БОЛАШАҚ ОҚЫРМАННЫҢ БАБЫ БӨЛЕК

0 184

ERA_8103

Ұлттық академиялық кітапхана Білім күні өз оқырмандарын жағымды жаңалықтарымен тәнті етті. Кітапхана ұжымының осы күнге орайластырған шаралары әдеттегі қалыптасқан дәстүрден өзгешелігімен ерекшеленді.

Шаралар легі ғимараттың алдындағы алаңда басталды. Ашық аспан астында кітапхананың баспалдағына алқа-қотан жайғасқан жастар мемлекеттік стипендияның лауреаты, «Шабыт» жастар шығармашылығының халықаралық фестивалінің Гран-при иегері ақын Ерлан Жүніс жүргізген поэтикалық жарысқа қатысты. Олар арнайы ашылған «KiтапGift» аллеясының көрмесінде баспа әлеміндегі жаңа басылымдармен танысып, қалаған кітабын сыйлыққа алды. Мұнда танымал авторлардың жинақтарымен бірге шетел, орыс, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, ғылыми-техникалық, танымдық дүниелер де оқушыларын тапты. Көрмеге қойылған мағыналы мәтінді CD-дискілер де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Сонымен бірге, астаналық кітапқұмарларға қазіргі таңда кең тарап келе жатқан буккроссинг шарасы таныстырылды. «Өзің оқы да, өзгеге бер!» дейтін ұранмен қаруланған жас­тар кітаптың ерекше «айналымын» іске қоспақ. Оның тиімділігі әлемде дәлелденіпті. Енді оқырмандар өздері оқыған кітаптарды достарымен бөлісіп, жаңа басылымдармен осы кітапханада танысатын болады.

Осы күні республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаеваның бастамасымен балалар шығармашылығының орталығы ашылды. Елордалық кітапханалардың тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған мұндай орталықтың ашылуына бірнеше жайт себеп болыпты. Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандарының жасы да, әлеуметтік жағдайы да әртүрлі. Кейде балаларын жетектеп ата-аналар, немерелерін ертіп ата-әжелер келеді. Ересектер жағы кітап, газет-журнал, деректер қорын қарап, енді бірі интернетте жұмыс істеуге айналғанда, балалары зерігіп текке отырады. Одан қалды сол жағалаудағы ең ірі мәдени ошақтың жұмысымен танысуға әулетімен экскурсияға келетін қала тұрғындары мен қонақтары тағы бар. Сол себепті, сәбилердің алғашқы қадамын кітап пен білімге бастар «жол ашар» ету үшін балалар шығармашылығының орталығын ашуды жөн көріпті.

– Орталықтың негізгі міндеттері – балалардың рухани жетілуі мен тәрбиесіне барынша мүмкіндік жасау, оларды кітап оқуға баулу. Өйткені, балалар – бұл біздің болашақ оқырмандарымыз! Кітапханамыздың ең жарық залын балалардың игілігіне бөліп, оның жоғары талғаммен безендірілуіне мән бердік. Кең зал шартты түрде үш аймаққа бөлінді: шығармашылық, демалыс және ақпараттық аймақ. Олардың әрқайсысына көркем безендірілген кітаптар мен түрлі-түсті журналдар және ойыншықтар, жазып-сызып ойнайтын қалам-қағаздар қойылды. Яғни, келгендердің бәрі жас ерекшеліктеріне қарай еркін таңдау жасай алады, – деді Үмітхан Дәуренбекқызы орталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Бұл орталықтың мамандары балаларға арнап түрлі кездесулер, «Ұлттық кітапхананың оқырманы қатарына қабылдау» мерекесін өткізеді.

Ашылу салтанатына балаларын ерте келген ата-аналар рухани кемелдіктің кілтін осы жерде табатынына сенім білдіріп жатты. Ал, 2005 жылдан бері кітапхананың тұрақты оқырманы Қажек Есілбекұлы жаңа руханият мүйісіне құтты болсын айтып, оның жастарды тәрбиелеуде жақсы амал екенін атап өтті.

Руханият ордасында өткен мерекелік шаралардың соңында ақын, драматург, манасшы, кинорежиссер, актер Баянғали Әлімжанов «Ана тілім – дана тілім» шеберлік сабағын өткізді.

Ұжым қызметкерлері кітапқұмар қауымның қатарын көбейтіп, кітапхана жұмысын жандандыратын шаралар легі жыл бойына жалғасатынын айтады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + two =