©2020 Астана Ақшамы
Болашақ — біздің қолымызда
Кеше «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен елордадағы жұмыскер жастардың «Болашақ – біздің қолымызда» атты форумы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов, «Нұр Отан» ХДП елордалық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамбай Оралов және жастар қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын насихаттап, ұлт Көшбасшысының алға қойған міндеттері мен басымдықтарына жастарды жұмылдыруды мақсат еткен басқосу «Face of face» – «бетпе-бет» қағидатымен жүргізілді. Бұл форумға қатысушыларды сенімділік пен серпінділікке шақырды.
Жиында Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Талғат Рахманберді сөз сөйледі. Ол басқарма жұмысының жастар мәселесін шешудегі маңызын, тек болашақ мамандардың мүддесіне қызмет ететіндерін жеткізді. «Бүгінгі жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің сексен пайызы гуманитарлық мамандықтарды тәмамдаған екен. Ал, Президентіміз соңғы кездері кәсіби кадрлар даярлауға қатты көңіл бөліп жатқанынан хабардармыз. Астанада да құрылыс қарқыны толастаған жоқ. Яғни, техникалық, инженерлік мамандықтарды игеруге жастарды шақыру қажет. Басқарма осы бағытта және жастардың проблемаларын шешуде жұмыс жасайды деп сендіремін» деді Талғат Рахманберді.
Басқосуда Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің «Денсаулық, салауатты өмір салты – болашақтың кепілі» атты баяндамасы тыңдалды. Содан кейін, бірқатар мекемелер мен ұйымдар өкілдері сөз сөйледі. «Еркін микрофон» алаңы арқылы залдағы жастар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Бүгінгі буынның алдындағы түйткілді мәселелерді де әңгіме етті.
Форум соңында астаналық жұмыскер жастардың Қазақстан азаматтарына үндеуі оқылды. «Біздің әрқайсысымыз қол жеткізген жетістіктерімізді бағалап, азаттығымызды қадірлеуге тиіспіз. Ел тәуелсіздігі әркімнің еншісіне түсе бермейтін аса қадірлі бостандықтың синонимі. Алдымызда қанша қиындықтар күтіп тұрса да, олардан сүрінбей өтіп, келешегі зор, ұрпағы бәсекелестікке қабілетті мемлекетті сақтап қалу біздің қастерлі борышымыз, ең басты мақсатымыз» деген жастар үндеуде отандастарын Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруда күш-жігерімізді бірлесіп жұмсауға шақырады.
Асхат РАЙҚҰЛ