Боранмен қарсы алып еді…

0 214

…Сол жылғы, иә, 1998 жылғы қаңтар-ақпан айының түтеген бораны әлі көз алдымда. Мені туысым Семетай күтіп алды. Менің өтінішіммен қаланың орталық көшелерімен жүріп, біраз жерін көрсетті. «Бұл саған бала кезімізде бұрқырата кешіп жүгіретін Отардың борпаң топырағы емес. Қаланың іші болған соң білінбей тұр. Ашық далада болса адамның өзін қадам жер жүргізбей, қаңбақша ұшырып әкететіндей күші бар» дейді. Қалай айтса да сөзінде шындық бар. Оны өзім де көріп келемін. Жол шетіндегі төбе-төбе етіп үйілген қардан шағын үйлердің шатыры әрең көрінеді. Онда да кернейден шыққан будақ-будақ түтіннен байқайсың. Көп қабатты ғимараттар тым аз екен. Онда да облыс орталығы болған кезде салынған үйлер болса керек.«Сәке, жыл сайын отанның қамбасына миллиондаған тонна астық құйдық деп жар салып жататын еді. Тың игерушілердің астанасы деген атағы бар. Сол байлықтың бәрі қайда кеткен? Қаланың сыртқы сыйпаты тым жұтаң ғой?» дедім. Семетай болса екі көзін жолдан алмайды, рульге бар кеудесімен жатып алыпты. Өйтпесе, басқа амал жоқ. Мынадай ені тап-тар, көктайғақ көшемен машина жүргізудің өзі бір қиямет шығар?
Біраз үнсіздіктен соң: «Сен қаланың дұрысталып, аз да болса ажарланған кезін көріп отырсың. Сонау, алпысыншы жылдардағы қаланың сиқын көрсең жаның түршігеді. Кілең екі қабатты ескі үйлер болатын. Үй-жәй деген аты ғана. Тұрмысқа қажетті еш нәрсе жасалмаған. Адам тұратындай емес, тіршілікке мүлдем қолайсыз. Әйтеуір, тың көтеруге келгендерді апарып соған тығатын. Анау белуарына дейін жерге шөгіп кеткен үйлер соның айғағы. Ал мына ғимараттардың көбісі атышулы Хрущевтың дәуірінде салынған. Ақмола атауын «Целиноград» деп өзгертіп, тіпті кейіннен солтүстік аймақтағы бес облысты бөліп алып астана жасаймыз деген де ойы болған екен. Онысы іске аспай қалыпты».
Семетай ұзын-сонар әңгімесін айтып әлі сөйлеп келеді. Менің ойым болса құстай қалықтап, өткен күндерге жетелеп ала жөнелді. Иә, сенің жер үсті, жер асты байлығыңды қандаладай сорып, өз қажетіне жаратуды ғана ойлайтын өктем саясаттан не сұрайсың? Мұнда біреудің жерін гүлдендіріп, елін көркейтейік деген ой жоқ. Болмаса тың игеруге бөлінген миллиардтаған қаржы осы бір қаланы келістіріп салуға аздық етті деймісіз. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен есіл дүние-ай!. Әйтпесе, тарихи атауын өзгертіп «Целиноград» деп атаған соң әлем таңқалатындай, бұл өңірде бұрын-соңды болмаған көрікті, ғажап қала неге салып бермеске? Көз алдыма өзім талай куә болған атышулы жылдар елесі тұра қалғандай еді.
Сайын далада сағымдай жосып жүрген көшпелі елдің санын азайтып, өрісін тарылту, түбінде кең байтақ жерін иелену деген жымысқы ой қай заманда да өз мәнін жоғалтпақ емес. Патшалық Ресей кезінде көшпелі елдің атам заманнан келе жатқан хандық басқару жүйесін жойып бүкіл қазақты біртіндеп қол астына қаратуы, ақ найзасын еппен алып, қолына күрек ұстатуы, бекіністер салып отырықшылыққа үйретуі сондай жымысқы әрекеттен туған нәрсе. Кеңестер дәуіріндегі Голощекин деген біреудің «ел аман, жұрт тынышта» қолдан жасаған ашаршылығы (кәмпескелеу), халық жауы атандырып қазақтың маңдайалды азаматтарын қырып салуы осының айғағы емес пе?
Арғысы сонау Иван Грозныйдан, бергісі Екатерина, Елизавета сияқты патшайымдардан басталатын осындай империялық саясат Хрущевтің тұсында тіпті ашық әрекеттерге көше бастады. Тың игеруді желеу етіп, миллиондаған адамды қазақ жеріне тоғытуы, оңтүстіктегі екі-үш ауданды, тап бір әкесінен қалған еншідей өзбек ағайындарға бере салуы нені көрсетеді? Тізіп айта берсең, мұндай кеудемсоқтық, өрескел жәйларды көптеп келтіруге болады.
Осының бәрін ой елегінен өткізіп үнсіз келемін. Семетай болса менің үндемей қалғанымды тоңып отыр деп қалса керек. Артына шұғыл бұрылып: «Қайта бүгін аяз аса қатты емес. Оның көкесін түнде көресің. Баратын жатақханаң жылы ма екен өзі? Болмаса үйге алып кетейін» дейді. «Жо-жоқ, рахмет! Мына жүгіммен әуре болмайық. Неде болса, сол жерге апарып таста».
Басымдағы құндыз бөркімді екі қолыммен нығырлай басып, тонның жағасын көтеріп қойып тағы үнсіз қалдым. Бұл қиял дегенді қойсаңызшы! Қас-қағым сәтте сені алып айға да, күнге де, таңдаған кез-келген жұлдызыңа жеткізе алады. Адамның ой-қия­лынан ұшқыр нәрсе жоқ-ау, сірә!. Қиялым мені тағы да елітіп алып, қазақтың құс қанаты талатындай шексіз-шексіз даласымен қиялай ұшып келе жатқан тәрізді.
Иә, не көрмеген дала бұл! Бір заманда айдарынан жел есіп, қаһарынан тау тітіркенген құдіретті ел болған дала. Дүниенің төрт бұрышына құрық сілтеп, ең күшті деген елдердің өзін уысынан шығармай, тырп еткізбей ұстаған дала. Соның бәрі тарихтың еншісінде, адами ой-қиялдың жетегінде ғана қалды. Ешкім келіп, кең байтақ даламызды, асқар тау, өзен көлдерімізді бір жаққа алып кеткен жоқ. Сол бағзы замандағыдай әлі тұр. Жерін тартып аламыз, табанға салып құл етеміз деп дәмеленген қандыкөз жаулардың не болғанын тарих жақсы біледі. Келді, даламызды оттай шарпып, одыраңдап біраз жүрді. Ақыры тұмсығына таяқ тиген бөрідей құйрығын қысып еліне зытты. Оның ішінде араб та, қытай да, моңғол да, қалмақ та бар. Иә, сол замандағы жеріміздің тұтастығынан, қаһарман мінезден, ынтымақ, бірліктен неге айрылып қалдық? Бұл енді сауалы көп, шексіз-шексіз ойларға жетелейтін ұзақ мәселе.
Міне, осындай киелі жерге ие боламыз, іргелі ел құрамыз, жаңа астана саламыз деп жұрт ағылып келіп жатыр. Солардың бірі болып, егемен еліме азды-көпті қызмет етсем соның өзі бір ғанибет.
Менің тәтті қиялымды: «Бәке, дәуде болса осы үй шығар? Қаланың ең шетінде екен. Мынадай ауа райында әрең жеттік» деген Семетайдың даусы бұзып жіберді. Жаңадан салынған ақ шағаладай үш қабатты үйдің алдына түсіріп кетті. Темекімді будақтатып біраз тұрдым. Ендігі тірлігім не болар екен?
…Кейін сұрастыра білгенім бұл ғимарат «Встреча» атты шағын ауданда Алматыдан келген қызмткерлерге арнап салынған жатақхана екен. Қызметтес, дәмдес болған жігіттердің біразы осында жүр. Бәрі де салт. «Үкімет беретін тиісті пәтерімізді күтіп жүрміз. Соған қол жетсе болғаны, отбасын көшіріп әкелуге әзірміз» дейді. Менің отбасыма осы жатақханадан екі бөлме бөлініпті. Жиһаздары судай жаңа. Тұрмысқа қажетті бұйымдардың бәрімен қамтамасыз етілген. Пәтер ақысы, телефон байланысы, коммуналдық қызметтер, бәрі-бәрі тегін. «Япырмай, ес білгелі мұндай жақсылық көрмеп едік. Мынау дегенің нағыз жұмақтың өзі ғой!» деп әзілдесіп жатар едік.
Жолсоқты болғаннан ба ертерек жатып қалдым. Бөлме іші, расында салқындау екен. Көрпенің сыртынан дубленка-тонымды жамылып қатты ұйықтап кетіппін. Түс көрдім. Түсімде әкем қасыма келіп: «Жүрші, балам. Біраз серуендеп қайталық. Сендерді көрмегелі көп жылдың жүзі болды. Сағынып жүрмін ғой» дейді. Баяғы сұңғақ бойы, ақ сақалы, қазақы өрнегі бар ұзын шапаны. Көз тірісіндегідей сол қалпы. Еш өзгермепті. Қолтығынан ұстап биіктеу төбеге қарай аяңдап келеміз. Айналаның бәрі көк-жасыл түске оранған қалың орман. Аласалау төбенің басына көтерілгеніміз сол екен, көз алдымда шатырлары көк тіреп, әйнектері күнге шағылысқан көп қабатты биік ғимараттар, мұнаралары мың құбылып сәуле шашқан еңселі мешіттер тұра қалды. «Әке, мынадай сәулетті мың бір түннің кітабынан ғана көруші едік! Мынау бір ғажап көрініс қой» деп мойнымды бұрғаным сол еді, жаңа ғана екі қолын созып, менің жүзіме күлімсірей қараған әкем ғайыптан пайда болғандай жоқ болып кетті. Көздерімді жұмып біраз жаттым. «Не деген ғажап түс! Дүниеден өткеніне жиырма жылдан асса да, қасыма келіп, басымнан сипап, аян бергені-ау бұл. Болашағым жаман болмас» деп ой түйдім.
…Түсімде әкем ертіп кеп көрсеткен ғажайып шаһар осы Нұр-Сұлтан болу керек. Көз алдымызда бойжеткен қыздай түрленіп, құлпырып әсем қалаға айналды. Еңсесі биік көркем ғимараттар, мұнаралары «алтынмен» қапталған ғажайып мешіттер тап сол түсімде көргендегідей көз тартады. Қас сұлудай елітіп талай ақынның, сазгердің жүрегін толқытып, шабытын оятқан астана. Ару қалаға арналған небір тамаша әндер, өлең-жырлар туындап жатты. Жасыратын несі бар? Сол лектің ішінде өзімнің де «қарайып» жүргенімді үлкен қуаныш, зор бақыт деп санайтын едім. «Ел бесігі-Есілім!» деген әнімдегі:
«Есілім шағалалы,
Көк майса сая-бағы.
Астана әсем ару!
Жағаңда таранады.
Астана кербез сұлу!
Тотыдай таранады» деген өлең жолдары сол кездері шыққан жүрекжарды туынды болатын.

Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 19 =