Боксшылар 9 лицензия алды

0 13

Иордания астанасы Амманда өткен бокстан Азия­лық олимпиадалық іріктеу турнирінде Қазақстан былғары шеберлері биыл Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға 9 лицензия алды.Қазақстан ұлттық құрамасы бұл жарысқа толық құрамда қатысты. Ерлер бәсекесінде 8 боксшы шаршы алаңға шықса, әйелдер жарысында 5 бұрымды боксшымыз бақ сынады.
Турнир қорытындысында жартылай финалға шыққан боксшылардың бәрі олимпиадалық лицензия алды. Бұл ретте ерлер сынында қазақстандық жеті боксшы және бір қызымыз Надежда Рябец (75 келі, Қостанай облысы) жартылай финалға дейін жетіп, Токио ойындарына баратын болды. Ал жігіттердің ішінен Серік Теміржанов (57 келі, Павлодар облысы) мен Абылайхан Жүсіпов (69 келі, Қарағанды облысы) жартылай финалда қарсыластарына жол беріп қойса, ең ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі, Қызылорда облысы) жарақатына байланысты жекпе-жекке шықпады. Осылайша бұл боксшылар олимпиадалық іріктеу турнирінің қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Сәкен Бибосынов (52 келі, Түркістан облысы) бесінші орынмен лицензияға ие болды. Ал кеше кешке финалдық жекпе-жектер өтті. Закир Сафиулин (6 келі, Шымкент) өзбек боксшысы Елнұр Абдураимовпен, Әбілхан Аманқұл (75 келі, Жамбыл облысы) филиппиндік Эумир Марсиялмен, Бекзат Нұрдәулетов (81 келі, Маңғыстау облысы) австралиялық Пауло Аокусомен, Василий Левит (91 келі, Нұр-Сұлтан) жаңазеландиялық Девид Ньикиомен алтын медаль үшін айқасқа түсті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды