндігі жоқ азаматтарға еріктілер көмектесуге дайын. Елордалық волонтерлер осы істерімен су тасқынының қаупін азайтуға да септігін тигізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды