Болат АХМЕТОВ, Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы: ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

0 157

– Сәлеметсіз бе! Болат Иза­тул­ла­ұлы. Астана аумағы құрғақ далада орналасқандықтан, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаланы желден қор­ғауға ерекше назар аударуда. Жасыл желекті қорғау бойынш­а уәкілетті орган ре­тінде сіздер қандай іс-шаралар жүргізудесіздер?
– Қаланы орман ағаштарымен қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен жасыл белдеуді құру жұмыстары басталған болатын. Үстіміздегі жылы Астанадағы жасыл белдеменің жалпы аумағы 16 584 гектарды құрады, оның ішінде 11 502,2 гектар жерде орман ағаштары өсуде, онда шамамен 9,6 миллион ағаштар мен 1,8 миллион бұталы ағаштар бар. Астана қаласының аумағындағы жасыл белдеуді күтіп-баптау мақсатында 2005 жылы «Астана Орманы» ЖШС құрылған болатын.
Қазіргі уақытта, жасыл белдеу аумағында жануарлардан қояндар, ал құстардан қырғауылдар бар. Құстардың санын өсіру мақсатында «Астана орманы» ЖШС құстар­дың ішінде қырғауылдарды өсіруді таңдады. 2010-2011 жылдары 160 құс сатып алынды. Қырғауылдар белсенді көбеюде, үш жыл ішінде инкубация жолымен жұмыртқалардан 1210 балапан, олардың ішінде 762 -сі жасыл белдеу аумағына шыға­рылды. Жоғарыда аталған іс-шаралармен қатар, жасыл белдеуде тұрғындарға арналған демалу орындарын құру жұмыстары да жүргізілуде.  Осы мақсатта 2011 жылдың жазынан бастап жа­сыл белдеудің Оңтүстік-батыс аумағының №8 телімінде ені 3 метр, ұзындығы 4127 метр болатын және велошабандоздардың  демалуы­на ар­налған үш бесеткасы бар беті асфальтпен жабылған веложол салынды. Болашақта осы веложолдың ұзындығын 12 шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.

– Аты-жөнім – Айбек Жан­жігітов. Біздің елімізде әлі де болса сапасыз бензин сатушылар кездесуде. Осындай сапасыз бензин және дизельді жанармай сататын кәсіпорындарға қатысты қандай шаралар қабыл­данатын болады?
– Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне және «Мұ­най өнімдерінің жеке түрлерінің айналымын және өндіруді мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, уәкілетті орган Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен келісе отырып, мұнай өнімдерінің айналымы және өндірісі саласында адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға келтірілетін зияндылықты талдау және бағалауды жүргізеді, өндіріс­тік төлқұжаттарды бекітеді. Техникалық реттеу және метрология комитеті өз құзіреті аясында техникалық реттеу туралы заңмен бекітілген талаптарға мұнай өнімдерінің сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады.

– Қайырлы күн! Мен, Айбарша Батырбекқызымын. Елордамыздағы қоқыстарды қайта өңдеу кешені туралы білгім келеді. Мұнда қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау қалай жүргізіледі?
– Айбарша, Астанадағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешенінің құрылысы «Алтын-ТЕТ» ЖШС-нің инвестициялық қаржысы есе­бінен, испандық «Имабе Иберика» технологиясы бойынша жүзеге асы­рылды. Қайта өңдеудің жобалық қуаттылығы қалдықтардың жылына 250 мың тоннасын құрайды. Қайта өңдеудің айтылған үлесі 20-30 пайыз. Жобада қала аумағынан жиналатын барлық қалдықтарды сұрыптау және оларды екіншілік шикізат ретінде қайта өңдеу қарастырылған.
Бастапқы кезеңде 4 түрлі өнім, атап айтсақ, ПЭТ (полиэтилентерефталат) флекстерден жасалған беттік пластиналар, жылу ұстағыш материалдар (эковата), полиэтилен түйіршіктері, ПЭТ бөтелкелерден флекстер өндірілетін болады.
Жаңа полигон да испандық технология бойынша салынған, брикеттелген қалдықтар жаңа технологияларды пайдалана отырып сол жерде көмілетін болады: полигон ұяшығының түпкі жағы қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту үшін геомембранамен жабылған.

– Қаламыздың кей жер­лерінде жасыл желектерді кесіп немесе бір орнынан екінші орынға алмастырып, қайта отыр­ғызып жатады. Жасыл же­лектерді кесуге немесе қайта отырғызуға қандай жағдайда рұқсат беріледі?
– Жасыл желектерді кесуге немесе қайта отырғызуға рұқсат Астана қаласы мәслихатының шешімімен бекітілген «Астана қаласындағы жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережелерінің» негізінде жүзеге асырылады. Қала құрылысы құжаттамаларымен келiсiлген және бекiтiлген құрылыс объектiлерiн немесе басқа да орналастыру жағдайымен қамтамасыз етерде, инженерлiк көрiктендiру объектiлерiн жер үстi қатынастарына қызмет көрсетерде, сондай-ақ апат және төтенше жағдайларды жою­да, соның iшiнде инженерлiк көрiктендiру объектiлерiнде жасыл желектерді кесуге рұқсат беріледі.  Астана қаласындағы мемлекеттiк санитарлық-эпиде­миологиялық қадағалау органының тұжырымдамасы бойынша, тұр­ғын үй және тұрғын емес үй-жайлар нормативтерiне сәйкес, жарықтандыру деңгейiн орнына қайта келтiргенде, сонымен бірге жасыл желектердiң сапалылығын және түрлiк құрамын жақсарту қажет болған жағдайда да жасыл желектерді кесуге рұқсат етіледі.

– Астаналық Баян Дайыровамын. Менің мынаны білгім келеді: Бас қала полигонына өт­кен жылы қанша қалдық тасылды және осы жиналулар бойынша қандай да бір нормативтер бар ма?
– Баян, полигонға 2011 жылда барлығы 350 497,10 тонна қалдықтар тасылды. Атап айтар болсақ, «Астана Тазарту» ЖШС – 150 066,72 тонна, «Техсервис Астана НС» ЖШС – 75 258,20 тонна, «Астана-Тазалық» ЖШС – 18 059,18 тонна, құрылыс қалдықтары – 48 342,40 тонна, ішкі кварталаралық тазарту бойынша – 8 521 тонна қалдықты сыртқа шығарды. Жоюға жататын қалдықтар көлемін жоспарлау мәліметтеріне тұрғын үйлер және мәдени-тұрмыстық мәндегі объектілер үшін анықталатын тұрмыстық қалдықтардың жиналу нормасы жатады. Полигонда қабылданатын қалдықтардың тәуліктік көлемі: қатты тұрмыстық қалдықтардың 4000 текше метрін  немесе 800 тоннасын құрайды, соның ішінде шамамен 200 тоннасы құрылыс және өндірістік қалдықтар үлесінде, қалған 600 тоннасы қатты тұрмыстық қалдықтар үлесінде.
Астана қаласы тұрғындарының саны шамамен 750 мың адам деп есептейтін болсақ, орташа есеппен алғанда, әрбір астаналық күн сайын 0,01 текше метр  қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ)  шығарады, айына – 0,3 текше метр ҚТҚ, жылына – 3,6 м3 ҚТҚ шығарады. Осылайша, 2000 жылы қабылданып, одан әрі қарастырылмаған ағымдағы жинақталу нормасы адам басына жылына бар болғаны 1,1 текше метр ҚТҚ құрайды. Дегенмен, қала өсті, дамыды, шоғырланды емес пе. Тұрғындардың саны өсті, және соған сәйкес тұрғындардың шығаратын қалдық көлемі де өсті. Сол себепті, әкімдікпен қала үшін ҚТҚ жинақталуының жаңа нормасы әзірленді. Ендігі міндет – қоғамдық тыңдаулар өткізу, және ҚР Экологиялық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы жинақталу нормасын Астана қаласының мәслихатының шешімімен.

– Болат Изатуллаұлы, «Жасыл желек – жанға сая» деп жатамыз. Соларды қорғау аясында елорда тұрғындарына қандай ұсыныс бересіз?
– Сұрағыңыз орынды. Осы жерде жасыл желектердің бір адамға шаққандағы санын батыс елдерімен салыстырсақ, олардың саны бойынша біз бірнеше есе қалып қойғандығымызды атап өткім келеді. Егер батыс елдерінде бір адамға 22-25 ағаштан келетін болса, Астана қаласында 14 ағаштан келеді. Сондықтан, елордамыздың әрбір тұрғынын ағаштарды, гүлзарларды, бұталы ағаштарды, газондарды аялауға және газондар мен гүлдерді таптамауға сындырмауға шақырғым келеді, себебі ол – біздің флорамыз. Бақтарда болғанда қоқысты жақпаңыздар, темекі тұқылын тастамаңыздар. Табиғат – ортақ үйіміз. Сондықтан оған қамқорлық көрсетіп, күтіп ұстауға атсалысайық.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 8 =