Болашаққа қажетті мамандықтар қандай?

0 42

Қазіргі жастардың бізден әлдеқайда ақылды, алғыр екеніне сүйсінесің. Кейде олар біздей романтик, сезімтал емес көрінеді. Олардың көбі – прагматик. Көпшілігі біз сияқты тұрақты жұмысты қалай табуға болады деген уайымнан ада. Мысалы, шетелде оқып келген, ағылшын және қытай тілін меңгерген Арманның достарының арасында менеджер, жарнамашы, бағдарламашыдан бөлек, фрилансер мен жұмыссыздар да бар. Бірақ олар жұмыссыз қалудан қорықпайды. Әр кезде өздеріне лайықты кәсіп табады.

Қазір қолынан келген адамға әлеуметтік желіде отырып соңынан біраз топты ертіп, Тибеттің ең ұшар басынан жаңа түсірілген суреттерді ұсынып та пайда табуға болады. Бізге мұны қабылдау оңай емес, біздің жас кезімізде мұғалім мен дәрігер мамандығы ғана әрқашан сұранысқа ие болатындай көрінетін. Иә, бұлар шынымен де миллениалдар (2000 жылдар аралығында дүниеге келген мақсаткер, жаңаның бәріне құштар жастар), үнемі онлайнда отырады, сауданы да интернет арқылы жасайды. Бұлардан кейінгі, шамамен елу жылдан кейінгі буынның қандай қасиеттері басымырақ болатынын ойлаудың өзі қызық, себебі ол кезде бәрі өзгереді, мамандықтың да түр-түрі шығады екен.

Қиялдың бәрі шындыққа айналды

Ең әуелі олар киім мен ­компьютерге қажетті құралды ғана емес, ішетін асына дейін кез келген шетелден тапсырыс беріп, дронмен алдыруы немесе өзі дрон-оператор болуы мүмкін. Марк Цукербергтің айтуынша, көп ұзамай интернетті дрондар арқылы қосып, интернет-дүкендер тауарларды әуемен тасымалдайтын болады, келешекте осы ұшқышсыз әуе аппараттарының операторлары жоғары сұранысқа ие болады. Ғылым қарыштап дамуда, АҚШ-тың Флорида штатындағы Swamp Works корпорациясының инженерлері NASA тапсырысымен квадрокоптер жасады, аппарат өзге ғаламшарлардан пайдалы қазбаларды іздейді екен. Келешек жастар үшін смарт-технология ең түсінікті жүйе болмақ. Ол кезде «Ақылды қаланың» сәулетшісіне, яғни қаланың инфрақұрылымының сәйкес келуін жүзеге асыратын маманға сұраныс артады. Ал баламалы валюталардың маманы тіпті қадірлі болатын сияқты. Себебі болашақта банкирлер қажет болмай қалады екен де, халық дәл бүгінгідей доллар­дың курсына елеңдемей, биткойн секілді баламалы валюталардың рөлі жоғарылайды.

Он жыл ішінде не болуы мүмкін?

Ғалымдар жақын жылдары 239 жаңа мамандық пайда болады дейді, сәйкесінше бұрынғы мамандықтардың көбі қажет болмай қалады. Келешекте немерелеріміз блокчейн технологы, кибер зерттеуші, кибер адвокат, киборг нұсқаушысы, сандық аватар әзірлеушісі, сандық заңгер, жасанды интеллекттің әмбебап жасаушысы деген мамандық алады. 10 жылдан соң әлеуметтік желілер мен медиада визуалдық коммуникация үстемдікке ие болатынына күмән жоқ. Мұны Instagram-ның өсімінен де шамалауға болады. Digital саласының бейнелі тілін меңгергендер цифрлық мәдениетті дәстүрлі мәдениетке интеграциялай алатын өте қажетті мамандар болып шыға келеді.
Жақын күндері ғарыш сапарлары басталатынына ғалымдардың сенімі кәміл. Осыған байланысты ғарышқа сапарды қауіпсіз әрі қызықты ете алатын кәсіпқой мамандарға деген мұқтаждық пайда болады. Ғарыштық туризм саласының мамандары біздің ғаламшарымыздан тыс жерлерге апаратын турларды жүргізумен айналысады. Алдын ала жасалған болжамдарға қарағанда, 2030 жылға қарай Жердегі халық саны он миллиард адамға жететіндіктен, табиғи ресурстар барлығына жетпей қалуы мүмкін. Қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі инженерлер бүкіл дүние жүзінің флорасы мен фауна­сынан алынған үлгілерді пайдалана отырып, экологиясы нашарлаған жерлердегі экожүйелерді оңалтумен айналысады. Сонымен бірге, болжамға қарағанда, болашақтағы адамның тіндері мен ағзаларын қалпына келтіру мен ауыстыру үйреншікті құбылысқа айналып кетеді. Пластикалық операция, трансплантология дегенің де былай қалып, адам денесінің дизайнерлері биоинженерияны қолдана отырып, адамдар өздерінің түр-тұлғасы қандай болғанын қаласа, сондай қылуға көмектеседі.

Біз естімеген жаңа кәсіптер

Мамандардың айтуынша, болашақта 3D-принтерге басылған киімдер дизайнерін жұмысқа қуана қабылдайтын болады. «Естімеген елде көп» деген, қайтыс болған адамның әлеуметтік желідегі беттерін жүргізуші (digital death manager) деген де болады екен. Демек, оған да қажеттілік туатын болып тұр. Өміріміздің әр күнін толық құжаттап, ақпараттармен танысып, оны тиімді пайдалануға күш салатын жеке жылнамашы (personal life log archivist); көпшілікке қоғамдық маңызы бар жобаларды ұсына отырып, қаражат жинақтайтын краудфандинг жөніндегі маман (crowdfunding specialist); қажетті диета ұсынып, күнделікті және спорттық белсенділігіңізді қадағалайтын қызметтік тренер (quantified self personal trainer); оқушылар мен студенттердің өмірін қызықты ұйымдастыру үшін жұмыстанатын лайфхакинг жөніндегі кеңесші (hackschooling counselor); баспанаңызда жайлылық орнатушы (privacy consultant); видеограф (vicarious videographer) деп аталатын мамандықтар да болады екен.

Болашақтың адамы…ол қандай?

Жаңа заманның мамандығы әлгіндей болғанда, адамы қандай болады? Елестетіп көрейік. Әрине, өте білімді, жан-жақты, сандық технологияны меңгерген жастар болмақ. Сонымен бірге, өмірді қабылдауы, кей дүниеге көзқарастары да біздікінен мүлдем алшақ боларына күмән жоқ. Соңғы он жылда шетелдік психологтар көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізе келе, бақыт пен береке-молшылықты сезіну үшін ақшаны бірдеңе алуға емес, жаңа тәжірибелерге, саяхаттарға жұмсағанды жөн көретін жастар өсіп келе жатқанына назар аударған. Ендігі жерде қанша пәтер сатып алғаныңыз бен қанша көлікке ақша жинағаныңыз емес, адамды ерекше әсерге бөлейтін саяхаттарға шыққаныңыз немесе тұмса табиғатта қанша уақыт тұрғаныңыз маңызды. Жоғарыда біз айтқан миллениалдар пәтер мен көлік уақыт өте құнын жоғалтады, ал әсер өзіңмен қалады деп есептейді екен. Мысалы, жоғарыда келтірілген Арманның ақша туралы, жалпы материалдық игіліктерге қатысты пікірлері бізге кереғар. Оның келешекте баспана сатып алсам деген арманы жоқ. Көлік мінсем деп те ойламайды. «Уақытша пайдалана тұруға болатын мүліктер үшін екі-үш есе ақша төлеудің қажеті не? Бір жерден ипотекаға баспана алып, сосын оны төлеп болғанша қозғалмай отыруым керек пе? Көлік алсам, оны күн сайын 2-3 сағат қана айдап жүремін, ал 10 жылдан соң бәрібір қоқысқа апарып тастау керек болады ғой. Такси тұрғанда көлік алудың не керегі бар? Ең ыңғайлысы осы, көлікпен қоса жүргізушің бар деген сөз».
Біз қатарлылардың ұғымында жылжымайтын мүлік – өзін-өзі ақтайтын, қай уақытта да тиімділігін жоғалтпайтын мүлік. Қарап тұрсаңыз, бүгінгідей тұрақсыздық жағдайында өмір сүріп жатқан адам баласы әйтеуір қандай да болсын бір кепілдік береді-ау деген нәрсенің бәріне екі-үш есе ақша төлеуге әзір. Расында, біз сенімділік үшін соңғы ақшамызды беруге дайынбыз. Өйткені пәтер сатып алғанда біз ешкімнің ол жерден шығарып жібермейтініне сенеміз. Арман болса, керісінше, бүгінгі заманда үй болсын, көлік болсын, жалдап пайдаланған ыңғайлы, болашақта бәрі осыған көшеді дейді. Арманның достары да қарызға батып, бас-аяғын жеткізе алмай қиналғаннан гөрі ыңғайлылықты, қаржы жағынан болсын, жағырапиялық жағынан болсын, тәуелсіздікті басты орынға қоятын көрінеді. Міне, жаңа заманның жастары өзгерек. Сонымен, енді елу жылдан кейінгі жастарды қалай елестеттіңіз? Иә, олар біз секілді кеңсеге ерте келіп сегіз сағат жұмыс істемеуі де, бір айлыққа қарап отырмауы да әбден мүмкін. Оларда таңдау мол болады. Олар интернет-бизнесті басқарып отыратын е-commerce саласының менеджері немесе ұсыныстар мен ақпараттық қормен қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін қадағалайтын кеңесші, жеке цифрлы куратор, күн сайын денсаулығыңызды бақылауда ұстап отыратын арнайы маман, ұйымдағы не мекемедегі ахуалды реттейтін дезорганизатор, қалаларда көпқабатты ғимараттарда, жер астында өсімдік өсіру, бау-бақша баптауда кеңес беретін микро-фермер болуы мүмкін. Жаңа кезеңнің жастарында таңдау мол болмақ.

 
интернет материалдары бойынша дайындалды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 3 =